Данияр Мейірханға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Құқық қорғау органдарының қызметкері Данияр Мейірханға қатысты «жыныстық бопсалау» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс заң талаптарына сәйкес тоқтатылды. Бұл туралы оның қорғаушысы Алия Жаманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, қабылданған шешім қолданыстағы процессуалдық тәртіпке сай шығарылған және осы іс аясында түпкілікті болып саналады. Сонымен қатар, ол жәбірленуші тарап пен айыпталушы арасындағы хат алмасулардың сақталғанын атап өтіп, жағдайдың біржақты емес екенін меңзеді.
Жаманбаева бұған дейін тараған «20 қызметкер шағым түсірді» деген ақпаратты жоққа шығарып, мұндай мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, жалған ақпарат тарату заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ, дау тудырған ұялы телефон Мейірханның жеке қаражатына алынғаны айтылды.
Қазіргі уақытта қосымша тексеру шаралары жалғасуда. Қорғаушының пікірінше, Мейірханға қатысты айыптаулар оның қызметіне нұқсан келтіруге бағытталған болуы ықтимал.
Айта кетейік, Данияр Мейірхан есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан құқық қорғау органының қызметкері.