Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Біз білмейтін Иран

Жәнібек Көпжасар
Фото: Жас Алаш

Израиль мен Иран арасындағы соңғы шиеленіс жағдайына байланысты Jas Alash Youtube арнасыстудиясына ирантанушы Жәнібек Көпжасарды шақырды.

 Ирантанушы ретінде Жәнібек Көпжасар Иран мен Израиль қарым-қатынасының тарихы мен қазіргі ахуалын, Иранның әскери және ядролық әлеуетін, елдегі саясат пен халықтың көңіл күйін талқылайды. Сонымен бірге Ормуз бұғазы сияқты стратегиялық мәселе мен Иран қоғамының әлеуметтік-мәдени дамуы жайлы тың деректер ұсынады. Бұл сұхбат бүгінгі шиеленісті түсінуге септігін тигізеді деген ойдамыз.

Иран мен Израиль арасындағы соғыс қай кезден басталды?

Иран мен Израиль арасындағы соғыс Ислам революциясы орнаған 1979 жылдан басталады. Сол кезден бастап Иранға келген молдалар режимі Израильге қарсы. Үнемі жұма намазынан шыққаннан соң «Израильге өлім» деп ұрандап, туын өртеп жатады. Оның үстіне Израиль елін «қолдан жасалған ел» деп мойындамайды. Бірақ кейінгі жылдары Израиль Ираннан шынымен қауіптене бастады. Өйткені Иран уран байытуды жалғастырып, ядролық қаруға ие болып кете ме деп қауіптенді. Алайда Иран ядролық қаруды таратпау жөніндегі ұйымға мүше. МАГАТЭ-нің инспекторлары келіп олардың ядролық нысандарын тексеріп отырады. Сондықтан бұл Израильді тежеді. Соғысты қазір аяқ астынан басталды деп жатырмыз ғой. Негізі бұлай айтуға келмейді. Себебі Израиль бұған былтырдан бастап дайындалды. Мысалы, былтыр Палестинаны бомбалай бастады. Газаны жойды, ХАМАС ұйымының басшысын Тегеранда жарып жіберді. Хезболламен соғысып, басшысы Насралланы да өлтірді. Йемендегі Хуситтерді бомбалады. Сирияны толығымен басып алды. Сөйтіп Иранды қолдап отырған топтардың көзін жойды, Иран жалғыз қалды. Содан соң ғана ұзақ дайындалып, жақында бомбалауды бастады.

Ал енді соғыс тоқтады деп жатыр. Алайда екі жақ та бір-бірін бомбалауды қояр емес. Алдымен Израиль Иранды «зымыранмен шабуылдады» деп айыптады. Тек Трамп айтқаннан соң ғана барып соғыс тоқтады. Соған қарағанда екі жақ келіскен сияқты. Бірақ мына соғыс мұнымен тоқтамайды. Сарапшылар да айтып жатыр, соғыс әлі жалғасады. Өйткені Израиль өзінің толық мақсатына жеткен жоқ. Иранда режим бәрібір қалды.

Иранның армиялық әлеуеті қандай?

