Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:29, 08 Қараша 2023

«Біздің әкім – электрик». Мәселесі көп, шешімі жоқ Жезді тұрғындары қалай өмір сүріп жатыр?

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

«Жетімсіреген Жезді», «Таулы Карабахқа айналған Жезді», «Қаңыраған Жезді» деген теңеулер Ұлытау облысындағы Жезді кентіне қатысты көп айтылып жүр.

 Марганец кені боп, КСРО уағында өндірісі өркендеген мекенде қазір көпқабатты ғиамараттар шынымен де қаңырап бос тұр. Jas Alash порталы «Менің Қазақстаным» жобасы аясында кенттен арнайы фоторепортаж дайындады.

Жас Алаш газетінің жаңа жобасы:  Ұлытауға бардың ба?

Жезді
Фото: Жас Алаш

Жезді кентінде өткен ғасырдың 30 жылдарында қойнауына бұрғы бойлатып браунит кені бар екені анықталғасын, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оны жеделдетіп өндіру басталған. Майдандағы 70 пайыздан астам марганец осы кеннен алынған.

Жезді
Фото: Жас Алаш

КСРО уақытында 12 мыңнан аса кеншілерден құралған халық қоныс тепкен мекен, тәуелсіздіктен соң тоқырауға ұшыраған. 1995 жылы «Қазмарганец» АҚ банкрот болып, байыту фабрикасы жабылған. Қала халқы көшіп кеткен. Кентке кіре берістегі иесіз көпқабатты үйлер елді мекенді елеске айналдырған.

Жезді
Фото: Жас Алаш

1997 жылы Жезді ауданы Ұлытауға қосылғасын көшіп кетушілер тіпті көбейген. Қазір бос тұрса да, бұл үйлер жеке адамның мүлкі саналады. Жергілікті әкімдік өздігінен бұзып тастай алмайды. Жекешелендіру процесі ұзақ болғандықтан қаңырап тұр.

Жезді
Фото: Жас Алаш

Ұлытау ауданы бойынша электр мекемесі жоқ

Кенттегі тағы бір басты проблема электр энергиясы. Себебі Ұлытау ауданы бойынша электр мекемесі жоқ. Қарыз боп жабылып қалған. Соның салдарынан кентте мамандар да жоқ. Жарық өшіп қалса тұрғындар әкімге хабарласады. Әрине оны өздігенен жөндеу заңсыз һәм қауіпті. Жезді әкімі Жұмабек Мұратбек қазір әкімнен гөрі электрик болып жүр.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

Жұмабек Мұратбек, жасы 45-те. 2021 жылдың қарашысанан бері Жезді кентінің әкімі. Отбасылы, 6 баланың әкесі.

«Басты мәселе ретінде электр қуаты мекемесінің жоғын айтар едім. Мекеменің жоқтығынан кезекші электрик, монтерлар да жоқ бізде. Ауданда электр қуатына жауап беретін жалғыз мекеме бар. Ол да қарыздарына байланысты «бонкрот» деп танылған. Сонысымен аудан көлемінде бұл мекеме бірде-бір электр маманын ұстап отырған жоқ. Осы электр қуатының мәселесі біз үшін өте өткір. Сіздерге өтініш ретінде айтайын, осы мәселені республикалық деңгейде көтерсеңіздер екен. Өйткені аудан басшыларының бұл мәселені шешуге құзіреті жетпейді. Өйткені үкімет араласу арқылы ғана шешілетін мәселе», - дейді әкім.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

 

@jasalash.kz Ұлытау облысындағы Жезді кенті әбден ескірген тоқ жүйесінен зардап шегіп отыр. Бұл ауылда жарық күнде өшеді. Ал оны жөндейтін электрик маманы жоқ. #жезді #жезды #ұлытау #жезқазған #fyp ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz

