CBS: Иран Ормуз бұғазында АҚШ-тың екі эсминеціне шабуыл жасады
АҚШ Әскери-теңіз күштеріне тиесілі «Тракстон» (USS Truxtun) және «Мейсон» (USS Mason) эсминецтері Ормуз бұғазында Иран әскери күштерінің шабуылына ұшырады.
Бұл туралы америкалық әскердегі дереккөздер CBS News-ке мәлімдеген.
Басылымның хабарлауынша, кемелерге Иран тарапынан катерлер, ракеталар мен дрондар арқылы үйлестірілген түрде шабуыл жасалған. Қақтығыс қарқынды болғанына қарамастан, эсминецтер зақымданбаған.
Дереккөздер АҚШ әскери кемелері Apache тікұшақтарының сүйемелдеуімен Ормуз бұғазынан сәтті өтіп, Парсы шығанағына шыққанын айтты.
Бұл операция АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің «Project Freedom» («Азаттық жобасы») бастамасының бір бөлігі саналады. Жоба аясында АҚШ флоты Ормуз бұғазында қалып қойған коммерциялық кемелерді қауіпсіз алып шығуды көздеп отыр.
Бұған дейін АҚШ Орталық қолбасшылығы америкалық әскери және сауда кемелеріне бағытталған Иранның ракета және дрон соққыларының тойтарылғанын хабарлаған еді. Сонымен қатар қолбасшылық басшысы адмирал Брэд Купер Иранның жеті катері жойылғанын мәлімдеген.
Ал Иран билігі «Азаттық жобасы» операциясын бітім режимін бұзу деп бағалап, бұғазға кіретін америкалық кемелерге шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескерткен. Өз кезегінде Дональд Трамп Иран мұндай қадамға барса, оны «жер бетінен жойып жібереміз» деп қатаң мәлімдеме жасаған.
Айта кетейік, Иран наурыз айының басында Ормуз бұғазын кеме қозғалысы үшін жапқан болатын. Бұл әлемдік мұнай бағасының күрт өсуіне әкелді. Соғысқа дейін әлемде тасымалданатын мұнайдың шамамен 20 пайызы осы бұғаз арқылы өтетін.