Иранның Израильмен соғысуға шамасы жетеді. Бейресми түрде Израиль ядролық қаруға ие мемлекет. Егер сол жағын алып тастап қарайтын болсақ, Иран мен Израиль бұл соғыста бір-бірін жеңе алмайды. Иранның әскери әлеуеті сол аймақта жоғары. НАТО-ға мүше Түркияны алмағанда Таяу Шығыста Израильмен текетіреске түсе алатын жалғыз ел – Иран. Иранның әскери санкцияларға байланысты ұшақтары ескі. Тек шах билеп тұрған уақытта АҚШ-пен арасы жақсы еді. Сол кезде Ғ-35 әскери ұшақтарын осы елден алды. Ол кезде бұл ұшақтар АҚШ-пен Иранда ғана болды. Иран-Ирак соғысында да америкалық ұшақтар Иракты жеңуге көп көмектесті. Қазір де осы ескі ұшақтарды пайдаланады. Басқа жаңа ұшақтары жоқ. Ресей 20 шақты жаңа әскери ұшағын бергенімен, мамандарын берген жоқ. Құрал-саймандарын да бермеді. Енді Иранда оны басқаратын ұшқыш жоқ. Қазір бұл ұшақтар Иранда тұр. Кешегі қақтығыста олардың жойылғаны туралы ақпарат шықты. Иран тарапы оны ресми растаған жоқ. Иран бұдан бөлек Ресейден С-300 әуе қорғаныс жүйесінің біреуін ғана алды. Иран Ресейге С-400-дің ақшасын төлегенімен, Ресей оны әлі бермеді. Иранның басқа елмен соғысуға қауқарлы күші тек баллистикалық зымырандарының арқасы. Өйткені зымырандарды өзі өндіреді, өздері жасайды. Ресейдің Украинаға басып кіргені кезінде Иранның Shahed зымырандарын сатқаны белгілі болды. Mohajer деген 1500–3000 шақырымға ұша алатын зымырандары бар. Бұдан бөлек, әскери катерлері жақсы дамыған. Теңізге бомба қоюды жақсы меңгерген. Осы жағынан қарасаң, әскери қуаты мықты. Бірақ әуе соғысында әлсіз. Оны кешегі 12 күндік қақтығыста да көрдік. 1-2 күн ішінде ирандықтар әуе шабуылында басымдықты Израильге беріп қойды. Өйткені жаңа айтқандай, ұшақтары ескі. Болған күннің өзінде де олар Израильмен әуе кеңістігінде еркін соғыса алмайды. Себебі Иранды қоршаған елдердің барлығында АҚШ әскери базалары орналасқан.

Иран билігін халқы қаншалықты қолдайды?

Ирандағы режимді халықтың 70-80 пайызы қолдамайды. Бірақ діни жағынан сионистерді Иранның жау көруі баяғыдан келе жатыр. Екі ел де дінге негізделген мемлекет. Бұл соғыс басталғанда Иран халқының басым көпшілігі «бірігуіміз керек, ал басқасы Иранның ішкі мәселесі. Режимді құлату біздің қолымызда. Сырттан күш келіп, режимді құлатып, өзінің қуыршақ адамын әкеліп қою – ирандықтардың мүддесіне қайшы» деп санады. Кейбірі «АҚШ көмекке келіп, мына режимді құлатып берсе» деп те тілек білдірді. Сосын, әлбетте, режимді қолдайтындар да болды. Олардың көбі діни фанаттар. Олар Иранда тек Ислам мемлекеті үстем құруы керек деп есептейді. Аятолла Хаменеиді қолдайды. Осылай соғыс өрті тұтанғанда халық үшке бөлінді. Ал билік сырттан жау келгенде халықты біріктіруге тырысты. Израильдің соғысын Гитлердің Польшаға ескертусіз басып кіруімен салыстырды. «Гитлерден таяқ жеген еврейлер әлі сабақ алмапты» деп жатты. Қазір соғыс аяқталғасын билік халықтың басын біріктіруге тырысып жатыр. Олар да халықтың көбі оларды қолдамайтынын түсінеді. Бірақ «ортақ жау келді, бұлар мені де сені де аямайды» деп халықты бірлікке шақырып жатыр. Алайда бәрібір де қазіргі режимді халық қолдамайды. Әлеуметтік желіден көріп отырған митингілер биліктің қолдан ұйымдастырып отырған шаралары.

Ал Араб елдеріне келетін болсақ, олар екі оттың ортасында қалды. Иранды қолдайын десе, оның күшейіп, сол аймақтағы негізгі мемлекет болғанын қаламайды. Ал Израильді қолдайын десе, олар Палестина халқын қырды, Арабтармен жау ел. Сондықтан олар қай мемлекетті қолдауын білмеді. Тек сыртқы істер министрлігі дәрежесінде Израиль мен АҚШ-тың әскери операциясын айыптаумен ғана шектелді. Бірақ Сирия, Йордания, Ирактағы АҚШ-тың әскери базалары Ираннан Израильге қарай ұшып шыққан зымырандарды қағып тастап отырды. Ал көрші мемлекеттердің халқы негізінен Иран жағында болды. Әсіресе Израильдің Газа секторындағы ойранынан кейін көптеген елдер, оның ішінде біздің елдің кей азаматтары да Иранды қолдады. Мұның бәрі Палестинадағы соғыстан кейінгі жағдай деп есептеймін. Ал Иран билігі «өз күшімізбен Израильге қарсы тұрамыз» деп мәлімдеді. Хаменеи «Иранды қолдайтын мемлекеттер бар. Олар бізге көмек қолын созды. Бірақ біз қазір ешкімнен көмек сұрамаймыз. Әскери әлеуетіміз жетеді. Жағдай ушығып жатса көмектесетін елдер бар» деді. Иранды бомбалаған кезде АҚШ-ты айыптаған елдерді олар өздеріне жақын тартып отырды. Біздің сыртқы істер министрлігі де АҚШ ядролық нысандарды бомбалаған кезде «Иран бізге көрші мемлекет. Ынтымақтастықты бұл елмен арттырып келеміз. Сондықтан бұл аймақтағы тұрақсыздық бізге тиімсіз. Бұл мәселені дипломатиялық жолмен шешуді қалаймыз» деді. Мұны ирандықтар Қазақстанның достығы деп қабылдады. Кейбір мемлекеттер үндеген жоқ. Мысалы, Иран көп үміт күткен Ресей Қазақстан дәрежесінде ғана сыртқы істер министрлігінің мәлімдеме жасауымен ғана шектелді. Ал олар Путиннен көп көмек күтті. «Украинадағы соғысқа қаншама дрондарымызды бердік, бізге керек кезінде көмектеспеді» деп ирандықтар Ресейге ренжіп отыр. Тек қана халық емес, билік деңгейінде де реніш білдірген.

