Дания королі Трамптың Гренландия туралы сөзінен кейін елдің елтаңбасын өзгертті
Дания королі Фредерик Х елдің елтаңбасын өзгертіп, Гренландия мен Фарер аралдарының рәміздерін – ақ аю мен қошқарды көрнекті етіп көрсетті, деп жазады The Guardian және The Independent.
Корольдік сайттың хабарлауынша, өзгертуге «достастық [Дания Біріккен Корольдігі] бейнесін көрсететін және тарих пен дәстүрді ескеретін заманауи елтаңбаны жасауға» ұмтылуына байланысты 20 желтоқсандағы король шешімі себеп болған.
1972 жылы қабылданған алдыңғы нұсқада елтаңбаның төрт аймағының біріне Гренландия мен Фарер аралдарының рәміздері орналастырылған. Қазір олар үлкейтіліп, бөлек аймақтарға орналастырылды. Басқа екі жақта Данияның елтаңбасы мен Оңтүстік Ютландия аймағының елтаңбасы бар.
Сондай-ақ елтаңбадан 1397-1523 жылдар аралығында құрылған Дания, Норвегия және Швецияның Кальмар одағын білдіретін үш тәж алынып тасталды. Корольдік мәлімдемесінде, мұның «бұдан былай өзектілігі жоқ» делінген.
Корольдіктің жаңа елтаңбасы король Фредерик оның пайдасына тақтан бас тартқан анасы Королева Маргреттің орнына 2024 жылдың қаңтарында құрылған комитеттің ұсыныстары негізінде әзірленген.
The Guardian елтаңбаның өзгеруі Гренландияға және оның Даниямен қарым-қатынасына қатысты шиеленістің күшеюіне байланысты екенін айтады.
Бұл сондай-ақ АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп желтоқсанда АҚШ-тың аралды «меншіктеу және бақылау» «абсолютті қажеттілік» екенін айтқаннан кейін орын алды. Трамп өзінің бірінші мерзімінде Гренландияны сатып алу жоспарлары туралы да айтты. Оның сөзіне Гренландия премьер-министрі Эгеде тағы да «Гренландия сатылмайды» деп жауап берді.
7 қаңтарда Дональд Трамп Гренландияға баратынын хабарлады. АҚШ-тың сайланған президенті әлеуметтік желіде: «Гренландия – керемет жер және ол біздің бір бөлігіміз болса, адамдар көп пайда көреді... Біз Гренландияны қайтадан ұлы етеміз» деп жазды.