Бізге ең қолайлы одақтас – Түркия
Біз үшін әскери, геосаяси сала өте маңызды. Себебі Ресеймен шекараласпыз. Өздеріңіз білетіндей, екі жылдан бері Ресей Украинамен соғысып жатыр. Ресей көршіміз, одан ешқайда қаша алмаймыз. Соғыс басталғалы оларға түрлі санкциялар салынып жатыр. Мұның біздің экономикаға салқыны тиіп кетпеуін қадағалауымыз керек.
Тина Канделаки сияқтылар, Ресейдің депутаттары бізге назар аударып, бізді бақылап отыр. Ресей жеңе ме, Украина жеңіске жете ме немесе басқа жағдай бола ма әйтеуір бір күні соғыс бітеді. Әрине, Ресей құламайтын шығар. Пригожиннің бүлігі бізге көрсеткіш болуы қажет. Өйткені Путиннің режимі өте мықты. Алдағы уақытта Украина жеңіп жатса ары қарай Ресей жеріне кірмейді. Тек өз жерін қайтарып алуы мүмкін. Одан ары олардың соғысуына Батыс та жол бермейді.
Біздің әскерилер Украина жеңіп кетсе, Ресей бәрібір құламайтынын, сонымен қатар олардың бұған қатты ызаланатынын, өшін біреуден алғысы келетінін жақсы білеміз. Сондықтан олар ашуын бізден немесе балтық бойындағы елдер, я болмаса Грузиядан алуы мүмкін. Әрине, бұған біз дайын болуымыз қажет. Қазіргі уақытта одақтас елміз. Бірақ мұндай одақтас елден сақтануымыз қажет. Себебі біз Ресейден қару сатып аламыз. Олар бізге соғыс ашса, бізге қаруды кім береді?
Шынын айтқанда, Украинаға да қиын. Ол да КСРО құрамындағы ел еді. Қазір ескі болса да Батыстан қару алып жатыр. Оны тасу жағы да өте үлкен проблема. Бұл жағдай да бізге ауыр. Егер, бетін аулақ қылсын Ресей бізге соғыс жарияласа дайын емеспіз. Себебі жаңа айтқанымдай, қаруды солардан сатып аламыз. Мүмкін басқа бір кішкентай ел болса соғыса аламыз.
Ал Ресей, Қытай сияқты елдер болса қиын. Алдағы уақытта бізге қаруы заманауи елдерден одақтас іздеуіміз керек. Ол жағынан бізге ең жақыны – Түркия. АҚШ, Еуропа елдерінен одақтас іздеуге де болады. Бірақ Кәрі құрлық елдері АҚШ-қа қарап отыр. Ал АҚШ кез келген уақытта демократияны дұрыс ұстанбай отырсыңдар деп қару бермей қоюы мүмкін. Сондықтан меніңше, бізге ең қолайлы одақтас жаңа айтып өткенімдей – Түркия. Олар кезінде Әзербайжанға көмек көрсетті. Түріктердің Байрактарының мүмкіндігі жоғары.
Одан бөлек басқа да әскери техникалары жетілген. Бір жағынан біз түбіміз бір түркілерміз. Сондықтан Түркияны экономикалық, әскери жағынан көмектесетін бірден-бір ел деп есептеймін. Сонымен қатар Өзбекстан да жақсы одақтас бола алады. Оларда халық саны 35 миллионнан асты. Әлеуеті артып келеді.
Аңсағай Молдахметов, әскери сарапшы