Иран ядролық қару жасауға қауқарлы ма?

Иранның «уранды байытуды 60 пайызға жеткізді, алдағы уақытта оны 90 пайызға жеткізіп, ядролық қару жасайды» дегенін екі тұрғыдан қарауға болады. Біріншіден, АҚШ-тың Натанздағы, Форда мен Исфахандағы ядролық нысандарды бомбалауы. Бұл жердегі көп зардап шеккен – Натанз. Бұл нысан толығымен жойылған болуы мүмкін. Ал Фордодағы ядролық нысан 90 метр тереңдікте орналасқан. Кей мәліметтерде АҚШ бомбалары 60 метр тереңдікке жете алады дейді. Оның үстіне, ирандықтар АҚШ-қа алдын ала ескерткені үшін рақмет айтты. Сондықтан Иран АҚШ бомбаламай жатып, байытылған уран қорын басқа жерлерге жасырып қойған болуы да мүмкін. Иран кейінгі 10 жылда жалпы ішкі өнімінің біраз бөлігін қару жасағанға бөліп отырды. Уранды 60 пайызға дейін байытуға қол жеткізді. Ал Иранның атом бомбасын жасағысы келетінін немесе келмейтінін нақты айта алмаймыз. Бір жағынан «Израильде бар қаруды неге біз жасамаймыз» деп айтуы да ирандық көзбен қарасақ дұрыс. Ал екінші жағынан аятолла Хаменеи ядролық қаруды харам деп пәтуа шығарған. Олардың саяси идеологиясы бойынша «аятолла харам деген қаруды қайтіп біз жасаймыз» дегенге саяды. Өздерін электр мен медицина саласына байытылған уран керек болғасын ғана байытып жатырмыз. Иран ядролық қаруды таратпау жөніндегі ұйымға мүше, сондықтан мұндай қаруға да қарсы деп есептейді. Екінші жағынан қарағанда, Израиль барлау қызметі Иранды ядролық қару жасауға жақындап қалды деп санайды. Кейбір деректер Иранда бұл қару бар дейді. Меніңше, қазір Иранда ядролық қару жоқ, бірақ алда қорғаныс есебінде жасауы да мүмкін. Иран ядролық қаруды жасап, айналасындағы ХАМАС, Хуситтер, Хезболлаға бұл қаруды беріп жіберіп, Таяу Шығыста тұрақсыздық тудырады деген де қауіп бар. Сондықтан Израильге Иранның мұндай қаруға ие болуы қажет емес.

Иранның әлеуметтік-мәдени жағдайы қандай?