Біздің әкім электрик

«Расы керек, электр қуатына байланысты мәселелерге өзім жүгіремін. Шыны керек, әкім емес электрик сияқтымын. Жезді ғана емес, бүкіл ауылда солай. Қай ауылға барсаңыз да осы проблеманы айтады. Бөлек аудан едік. Ұлытау ауданына қосып, хәлімізді тіпті нашарлатып жіберді. Бұрынғы президенттің шешімі, халықпен санаспағанның кесірі болып тұр. Содан біздің аудан қанша зиян шекті», - дейді кент әкімі.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

Жұмабек Мұратбек бізді ауласына ағаш өсіп кеткен электр станциясына алып келді. Ішіне кірген едік, бейнебір КСРО кезіне түсіп кеткендей күй кештік.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

Уақыт тоқтап, тіпті қабырғадағы суреттерге дейін сол уақытты еске салады.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

Сымдары айқыш-ұйқыш, бір-біріне жалғанған трансформатор дырылдап тұр.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

Ескі телефон, ескі қауіпсіздік шараларына арналған киімдерді шаң басып жатыр.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

Ток мәселесі баяғыдан бар. Кейде ауыл тұғындары токқа түсіп қалады. Қазіргі әкімді де бала кезінде ток соқан. Соған қарамастан Жұмабек Мұратбек ауылдың электр проблемасымен айналысып жүр. 

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

«Сол уақытта да жауапкершілікті ешкім алмаған. «Менің кінәм жоқ» деп барлығы басын ала қашты. Сол уақытта да трансформатор ашық еді. Баламыз ғой. Балалықпен байқамадық», - дейді Жұмабек Мұратбек.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

«Уақытында Жезді аудан орталығы болған. 12-15 мың аралығында халық өмір сүретін кентте. Үлкен өндіріс ошақтары болған. Бірақ Кеңес өкіметі құлағаннан кейін, Тәуелсіздік жылдарында етек-жеңімізді жинай алмай қалдық. Халық жұмыс іздеп жан-жаққа кетті. Сондықтан көп қабатты үйлерге мүлде назар аударылмай қалды. Кентіміздің маңайынан жаңа жұмыс орындары ашылып, халық қайта көшіп келіп, ол үйлер халық игілігіне керек болар болса, біз іске толық кірісеміз. Сол кездегі бағасын есептеп, сатып аламыз. Дәл қазір оларды сатып алғанымызбен, ары қарайғы тағдыры күңгірт», - дейді ашынған әкім.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

Таулы Қарабаққа айналдық деп талай дабыл қақтық

Кентті аралап жүріп, осы жердің тұрғыны Мұхамеджанды кездестірдік. Алматыдан журналистер келді дегенді естіген болу керек жолға шығып, бізді күтіп тұр екен. Ол да әкімнің сөзін құптап, кенттегі басты мәселе электр тогы екенін айтты.

Мұхамеджан
Фото: Жас Алаш

«Біздің әкім электрик. Бағананың сиқын көрдіңіз ба, құлайын деп тұр. Төменгі жағына цемент құяйын дегенімде шаруаңыз болмасын деп қайтарып жіберді. Кабельдері өртенген, оны біз қайта-қайта жалғаймыз. Электр станциясы да өртенген, тоналған. 2 жылдан бері жоқ мекемеге ақша төлеп отырмыз. Ақша қайда кетіп жатыр, білмейміз. Облыс әкімі де жағдайды біледі», - дейді ауыл белсендісі.

Мұхамеджан
Фото: Жас Алаш

«Мынау екі шақырым жерде тұрған токтың бағасы 6 теңгеге қымбат. Егер үйімізде теледидар, тұрмыстық техникаларымыз жанып кетсе ешкім жауапкершілік алмайды. Келісім шарт жоқ. Күн жел болса өшіп қала береді. Жолды айта беріп шаршадық. "Таулы Қарабаққа айналдық" деп талай дабыл қақтық. Кәріз құбырын тартып жатыр еді. Аяқтамай тастап кетті. Айналаны қазып тастаған. Тендерді миллиондап алады, жауапкершілік жоқ. Әкімге айтсақ соттасып жатырмыз дейді. Бұрынғы президент қол қойып, қаншама тағдыр зардап шекті. Екі жарым мың халқы бар жерге ауданды өзгертіп жіберді», - дейді Мұхамеджан.

