Бір жыл бұрынғы қаралы күн: Митталдан құтылғанымен, апаттан құтылмаған «Қармет»
Осыдан тура бір жыл бұрын, 2023 жылғы 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында Қазақстан тарихындағы ең ірі апат болып, 46 кенші көз жұмды.
29 қазанда жалпы ұлттық аза тұту күні жарияланды. Осыдан кейін ғана ел билігі 30 жылға жуық бар еркелігін көтеріп, бар былығына көз жұмып келген Лакшми Митталды «Қарметтен» қуып шықты.
Қарағанды металлургия комбинатын үнді миллиардері 1995 жылы су тегінге сатып алып (200 млн доллар), атауын «АрселорМиттал Теміртау» деп өзгерткен. 2023 жылға дейін онда көптеген апат болып, 200-ге жуық кенші қаза тапты. Мұнша көп апатқа инвестордың зауыт жабдықтарын жаңартпай, қауіпсіздік талаптарын белден басып, жұмысшылардың амандығын емес, қалтасының қамын ғана ойлағаны себеп болғаны анық.
2022 жылы компанияға тексеріс жүргізген төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіп қауіпсіздігін бұзуға қатысты 2 мың заңсыз әрекетті анықтап, оны тез арада түзеуді тапсырған. Бұған 2016 жылғы инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың «компанияға қатысты салмақты проблема мен сұрақтар бар» деген сөзін қосыңыз. Жергілікті халық та «кеншілер күнде өліммен бетпе-бет келетінін» айтып жүрді. Соған қарамастан, пайдакүнем инвестор мен селқос билік тырп етпей қойды. Ақыры 46 азаматтың өліміне әкелді.
Миттал «Қарметті» қалай ың-шыңсыз қайтарып берді?
Миттал Қазақстаннан өз еркімен кете салған жоқ. Мемлекетке «АрселорМиттал Теміртау» активін 3,5 млрд долларға сатып алыңдар деп талап қойды. Біршама келіссөзден кейін бұл сома 286 млн долларға түсті.
2023 жылы 8 желтоқсанда компанияның жаңа инвесторы – Allur Group директорлар кеңесінің төрағасыьАндрей Лаврентьев болғаны жарияланды. Кәсіпорын қайтадан Qarmet деп аталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, комбинатты сатып алуға қажетті 286 млн доллар мен ArcelorMittal алдындағы 700 млн доллар қарызды жаңа инвестор төлейді. Министр «бұл саудаға мемлекеттік бюджеттен бір тиын да жұмсалмады» деген сөзді астын сызып тұрып көрсетуді ұмытқан жоқ.
Келісімшарт бойынша Лаврентьев комбинаттар мен шахталарды жаңартуға 3 млрд доллар бөліп, қызметкерлердің жалақысы мен әлеуметтік пакеті бойынша міндеттемені мойнына алады. Ол жабдықтарды жаңарту үшін 2024 жылы 1,3 млрд жұмсайды деген ақпарат бар. Бірақ бұл ақшаға нақты қандай құралдар сатып алынып, қауіпсіздік мақсатында қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны жайлы ақпарат жоқ. Компания сайтында тек «кәсіпорын 45001 еңбек қауіпсіздігіне сәйкес сертификат алған» деп жазылыпты.
Шарлапаевтың айтуынша, ArcelorMittal-мен келісім «халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, құқықтық негізде жасалған». Ол инвестормен 11 раундтан тұратын келіссөз жүргізіп, соңында оны өз активін ың-шыңсыз өткізіп беруге көндіргенін айтты. Бірақ «ың-шыңсыз» дегеніне сену қиын. Активін әу баста 3,5 млрд долларға бағалаған Миттал қалайша оп-оңай 286 миллионға келіскені белгісіз. Шарлапаев әлемдік Forbes тізімінде Топ-100-ге кіретін миллиардерді қандай сиқырлы сөзбен «сындырғанын» айтқан жоқ. Сондай-ақ Шарлапаев Qarmet-ті не үшін бұл салада еш тәжірибесі жоқ, автоқұрастырушыға бергенін түсіндірген жоқ.
Андрей Лаврентьев «Қарметті» алғаннан бері не өзгерді?
