Дархан Сатыбалды Алматының 2050 жылға дейінгі даму бағытын атады
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланы алдағы жылдары дамытуға қатысты негізгі жоспарларды жариялады.
Оның сөзінше, мегаполистің болашақ дамуында көлік жүйесін жаңарту, полицентрлер құру, экологияны жақсарту, туризмді дамыту және жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріледі.
Әкімнің айтуынша, Алматы экономикасының көлемі қазір шамамен 72 млрд долларға жеткен. Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы қалаға тиесілі. Алматы елдегі жалпы өнімнің төрттен біріне жуығын өндіреді.

Метро, ЛРТ және Sky Train
Қаладағы басты мәселелердің бірі – көлік кептелісі. Оны азайту үшін қоғамдық көліктің бірнеше түрін қатар дамыту жоспарланып отыр.
Метро желісін «Барлық» көлік торабына дейін тағы 5,3 шақырымға ұзартылып, үш станция салынбақ. Шығыс бағытта «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейін шамамен 14 шақырымдық, сегіз станциядан тұратын желі жоспарланған.
Бұдан бөлек, ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы ЛРТ желісі Индустриялық аймақ пен Алматы-2 вокзалын байланыстырады. Онда шамамен 34 аялдама қарастырылған.
Сондай-ақ Алматыда алғаш рет эстакада үстімен жүретін Sky Train жүйесін іске қосу ұсынылып отыр. Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі желіде 20 станция болады.

Алматы бірнеше орталыққа бөлінеді
Сатыбалды қаланың бір орталыққа тәуелді моделінен біртіндеп бас тарту қажет екенін айтты. 2030 жылға дейін «Шығыс қақпасы» және Сайран көлінің шығыс бөлігіндегі Almaty Downtown полицентрлерін қалыптастыру жоспарланған. Кейін «Батыс қақпасы», Оңтүстік-батыс және Солтүстік полицентрлер құрылмақ.
Бұл аудандарда жұмыс орындары, мектептер, балабақшалар, медицина, сауда және демалыс орындарын қатар орналастыру көзделеді. Жоспар «15 минуттық қала» қағидатына негізделмек.
Тау туризмі кеңейеді
Әкімдік Шымбұлақ, Кимасар және Бутаковканы, кейін «Пионер», Oi-Qaragai және басқа туристік нысандарды біріктіретін тау кластерін дамытпақ.
2025 жылы Алматыға шамамен 2,5 млн турист келген, оның 750 мыңнан астамы – шетелдіктер. Қала билігі 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 1,7 млн-ға, 2050 жылға қарай 4 млн-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
Сонымен бірге «Сақ қорғандары» аумағында рекреациялық парк құру көзделген.
Ауа сапасы және су мәселесі
Сатыбалды Алматыдағы ең өткір мәселелердің бірі ауа сапасы екенін атап өтті. ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жылу көздерінен шығатын зиянды қалдықтарды 90 пайыздан астам қысқартуы тиіс.
Сонымен қатар қаланың орталығында төмен шығарындылар аймағы – LEZ жүйесі пилоттық режимде сыналып жатыр. Кейін оны ақылы жүйемен бірге кеңейту жоспарланған.
Су тапшылығы қаупіне байланысты «Ақсай», «Нұрлы Тау» және «Барлық» су тарту нысандарын іске қосу, Талғар жерасты су көзінен тартылатын магистральдарды жаңарту көзделген.

69 мектеп пен 32 медициналық нысан
Алматыда 2030 жылға дейін тағы 69 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Қаладағы барлық білім беру ұйымдарына ортақ талап енгізетін «Алматы мектебі» моделін дамыту көзделген.
Денсаулық сақтау саласында 2030 жылға дейін 32 жаңа медициналық нысан салынып, 14 медициналық мекеме жаңғыртылмақ.
«Шығыс қақпасы» аумағында 45 мың көрерменге арналған UEFA Category 4 талаптарына сай жаңа футбол стадионы да бой көтермек. Алматы 2029 жылы Қысқы Азия ойындарын қабылдайды.
Алматы технология өндіретін қала болуы керек
Әкім жасанды интеллект пен креативті индустрияны Алматы экономикасының жаңа бағыттарының бірі ретінде атады. Қалада Digital Twin – Алматының цифрлық егізін қалыптастыру жоспарланып отыр. Ол қаладағы өзгерістерді цифрлық модель арқылы алдын ала есептеуге мүмкіндік береді.
Сатыбалдының айтуынша, 2040 жылға қарай Алматының экспортында шикізаттан гөрі жасанды интеллект шешімдері, цифрлық өнімдер, ойын индустриясы, кино, медиа, дизайн және басқа креативті өнімдердің үлесі артуы керек.
«Бізге жай ғана үлкен Алматы емес, мүмкіндігі зор Алматы керек. Бізге биік ғимараттар ғана емес, биік адами құндылықтар керек», – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, Алматының ұзақ мерзімді мақсаты – Орталық Азиядағы инвестиция, туризм, транзит, білім, ғылым, технология және шығармашылықтың ірі орталығына айналу.