«Бұл жерге жиендерің жаяу келді». Әлтаев сынаған ақын қырғыз президентіне не айтты (видео)
13 тамызда Чолпон-Атада көкпардан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтіп, оған қырғыз президенті Садыр Жапаров қатысқан екен.
Сол жиында Біржан Қалдыбаев деген қазақ ақыны ортаға шығып, Жапаровқа жыр арнаған көрінеді.
Ал Жапаров «қырғыздың жиенімін» деп жырлаған Қалдыбаевқа тұлпар мінгізіп, сый көрсетіпті.
Ақынның жыр арнап, башының ат мінгізуі адам таңғалатын жағдай емес, бұрыннан бар дәстүр. Бірақ біз сөз етіп отырған жай сәл басқаша көрінеді. Белгілі айтыскер ақын, мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев facebook парақшасында Біржан Қалдыбаевты сынға алды.
Ол кісінің айтуынша, Қалдыбаев Жапаров алдында көркемдік деңгейі төмен жыр айтқан. Оның үстіне қырғыз жұртынан ат мінгізуді ашық сұраған.
«Мынау Біржан деген ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ. Мәселе бұл жігіттің танымал болмағанында емес. Егер кесек ой айтса, көркем өлең өріп нақышын келтіре сөйлесе, тіленіп ат сұрамаса, тілеуін тілеп тек қуанар едік», — деп жазды Әлтаев.
Біз әлеуметтік желіден Біржан Қалдыбаевтың Жапаров алдында айтқан арнауын тауып, тыңдап көрдік. Бізге де өлеңнің ұйқасы, ойы және көркемдік деңгейі нашарлау көрінді. Назарларыңызға сол арнаудың бірнеше шумағын ұсынайық.
… Ақынның асқақтасын асқақ әні-ай,
Көтеріп жұрт көңілін тастағалы ай,
Ағайын, жиналып болсаңыздар,
Отырмын мен сөзімді бастағалы ай.
Қырғызстан дейтін менің бар туыс елім,
Жатыр алып дүниенің бар әлемін.
Бұл далада бабамның қаны төккен,
Бұл далада апамның жасы төккен,
Бармысыңдар қырғыз елі шапалақты ұр,
Біржандай жиенің келіп тұр.
Айналайын Садыр ағам, алтын ағам,
Алтыннан да қымбат маған парқың, ағам.
Қырғыз үшін еңбек етіп аянбастан,
Сіз жүрсіз бар еңбекті сарқып ағам.
Садырдай нағашым, айналайын, жасай берсін,
Көгінде кең даламның жайнай берсін.
Бауырында Садыр ағам ойнап-күліп,
Қырғыз елі қартаймай жасай берсін.
Айналайын Таласым Талас қой ой,
Таластай ағамды жаман дегім келмейді,
Ол кісінікіндей айыр қалпақты ешкім кимейді,
Қалпағының қалыңдығы соншалықты,
Басына өмір-бақи суық тимейді.
… Әртүрлі құлын туар әр биеден,
Баланың жақсы-жаман тәрбиеден.
Бақдәулеттей, Сәбитұлындай ағамды өмірге алып келген,
Айналдым анадан, әкеден мен.
Ғани қажы, Ғалым Айтбаев ағаларым жасай берсін,
Қазақтың көк туы жайнай берсін,
Елдің намысын көтерген ағаларым,
Мәңгі қырғызбен дос болып, жайнай берсін.
… Президент Садыр аға сәлем бердік,
Тоқаевтың сәлемін ала келдік.
Екі елдің достығына күмән жоқ қой,
Мына іс-шараға оң деген баға бердік.
Бұл жерге жиендерің жаяу келді,
Жаяу келгені соншалықты баяу келді.
Садыр ағам бір тұлпар мінгізеді деп,
Осы іске жиендеріңіз илана келді.
Қырғыз-қазақ бір туған,
Шапалақ ұрып отқан ағаларым,
Аспандай жұлдыздарың жана берсін,
Шапалақ ұрып отқан жеңгелерім,
Ай сайын бір ұлдан таба берсін,
Шапалақ ұрып отқан аталарым,
Пенсиясын ай сайын ала берсін,
Ал шапалақ ұрпай отырған апалардың,
Шалдары бір-бір тоқал ала берсін ...
Қазақстаннан келген ақынмын деп қолына домбыра алған Қалдыбаевтың өлеңі осындай болыпты. Бағасын оқырман берер.
Арнаудың толық нұсқасы: