Саясат

Болгарияның экс-президенті партиясының парламент сайлауында жеңіске жеткенін мәлімдеді

Болгарияның бұрынғы президенті Румен Радев 19 сәуірде өткен парламент сайлауында өзінің «Прогрессивті Болгария» партиясы жеңіске жеткенін мәлімдеді.

Румен Радев

Оның сөзін Bloomberg агенттігі келтіреді.

«Прогрессивті Болгария» айқын басымдықпен жеңіске жетті... Бұл – үміттің сенімсіздікті жеңуі, еркіндіктің қорқынышты жеңуі,  адамгершіліктің жеңісі», – деген ол журналистерге.

Радев Еуропа бәсекеге қабілеттілікке назар аударып, өнеркәсіптің құлдырауын тоқтатып, энергия ресурстарын арзан жеткізуді қамтамасыз етуі қажет екенін айтты.

«Қазір Еуропаға қажет нәрсе – сыни ойлау, прагматикалық әрекеттер және нақты нәтижелер. Әсіресе, жаңа қауіпсіздік архитектурасын қалыптастырып, өнеркәсіптік қуат пен бәсекеге қабілеттілікті қалпына келтіру маңызды. Бұл – Болгарияның еуропалық миссияға қосатын негізгі үлесі болады», – деді ол.

Сайлау нәтижелері мен саяси ахуал

Alpha Research дерегінше, «Прогрессивті Болгария» шамамен 44% дауыс жинап, парламенттегі 240 орынның 129-ына ие болуы мүмкін.

Ал негізгі қарсыласы – экс-премьер Бойко Борисов жетекшілік ететін ГЕРБ-СДС коалициясы 14% дауыс алып, шамамен 40 орынға ие болады. Bloomberg мәліметінше, Борисов жеңілісін мойындаған.

Сонымен қатар, Еуропарламент депутаты Валери Хайер бұған дейін Financial Times басылымына берген сұхбатында Радевті «Ресейдің троян аты» деп атаған.

Алайда сарапшылар Радевтің Венгрияның бұрынғы премьері Виктор Орбан секілді бағыт ұстанатынына күмәнмен қарайды.

Елдегі саяси дағдарыс

Болгария – парламенттік республика. Елде негізгі билік парламентке тиесілі.

Румен Радев 2017 жылдан бері президент қызметін атқарып, 2021 жылы қайта сайланған. Конституцияға сәйкес үшінші рет сайлауға түсе алмай, 2026 жылдың қаңтарында қызметінен кеткен.

Соңғы жылдары елде саяси тұрақсыздық күшейіп, 2021 жылдан бері бұл сегізінші парламент сайлауы болып отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз