Оқиғалар

Бір адамның тағдыры – тұтас қоғамның жауапкершілігі

Адамның өз өміріне қол жұмсауға дейін баруына көбіне бір ғана себеп әсер етпейді.

суицид

Анығында, психологиялық күйзеліс, жалғыздық, отбасылық немесе әлеуметтік қиындықтар, зорлық-зомбылық, буллинг, жұмыссыздық, қаржылық қысым, тәуелділік, психикалық денсаулыққа қатысты мәселелер және дер кезінде көрсетілмеген көмек өзара қабаттасып, қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін.

Сондықтан суицидтің алдын алу тек медицина саласының міндеті ретінде қарастырылмай, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдары мен отбасы институтының бірлескен жұмысына негізделген кешенді бағыт ретінде қарастырылып келе жатқалы қашан. Мысалы, жуырда Алматыда суицидтің алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссия құру туралы шешім қабылданды.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Пашимовтің айтуынша, бүгінде суицидтің алдын алу бағытындағы жұмысты бірнеше мекеме қатар атқарып келеді. Олардың қатарында Психикалық денсаулық орталығы, білім беру ұйымдары, полиция, әлеуметтік қорғау органдары және өзге де мемлекеттік құрылымдар бар.

Әлемдік тәжірибе де суицидтің алдын алу бір ғана мекеменің жұмысына сүйенбейтінін көрсетеді. Мәселен, кейбір мемлекеттерде денсаулық сақтау жүйесі мен мектептер арасындағы байланыс күшейтіліп, оқушылардың эмоционалдық жағдайын бақылау, дағдарыс белгілерін ерте анықтау және қажет болған жағдайда мамандарға бағыттау тетіктері енгізілген. Австралия, Ұлыбритания, Жапония секілді елдерде суицидтің алдын алу шаралары қоғамдық денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік саясат және жергілікті қауымдастық деңгейіндегі бағдарламалармен ұштастырылады.

Алдағы уақытта елімізде де осы тараптағы жұмыстар жүйелі жүргізілсе, суицидтің алдын алуда айтарлықтай нәтиже болары анық.

Сәруар Бақберген

Тегтер: суицид
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз