CNN: Қытай Иранға қару-жарақ жеткізуге дайындалып жатыр
АҚШ барлау қызметінің мәліметтері Қытайдың таяу апталарда Иранға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуге дайындалып жатқанын көрсетеді. Қытайдың бұл мобильді зениттік-зымыран кешендері АҚШ жойғыш ұшақтарына үлкен қауіп төндіруі мүмкін.
Барлау мәліметтері Иранның екі апталық бітімді шетелдік серіктестерінің көмегімен қару-жарақ қорын толтыру мүмкіндігі ретінде пайдаланып жатқанын ишаралайды. CNN басылымы дереккөздеріне сүйене отырып жазғандай, Бейжің әскери жүктердің нақты қайдан шыққанын жасыру үшін оларды үшінші елдер арқылы жіберу жұмыстарын жүргізіп жатқаны туралы белгілер бар.
Бейжің Иранға тапсыруға дайындап жатқан мобильді зениттік-зымыран кешендері — MANPADS (Man-portable air-defense system) деп аталатын, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері. Дәл осы зымырандар 6 апталық соғыс кезінде АҚШ әскери ұшақтарының төмен биіктікте ұшуына асимметриялық қауіп төндірген болатын.
Басылымның жазуынша, өткен аптада Трамп Иран аспанында атып түсірілген F-15 жойғыш ұшағының «иықтан ұшырылатын, қолмен басқарылатын, жылу сезгіш (термикалық) зымыранмен» соғылғанын айтқан еді. Тегеран болса ұшақты атып түсіру үшін «жаңа» әуе қорғанысы жүйесін қолданғанын мәлімдеді, бірақ толық ақпарат бермеді. Бұл жүйенің Қытайда жасалған-жасалмағаны әзірге белгісіз.
Жаңа эскалация кезеңі
Иранға MANPADS жеткізу – АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы бері Қытайдың Тегеранды қолдауындағы жаңа кезең (эскалация) болмақ.
Бұдан бөлек, дереккөздер Қытай компаниялары ирандықтарға қару жасауды жалғастыруға және навигациялық жүйелерді жетілдіруге мүмкіндік беретін, санкция салынған «қосарлы мақсаттағы» технологияларды сатуды тоқтатпағанын айтады. Алайда Қытай үкіметінің қару-жарақ жүйелерін тікелей тапсыруы көмектің мүлдем жаңа деңгейін білдіреді.
Қытай неге көмектесіп жатыр?
Барлау мәліметтерімен таныс дереккөздердің бірі Қытайдың қақтығысқа ашық араласудан және Иранды қорғаудан нақты стратегиялық құндылық көріп отырмағанын айтады. Себебі олар «мұндай соғыста жеңіске жету мүмкін емес» екенін біледі. Оның орнына Бейжің өзін мұнайына қатты тәуелді Иранның «айнымас досы» ретінде көрсетуге тырысуда. Сонымен қатар, сырттай бейтарап болып көріну арқылы соғыс аяқталғаннан кейін өз кінәсін жоққа шығару мүмкіндігін сақтап қалғысы келеді.
Әдетте қытайлықтар әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері шабуылдаушы емес, қорғаныс сипатына ие екенін алға тартады. Осылайша олар өз көмегін Ресейдің көмегінен ажыратып көрсетпекші. Бұған дейін Ресей соғыс барысында Иранға барлау мәліметтерімен жәрдемдесіп келгені айтылған болатын. Бұл көмек Иранға Таяу Шығыстағы АҚШ әскерлері мен нысандарын көздеуге септігін тигізген.
Айта кетейік, Иран ұзақ уақыттан бері Қытаймен де, Ресеймен де тығыз әскери және экономикалық байланыста. Иран Ресейге Украинадағы соғыста «Shahed» дрондарын жеткізу арқылы ауқымды көмек көрсетті. Ал Қытайға өзінің санкция астындағы мұнайының үлкен бөлігін сатып келеді.
Трамп пен ресми Бейжіңнің реакциясы
Сенбі күні CNN тілшісі АҚШ президенті Дональд Трамптан осы мәселеге қатысты пікір сұрады. Трамп егер Бейжің Тегеранға қару жіберсе, оның салдары ауыр болатынын ескертті.
«Егер Қытай мұны істесе, Қытайда үлкен мәселелер болады?» - деді ол Ақ үйден шығып бара жатып. Бірақ ол Си Цзиньпинмен сөйлескен-сөйлеспегенін нақтыламаған.
Қытайдың Вашингтондағы елшілігінің өкілі болса: «Қытай ешқашан қақтығыстың ешбір тарапына қару жеткізбегенін және қарастырылып жатқан мәліметтер шындыққа жанаспайтынын» мәлімдеді.
«Жауапты ірі мемлекет ретінде Қытай өзінің халықаралық міндеттемелерін жүйелі түрде орындап келеді. Біз АҚШ тарапын негізсіз айыптаулардан, қасақана байланыстар құрудан және шу көтеруден тыйылуға шақырамыз. Тиісті тараптар шиеленісті төмендетуге көмектесу үшін көбірек күш салады деп үміттенеміз», - делінген елшіліктің басылымға берген түсініктемесінде.
Ресми Бейжің осы аптаның басында Иран мен АҚШ арасындағы соғысты тоқтатқан бітімгершілік келісіміне делдал болуға көмектескенін айтқан еді.
Сондай-ақ, АҚШ президенті Дональд Трамп мамыр айының басында Қытай жетекшісі Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізу үшін Қытайға барады деп жоспарланған. Ақ үй осы аптаның басында АҚШ пен Қытай арасында жоғары деңгейдегі диалогтар өткенін хабарлады. Бұл сапар Таяу Шығыстағы соғыс ауқымына байланысты кейінге шегерілуі де мүмкін.