Иранға мен ең алғаш рет 2004 жылы бардым. Сол жылдары біз енді аяққа тұрып келе жатқан ел едік. Сол уақытпен салыстырғанда Иран мен үшін қатты дамып кеткен ел болып көрінді. Ол кезде Иранда әйелдерге орамал тағып жүру міндет болды. Ер адамдар қысқа шалбар, қысқа жең жейде киюге болмайтын. Бірақ кейін біртіндеп мұның бәрі өзгере бастады. Алдымен ерлерге қысқа жең киюге рұқсат берілді. Сосын әйелдердің мүлде шашын көрсетпеуі өзгеріп, ақырындап орамалдары сырғып түсе бастады. 2022 жылы Махса Аминидің өлімінен кейін 4-5 млн адам көшеге шығып кетті. Содан бастап билік халыққа ие бола алмай қалды. Кез келген режимге қарсылығын білдіретін әйел адам орамалын алып тастады, көшеге қорықпай шықты. Басында олардың әрқайсысын ұстап, айыппұл салып, түрмеге қамап көріп еді, бұл жағдай халықтың наразылығын күшейтіп жіберді. Сондықтан билік халықты еркіне жіберді. Қазір орамалсыз жүруге болады, тіпті Тегеранда жас қыздар темекі шегіп жүре береді. Бұрын мұндай жағдай үшін түрмеге қамайтын немесе дүре соғатын. Бұдан бөлек, әйелдер қысқа жең, кіндігін көрсететін көйлек киіп, емін-еркін жүре береді.

Иран қоғамының көзі ашық. Оларда сөз бостандығы жоқ екені белгілі ғой, бірақ саясатқа араласпасаң емін-еркін жүре бересің. Дегенмен шектеулер біртіндеп алынып келеді. Бұрын әйелдерге футбол көруге болмайтын, қазір әйелдерге стадионға баруға, орамалсыз жүруге рұқсат берілді. Осы үш ай бұрын Иран мәжілісі әйелдерге орамалсыз жүруге тыйым салынады деген заң ұсынды, бірақ үкімет оны қабылдамай қойды. Бұл, меніңше, саяси ойын. Мысалы, діни радикал адамдар көп. Ислам революциясына қатысқан, соны орнатқан жасы 70-тен асқан адамдар бар. Олар әйелдердің орамалсыз жүруіне мүлде қарсы. Олардың көбі әлі де билікте отыр. Олар халықты қысып ұстау керек, бұзылып кетеді. Еуропалық әдепсіздікке ұрынамыз деп есептейді. Ал билікте отырған кей реформаторлар халықты қатты қыса берсе, бір күні жарылатынын біледі. Сосын халықты ұстап қалуға болмайтынын түсінеді. Солар біртіндеп кей нәрселерге рұқсат беру керек деп есептейді. Сондықтан билік радикал топтың да көңілін аулап, мәжілісте осындай заң ұсындық деп, екінші жағынан үкімет ол заңды қабылдамай тастап, халықтың да көңілін аулап қояды. Негізгі мәселе екі жақтың да көшеге шықпауын ұстап тұру үшін осылай істейтін сияқты.

Ал мәдени жағына келетін болсақ, оларда балетке, операға, рок музыкаға да тыйым салынған. Бірақ көлікте, үйде ешқандай тыйым жоқ. Тыңдай береді. Бұрын әйелдерді сахнаға шығармайтын. Қазір бұл жағдай да өзгерді. Мәдени жағынан Иранды жақсы дамыған деп айтсақ болады. Батыстан келген өнерге ғана тыйым салынады. Сосын ирандықтар интеллектуалды халық. Білімге құмар. Мысалы, Тегерандағы метрода бәрінің қолында кітап жүретін. Қалада кітап жәрмеңкесі болады. Жәрмеңкедегі адамның көптігінен жүре алмай қалатын едік. Бәрі кітап сатып алады, көп оқиды. Университетке бара жатқанда газет сататын дүңгіршектер алдында кезекке тұрған адамдарды көретін едік. Шетелдегі олимпиадада математика-физикадан үнемі алғашқы орындарды алады. Әлемдегі алпауыт компанияларда да ирандықтар көптеп жұмыс істейді. Сондықтан бұл елдің потенциалы жоғары. Егер қатты қыспай, демократиялық жол ұстанатын болса, Иран қатты дамиды. Өйткені бұл ел бұрыннан келе жатқан көне өркениет. Көрші елдермен салыстырсақ, Иранның мәдениеті де, әдебиеті де озық. Тек қана қазір дін тұмшалап отыр.

Тұрсынбек БАШАР мен Жәнібек Көпжасар
Фото: Жас Алаш

Израильмен қақтығыстан соң билік қай жаққа қарай өзгереді?

