Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:20, 19 Қаңтар 2024

«Демократия аралы» суға батып барады. Қырғыз Республикасында журналистерге қысым күшейді

садыр жапаров
Фото: из открытых источников

Әлемде журналистердің құқығын, баспасөз еркіндігін қорғаумен айналысатын «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders – RSF) деген ұйым бар. 

1985 жылы құрылған ұйымның штаб пәтері Францияның Париж қаласында орналасқан. «Шекарасыз тілшілер» жыл сайын жер жаһандағы баспасөз бостандығы туралы рейтинг жүргізеді. Садыр Жапаров билікке келгелі 72-орында болған Қырғыз Республикасы осы ұйымның 2023 жылғы есебінде 50 саты төмендеп, 122-орынға бір-ақ сырғыған. Билігін күшпен төңкеріп, халқы қалауын істеп келген ел Жапаров дәуіріне дейін халықаралық басылымдарда «Орталық Азияның демократия аралы» деп сипатталатын, шетелдік сарапшылардың аузында солай бағаланатын. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан сынды елдерде үкіметті сынаушылар, оппозициялық саясаткерлер Бішкекке қызыға да, «қызғана» да қарайтын. Қазір, керісінше. Өйткені соңғы жылдары көрші елде саяси ахуал өзгеріп барады.

16 қаңтар күні Қырғыз Республикасының журналистік зерттеулермен айналысатын Temirov LIVE және «Айт Айт Десе» жобаларының қазіргі және бұрынғы жеті қызметкерінің үйін полиция тінтіген. Ұсталған журналистерді милиция (Қырғыз Республикасында әлі милиция – ред.) Ішкі істер министрлігінің бас тергеу басқармасына апарған. Бірнеше сағат тергеп, бәрін 48 сағатқа қамау туралы шешім шыққан. Басқарма таратқан ресми мәлімдемелерге қарағанда, Temirov LIVE және «Айт Айт Десе» жобаларының қызметкерлері жариялаған мақалалар мен видео материалдарда «жаппай тәртіпсіздікке шақыру», «наразылыққа үндеу» белгілері бар. Оны милиция Temirov LIVE және «Айт Айт Десе» парақшаларынан 2023 жылғы 30 желтоқсанда тапқан, кейін факт тіркеліп, сараптама тағайындалған. Сөйтіп журналистердің үстінен «билік өкілінің заңды талабына бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке үндеу» бабымен (278-баптың 3-тармағы) іс қозғаған. Қызығы – құзырлы орган іске нақты қай материал түрткі болғанын айтпаған. Temirov LIVE жобасының іргетасын Болат Теміров есімді журналист қалаған. Ол Қырғыз Республикасында жемқорлық төңірегінде түрлі зерттеу жүргізіп танылған азамат. Былтыр елден қуылған. 2022 жылы Теміров өзінің ютуб каналында «Қырғызмұнайгаз» мемлекеттік компаниясы өндірген мазут экспортындағы күмәнді схемалар туралы зерттеу жариялап, оның артында Ұлттық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (ҰҚМК) қазіргі басшысы Қамшыбек Тәшиевтің туыстары тұруы мүмкін екенін айтқан. Осы зерттеуден соң ол қамауға алынған. Оған «есірткі сақтады» деген айып тағылған. Өзіне қатысты істі «кек алу» деп атаған Болат Теміров 16 желтоқсанда әріптестерін ұстап әкетіп, тергеуге алуды «зерттеуші журналистерді қудалау» деп бағалады.

15 қаңтарда Қырғыз Республикасының Ұлттық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері 24.kg ақпарат агенттігінің кеңсесіне сау етіп, жетіп барған. Жүзін жасырып, маска таққан, қарулы күзетшілері бар құзырлы орган өкілдері өздерін видеоға түсіруге де рұқсат етпеген. Кеңсені еркін аралап, ондағы заттарды оңды-солды шашып тінтіген ҰҚМК адамдары бірер сағаттан соң 24.kg басылымының бас директоры мен екі шеф-редакторын, жиыны үш адамды ұстап әкеткен. Оларды да 48 сағат абақтыға қамап қойған. Компьютер, қағаздар мен өзге де заттарды «айғақ» есебінде тәркілеп, кеңсесінің есігіне мөр басып кеткен. Кейін редакцияға қарсы «Украинадағы соғысты насихаттады» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды. Ақпарат құралдарының жазуынша, 24.kg Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысында ешбір тарапты жақтамайды әрі қазіргі ахуалды барынша сол қалпында баяндауға тырысады. Яғни Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын, зымыран түскен қалаларда бейбіт адамдардың опат болып жатқанын көрсетеді, жазады. Ескеретін жайт, бұл сайтты Ресей өз аумағында ешкім оқи алмайтындай етіп 2023 жылы бұғаттап тастаған. Демек, сайттағы соғысқа байланысты мақалалар, жаңалықтар Кремль пропагандасына ұқсамайды. Көбіне жаңалық жазумен айналысатын, арасында аздап болса да сараптама, зерттеу жариялап тұратын 24.kg – Қырғыз Республикасындағы алғашқы интернет-басылымдардың бірі. Негізі 2006 жылы қаланған басылымды ұзақ жылдар бойы Әсел Оторбаева басқарады.