Лаврентьев иелік етіп отырған Allur Group құрамына «СарыарқаАвтоПром» автоқұрастыру зауыты мен «Агромашхолдинг» ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауыт кіреді. Яғни Қазақстан үкіметі – «отандық автоөндіріс» деген желеумен миллиардтап қаржы бөліп, қолдап-қорғап отырған монополист автоқұрастырушылардың бірі. Біз бұған дейін елдегі автоқұрастырушылар көбіне шетелден дайын машинаны әкеліп, өзімізде кішігірім жұмыстарын ғана істеп, отандық өнім деген атпен сататынын жазған едік. Осы үшін олар мемлекеттен мол субсидия және әкімшілік қолдау алып отыр. Мысалы, сарапшылар елге кірген әр автомобиль үшін төленетін утиль алымы мен алғашқы тіркеу ақысы Лаврентьев сияқты автоқұрастырушыларға ғана пайдалы екенін айтып жүр.
Халық мемлекет қаржысына автомобиль құрастырып, оны өте қымбат бағада сататын «отандық автоөндірушілерге» наразы. Оған биыл жазда жарияланып, бір аптада 50 мыңнан аса қол жинаған утиль алымына қарсы петиция дәлел. Қажетті дауыс жиналғандықтан үкімет бұл петицияны қарап, соңында утиль алымынан бас тартуға негіз жоқ деген ескі уәжін қайталап, дауға нүкте қойған болды. Бірақ олар утиль алымы керек екеніне сендіріп, халықты райынан қайтара алатын дәлел көрсете алған жоқ.
Дәл осы петиция дауы кезінде әлдекімдер утиль алымын сақтап қалу жөнінде қарсы петиция жариялады. Сол кезде кей телеграм-арналар петицияға Qarmet қызметкерлерін күштеп қол қойғызып жатыр деген ақпарат таратты. Яғни Лаврентьевтің жаңа компаниясы ескі компаниясының сойылын соғып, сөзін сөйлеген.
Сондай-ақ биыл мамырда Qarmet компаниясы Қарағандыдағы көлік утилизациялайтын зауытты 4,1 млрд теңгеге сатып алды. Бұған дейін Әлия Назарбаеваға тиесілі болған зауытқа талас жүріп, іс сотта қаралғанын білеміз. Сол зауыт ақыры Лаврентьевтің қолына түсті. Яғни ол енді елде жаңа автомобиль құрастырумен ғана емес, екі автомобильді бұзумен де айналысады.
Ал «Қарметті» қалпына келтіру мақсатында Лаврентьев қандай жұмыс істегені анық емес. Кәсіпорынның түлеп-түрленгені жайлы қуанышты жаңалықтарды көзіміз шалған жоқ. Комбинат сайтында «Qarmet-ті қайтадан Қазақстанның мақтанышына айналдырайық!» деген ұраннан өзге нақты дерек кездеспеді. Компанияға хабарласып, жаңа инвестор қалай жұмыс істеп жатыр, кенішті жаңартып, еңбек қауіпсіздігін жақсартты ма деп сұрадық. Олар ресми сауал жіберуді сұрады. Біз ресми сауал жолдадық, газет беттелгенше жауап келген жоқ.
Биыл тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet металлургиялық комбинатына барған. Сол кезде «Қармет» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин өте ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз деп есеп берген. Олар биыл кәсіпорын ғимараты мен нысандар жөндеуден өтіп жатқанын, ал келер жылы басқару және гидравлика жүйесі жаңаратынын айтып, осы мақсатта 3,5 млрд теңге бөлінгенін хабарлады.
Бірақ «Қарметте» ұзақ жыл жұмысшы болған, қазір сол мекемеде күзет қызметін атқарып жүрген Кенжетай Байқожа комбинатта әлі ештеңе өзгермегенін айтты. Тіпті Тоқаевтың сапары барысында біршама көзбояушылық болды деп отыр.
«Кеніштегі жұмысшылармен байланысып отырамын, ондағы жағдайдан толық хабарым бар. Биыл металлургтар күніне орай үздік жұмысшыларға 7 автомобиль беруге уәде еткен. Бірақ марапат ашық өтпей, машина жоқ болды. Оларды кім алғаны белгісіз. Бұл жаңа бастықтың кезінде болып отыр. Яғни бұрынғы астыртын байланыс, жең ұшынан жалғасу әлі тоқтаған жоқ. Кәсіпорында бұрыннан келе жатқан келеңсіз әдіс бар – жұмысшы жараланса, жылы жабуға тырысады. Ешкімге айтпа, арызданба, өз бетіңмен емдел деп, ақша береді. Соның салдарынан жұмысшылар арасында мүгедектер көп.