жезді
Фото: Жас Алаш

Қазір кент тұрғындары «болады, салынады» дегенмен сеніммен ғана өмір сүріп жатыр

Жақында «Ұлытау Силициум индустриал» зауыты ашылмақшы. Оған дейін жағдайы мәз емес халлықтың үмітін бұл да оятқан. Қазір кент тұрғындары «болады, салынады» дегенмен сеніммен ғана өмір сүріп жатыр. Әкім тоғыз жолдың торабындағы мекенде зауыт-фабрикалар ашылса, халық қайтып оралатынан сенімді. Себебі олардың басым көпшілігі атамекеніне қайтып келуге мүдделі. Жездінің жан-жағы кен орнына толы. Осыларға зерттеу жүргізіліп, кен орынан ашу жұмыстары басталса құба-құп. Қазір өндіріс орны тек «Қазақмыс» ғана. Бірақ кенттің қойнауында көмір, мыс, мұнай бар.

Ұлытау облысы құрылғалы өзгерістер де жоқ емес, бар. Кентте кейбір құрылыс жанданған. Қуанарлық жағдайдың бірі облысы құрылғалы 30 жылда салынбаған 6 пәтерлік үш үйдің құрылысы басталған.

Коля
Фото: Жас Алаш

«Кеңес кезінде бәрі жақсы болатын. Кейінгі 30 жылда кентіміз қатты өзгерді. Бұрын жұмыс, адамдар бар еді. Орталық қыз-қыз қайнап жататын. Енді ештеңе қалған жоқ. Қартайдым, сол уақыттарды сағынып отырмын. Аудан орталығы деп Ұлытау ауылына үлкен аурухана салды. Онда мамандары аз. Ауырсам кәрі сүйегімді сүйретіп Қарағандыға барамын. Одан бөлек бізден қаншама кадрлар кетті, қанша маманнан айырылдық», - деген Игорьдың иегі кемсеңдеп кетті.

Кеңес кезеңінде Жездіде қала түзілісіне үлкен әсер ететін марганец өндірісі болған. Қазір орнына «Нэрис» компаниясы келіп, жұмыс атқарып жатыр. Олар бұрынғы рудаларды қайта өңдеп, марганец алады. Осы компания халықтың біршама бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Бірақ келгеніне көп болмаған. Облыс болардың алдында, 2018 жылы ғана ашылған екен. Ал жалпы айтар болсақ, сұраныс болса аймақта марганец бар. Жақсы инвесторлар келіп, өндіріс ашамыз десе тұрғындар әзір отыр.

Жезді
Фото: Жас Алаш

«Жақында ғана қытайдан делегация келді. Олар біздің облысқа кремний өндірісі бойынша инвестиция салмақшы. Шетелдік компания үлесі 20, Қазақстан үлесі 80 процентті құрайды. Осылай Жезді кентінде «Ұлытау Силициум индустриал» атты зауыт құрылысын бастамақшымыз. Бұл компания да халықтың үлкен үміті болып тұр. Халық өз көзімен көріп жатыр ғой. Ақырын-ақырын алға жылжып келеміз. Жоғары жақтан жақсы қолдау күтеміз. Біле білсеңіз, Жезді тоғыз жолдың торабында тұрған үлкен елдімекен. Егер өндіріс орындарып ашып, жағдай жасар болсақ, халық атамекеніне қайта оралады. Баяғы 12-15 мың адамның жүрегі Жезді деп соғарына сенемін мен. Жоспар бойынша 2024 жылдың екінші жартысында зауыт іске қосылу керек. Кеше келіп халықтың ой-пікірін біліп кетті. Енді ол компания лицензия алуы керек. Сонда жұмыс басталып, жаңа айтқан уақытта зауытты ашамыз деп отырмыз», - дейді әкім.

Жұмабек Мұратбек
Фото: Жас Алаш

Жезді әкімі «20 жылдан кейін «Жас Алаштың» кентімізге алғаш келуі, сіздер жиі келіп тұрсаңыздар» деп бізбен қимай қоштасты.