Мұны дөп басып айту қиын. Ирандағы танысым «радикал адамдар өлтірілді, енді олай қыспайтын шығар» деп қалжыңдайды. Бірақ бәрі де аятолланың шешіміне байланысты. Қазір оларда жеңіске жеттік деген мақтаныш сезімі бар. АҚШ-тың өзі бізді құлата алмады, осы режимді сақтап қалуымыз керек деп халықты қысуы да мүмкін. Тіпті әйелдерге міндеттейтін орамал тағу заңын қабылдап жіберуі де ғажап емес. Бірақ 12 күндік қақтығыс кезінде халықтың басым бөлігі билікті қолдаған жоқ. Ол әлеуметтік желіден де көрінді. Қазір көптеген ирандықта режим ауысады деген үміт болды. Сондықтан жеке парақшаларында қазіргі билікке қарсы посттар жазған. Қақтығыс тоқтағасын олар сол посттарын өшіріп жатыр. Кейбір атақты адамдар «мұны мен жазбадым, қақтығыс кезінде интернет ұстамады. Менің парақшам хакерлік шабуылға ұшырады» деп ақталды. Соған қарағанда, қоғам қорқады. Оның үстіне 50-ден аса адам Израиль тыңшысы ретінде ұсталды. Олардың көбі ирандық емес, Иранда жүрген Ауғанстан мен Үндістан азаматтары. Жаңа айтқанымдай, иран халқы қорқып қалды. Оның үстіне АҚШ біздің мақсат Хаменеи билігін ауыстыру емес, ядролық нысандарға соққы беру деп мәлімдеді.

Ормуз бұғазы жабылса қалай болады?

Иранның Ормуз бұғазын жауып тастауға әлеуеті жетеді. Бұғазды миналап тастау Иранға түк емес. Егер бұлай болса, әлем дағдарысқа ұшырайды. Өйткені әлемдік газдың төрттен бірі, мұнайдың үштен бірі сол бұғаз арқылы өтеді. Сондықтан Қытай Ормуз бұғазын жаппау бойынша Иранға өтініш жасады. Соғыстың тоқтауына Қытайдың да ықпалы бар. Өйткені бұғаз жабылса Қытайдың экономикасы қатты құлдырап кететін еді. Қытай оған мүдделі емес. Қазақстанға бастапқыда жақсы болатын еді. Себебі мұнай бағасы 200 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Бірақ қысқа мерзімге ғана бізге тиімді болады. Ал одан кейін мұнаймен бірге басқа тауарлар бағасы да көтеріледі. Ештеңе өндірмейтін Қазақстан үшін бұл қиын болмақ.

Режим ауысса Иранды шахтар әулеті қайта билейтін бе еді?

Режим ауысса да шахтар әулетінің билікке келуі мүмкін емес. Себебі Иран монархияны қолдамайды. Шахтар әулетін қолдайтындардың саны Иран халқының 1 пайызына да жетпейді. Көбісі шах заманын аңсайды, бірақ аңсау солардың билікке қайта келуін білдірмейді. Олар да республика, сайланбалы билік болғысы келеді. Көзі ашық халық бір адамның билік құруы диктатураға алып келетінін біледі. Қазіргі діни диктатура басқа диктатураға ауысып кетуі мүмкін. Қай жағынан болса да диктатураның аты диктатура. Халық оны түсінеді. Бұрын Пехлевидің абыройы болған. Тек 2022 жылғы көтерілістен кейін сырттағы оппозиция бірікті. Оны біріктіру үшін Масих Алинежад деген әйел адам АҚШ, Ұлыбритания, Германия басшыларымен кездесіп, бәрімен жоспар құрды. Қазіргі сырттағы оппозицияны біріктірді. «Біздің мақсатымыз осы мүмкіндікті пайдаланып, Ирандағы режимді құлатып, уақытша үкімет құру» деп мәлімдеді. «Одан кейін Иран халқы билікті өзі таңдайды» деп сырттағы оппозиция жақсы бастады. Өкінішке қарай, екі айдан соң тарап кетті. Оның негізгі себебі – Реза Пехлевидің билікке ұмтылысы. Өзі әлеуметтік парақшасында «билікті аңсамаймын, Иран халқы өзі шешеді» деп жазса да, халық оның түпкі мақсатын біледі. Сондықтан кешегі қақтығыс кезінде мәлімдеме жасауын Иран жұрты тіпті елеген де жоқ.

Сұхбатты қағазға түсірген

Айымгүл Мақсұтқызы