Сондай-ақ бұрын комбинатта ең төменгі жалақы 70 мың теңге болатын. Мұндай ақыны күзетшілер алады. Бірақ соның 10 мыңын алып қалып, қолға 60 мың беретін. Оны зейнетақы қорына алмайды, өйткені күзетшілердің көбі зейнеткерлер. Ал жаңа жылдан бері ең төменгі жалақы 85 мыңға өсті, соның 15 мыңын қиып тастап, қолға 70 мың беріп жүр.
Тоқаев комбинатқа келгенде бұрынғыдай көзбояу жасап, жақсы жерді көрсетті. Көшедегі қоқыстарды қапшықпен орап қойып, жұмысшылар қоқыс тастайтын жер таба алмай қалды. Сөз алғандардың бәрі тек жақсы жағын айтып, мақтаумен болды. Президентпен кездесуде бірде-бір қарапайым шаруаға сөз берілген жоқ.
Кәсіпорында жұмысшылардың киім-кешегі, еңбек жағдайы әлі бұрынғыдай. Жаңа жабдықтар алып, техниканы жаңартып жатқанын да көрген жоқпыз, бәрі бұрынғы күйінде тұр. Жұмысшылар бұрынғыдай жұмыс істеп жатыр. Осындай кемшіліктерді айтқысы келетін азаматтар бар, бірақ бүгін наразылық білдірсек, ертең жұмыстан шығып қаламыз ба деп қорқады. Сол үшін көбі үнсіз отыр.
Лакшми Миттал тұсында комбинатта жұмысшы болдым, оны талай рет көрдім. Қазір іште жұмыс істеп жатқан жігіттерден жаңа басшы келді, жағдайларың жақсарды ма деп сұрасаңыз, жақсарып кеткен ештеңе жоқ, бәрі бұрынғыдай деп жауап береді. Өйткені ештеңе жаңармаған, ештеңе өспеген. Бірақ мүлде өзгеріс жоқ деп айта алмаймын, мәдени тұрғыда өзгерістер бар. Мысалы, Теміртауда ұрылар трамвай жолының жабдықтарын ұрлап, бүлдіріп кеткен. Жаңа инвестор сол темір жолды қайта қалпына келтіріп, жаңа жылға дейін іске қосамыз деп отыр. Сондай-ақ қаладан зауытқа дейінгі жолдың екі бетіне зауыттың тарихы жазылған үлкен тақталар қойылды. Суретте Дінмұхамед Қонаевтың суреті, жұмысшылардың алғашқы қызметі бейнеленген. Бұдан бөлек, демалыс орындарын салды», – дейді ардагер жұмысшы.
«Қарметтің» әлеуметтік желідегі парақшасында да тұрғындардың наразы пікірі көп кездеседі. Көпшілік «зауытты технологиялық тұрғыда жетілдіру керек», «Адамдарды бәрі жақсы және керемет деп алдаудан шаршадыңыздар ма?» деген сияқты ойларын жазып жатыр.
Миттал кетсе де, кісі өлімі тоқтаған жоқ
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл қаңтардан тамызға дейін өндірістік жұмыс орындарында 109 жұмысшы қайтыс болып, 809 адам жараланғанын хабарлады. Бұл – өте қорқынышты көрсеткіш. Осы статистиканың өзі елде еңбек қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмей отырғанын білдіреді.
Ал біз сөз етіп отырған Qarmet-тің өзінде бірнеше рет оқыс оқиға болып, қызметкерлер қаза тапты. Мысалы, биыл наурызда Саран шахтасында арнайы жабдықты жөндеу кезінде 1980 жылы туған жұмысшы жарақат алып, көз жұмды. Оқыс жағдайға жабдықты бекіткен болттың үзіліп кеткені себеп болғаны айтылды. Сондай-ақ 14-қазанда дәл осы Саран шахтасында апат болып, 3 адам зардап шекті. Яғни жаңа инвестор келсе де, «Қармет» қызметкерлері қауіптен құтылған жоқ.
Тіпті былтырғы 46 адамның өмірін жалмаған алапат апат та ел есінен көтеріле бастады. Сол кезде Митталды жағасынан алардай шулаған көпшілік тынышталып қалды. Билік те даудан құтылғанына қуанып, өндіріс орындарындағы қауіпсіздік талаптарын айтпайтын болып алды.
Биыл 20-тамызда Қарағандыда Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілерге ескерткіш орнатылған. Ескерткіштің ашылуына келген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кеншілердің еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс жағдайын жақсартуды мойнына алатынын айтты. Бірақ сол тамыздан бері де бірнеше оқыс оқиға тіркеліп, адам шығыны болды.
Қуаныш Қаппас