Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

Дариға Назарбаева жаңарған «Целинныйда» өткен кеште бой көрсетті

Дариға Назарбаева
Фото: ашық дереккөз

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева Алматыдағы заманауи мәдениет орталығы – «Целинныйдың» жаңартылған ғимаратында өткен жабық кешке қатысты.

8 қыркүйекте өткен бұл шараға кейінгі үш күн ішінде 12 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары келген. Назарбаева кешке жалғыз келіп, қасында күзет қызметкерлері байқалмаған. 62 жастағы бизнесвумен қолына гүл шоғы мен шампан бокалын алып, қонақтармен жылы амандасып, еркін жүрген фотосы БАҚ-та тарады.

«Целинный» орталығының негізін қалаған Қайрат Боранбаев Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы саналады. Боранбаевтың қызы Әлима Назарбаеваның ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шыққан еді. Айсұлтан 2020 жылы қайғылы жағдайда көз жұмған болатын.

Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарына енген Дариға Назарбаева 2025 жылдың мамыр айындағы Forbes рейтингі бойынша 17-орынды иеленіп отыр. Оның жалпы байлығы – 571 миллион доллар. Ол ұлы Нұралы Әлиевпен бірге «Европа плюс Казахстан» және НТК телеарнасын иелік ететін «Независимый Телевизионный Канал» ЖШС-ға иелік етеді. Сонымен қатар DLS Group холдингтік компаниясы арқылы «Регион-Медиа», «Наружная Реклама-Регионы» және «Телефабрика Дала» секілді компанияларда үлесі бар. 2024 жылы жазда үш жұлдызды «Думан» қонақүйінің мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі болды. Астана қаласындағы бұл нысан 2014 жылы Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевтың атына жекешелендірілген болатын. Қазір бұл мүлік «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС балансына өткен. Электронды сауда алаңының мәліметінше, 2024 жылдың жазында мемлекет аталған қонақүйді аукцион арқылы екі рет сатуға тырысқан. Алғашқы аукцион 13,98 миллиард теңге бастапқы бағамен өткізілмек болғанымен, қатысушылардың болмауына байланысты өтпей қалған. Екінші аукцион бір айдан кейін өтуі тиіс еді, алайда ол да сауда басталмай жатып тоқтатылған. Былтырғы рейтингпен салыстырғанда Назарбаеваның байлығы біршама азайған. Былтыр тізімде оның байлығы 590 млн доллар болатын.

Елді 30 жыл басқарған кісінің тұңғыш қызы болу оңай емес. Саяси сахнада болсын, бизнесте болсын – бәрі дайын, бәрі жолға қойылған. Мұны шетелде Dynastic Capitalism («Мұрагерлік капитализм») деп сипаттайды. Бұл термин Қазақстанға дөп келетін анықтама. Осы тұста бір кездері тіпті «тақ мұрагері» атанып жүрген Дариға Назарбаеваның саяси карьерасына көз жүгіртіп көрейікші: Мәжіліс депутаты – болды. Премьер-министрдің орынбасары – болды. Сенат депутаты – болды. Ең ақырында, 2019 жылы «әкесі орнын өз еркімен босатқанда» бірден сенат төрағасы атанып, Конституция бойынша президент болуға бір-ақ қадам қалды. Бірақ 2020 жылы отставкаға жіберілді. 2021 жылы мәжіліске қайтып оралды. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін ел ішіндегі саяси аура күрт өзгергенде, «еңбек демалысына» кетіп, қайта оралмады.