Соңғы екі күнде іркес-тіркес болған бұл екі оқиға Қырғыз қоғамын әжептәуір дүрліктіріп тастады. Әлеуметтік желіде, түрлі сайттарда ұсталған, тергеуге алынған журналистерге араша түсіп жатқандар көп. Мәселен, Жоғарғы кеңес (парламент – ред.) депутаты, өзі де бұрын журналистикамен айналысқан Жанарбек Ақаев құзырлы органдардың әрекетіне қатты шүйлікті. «Журналистердің үйін тінту, оларды мәжбүрлеп тергеу – сөз еркіндігіне тіке шабуыл. Мұндай оқиғалар өзін-өзі цензуралауға әкеліп, саясат және жемқорлық тақырыбындағы зерттеулерге кедергі келтіреді» деді Ақаев. Оның депутат әріптесі Нұржігіт Қадырбеков те «БАҚ жариялаған ақпарат адамға кейде ұнайды, кейде ұнамайды. Кейде нақтыланбаған дерек жарияланып жатады. Бұрақ онсыз сөз еркіндігі шектеледі. Асыра сілтеуге болмайды» деген. Депутат Тазабек Икрамов журналистердің үйі мен кеңсесін тінту, ұр да жық әдіспен бәрін ұстап әкету әрі түсініксіз айыптармен олардың үстінен іс қозғау «елдегі демократияның дамуына кері әсер етеді және халықаралық серіктестеріміздің күмәнін қоюлатады» деп бағалаған. «Медиа хаб» жобасының авторы, өзі де жемқорлық схемаларын зерттеуші-журналист Әли Тоқтақынов өзге басылымдағы әріптестері тап болған тергеулерді «сөз бостандығын шектеу» деп қабылдайтынын жазды. Оның ойынша, биліктің, әсіресе қауіпсіздік комитеті адамдарының тәуелсіз тілшілердің кеңсесіне баса-көктеп кіруі – елдегі басқа журналистерге көрсеткен қоқан-лоқы. Яғни «аяғыңды аңдап бас, тіліңді тартып сөйле» деген ескерту. Бішкекте болып жатқан бұл оқиғаларға президент Садыр Жапаров әзірше пікір білдірген жоқ. Бірақ оның кеңесшісі Шолпанбек Әбікеев «журналистер мен әлеуметтік желіде кейбіреулер жауапкершілік алмай, елді дүрліктіретін түрлі жалған ақпарат таратып жатқаны шын» деп мәлімдеді. Ол «елде журналистер, желідегі адамдар сөз еркіндігі мен анархияны шатыстырып алып, аузына келгенін айтуды әдет қылды, заң бұзбайтындай мәдениетті сөйлеуді үйренуіміз керек» деген.

Бішкекте болып жатқан оқиғаға Еуропа да елең етті. Еурокомиссия төрағасының орынбасары әрі ұйымның Қырғыз Республикасындағы елшісі Мэрилин Йосефсон брифинг ұйымдастырып, Батыстың бұл жағдайларға қатты алаңдайтынын жеткізді. Ол «Қырғыз Республикасы – сөз бостандығы қорғалатын, азаматтық қоғам өкілдерінің үні жарқын шығатын, демократиялық құндылықтарды жоғары қоюымен танылған ел. Сол себепті, осы абыройын жоғалтпаса екен деп тілейміз. Журналистердің кәсіби жұмыстарын жалғастыруына кедергі келмеуге тиіс. Бұл ұстанымымызды талай мәрте айттық әлі де сол сөзімізде қаламыз» деді. Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) БАҚ еркіндігі жөніндегі кеңсесінің бастығы Тереза Рибейро X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парағына тінтулер мен ұстауларды естіп, қатты алаңдап отырғанын, бұның соңы елде тәуелсіз БАҚ-тың жұмысына айтарлықтай салқынын тигізуі мүмкін екенін жазды. Норвегияның Хельсинки комитеті де арнайы мәлімдеме жасады. Комитет Қырғыз Республикасындағы рейдке байланысты БҰҰ жанындағы ой-пікір еркіндігі баяндамашысына арнайы қайырылып, бұл мәселені Қырғыз билігінің алдына төтесінен қоюды сұрады. Көп өтпей, БҰҰ жанындағы Адам құқығы комитетінің ресми өкілі Лиз Тросселл: «Адам құқығын, ой-пікір білдіру құқығын заң шеңберінде пайдаланып келген адамдарды ұстап, қамап қою халықаралық нормалар талабына сай келмейді. Бұл соңғы кезде азаматтық қоғам өкілдеріне жасалып жатқан қысымның бір бөлігі болса керек» дейтін, билікті біржақты айыптауы басым уәж айтты. Қалай болғанда да, билікті ашық сынайтын елге эфир беріп, сайттарына сондай ақпаратты ашық жариялайтын, түрлі журналистік зерттеулер жасап, елде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың схемаларын дәлелді көрсететін журналистерді қысу, оларды «билікке қарсы наразылыққа үндеді» деп кінәлау халықаралық ұйымдардың алдында Бішкекке жақсы ат әпермейді.

Қырғыз Республикасының қазіргі президенті Садыр Жапаровтың өзі де билікке төңкеріс арқылы келгені әлемге аян. 2020 жылы 5 қазан күні түнде демонстранттар милициямен қақтығысып, бірер сағатта президент резиденциясын басып алған. Сол кездегі президент Сауранбай Жиенбеков өз еркімен билікті берген. Жалпы, Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының жоғары билігін қолына алуға бірнеше рет талпынған. 2012 жылы оны және серігі Қамшыбек Тәшиевті (ҰҚМК-нің қазіргі төрағасы – ред.) «Ақ үйге (президент резиденциясы – ред.) шабуыл жасап, билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыппен бір жарым жылға соттаған. 2013 жылы елдің Ыстық көл облысы Қаракөл қаласында да митинг болып, соны ұйымдастырушы ретінде қылмыстық жауапқа тартылған. Бұны «саяси қудалау» деп есептеген Жапаров шетелге қашып, Польшада 4 жыл өмір сүрген. Бірақ 2017 жылы елге оралғанда әуежайдан ұсталып, түрмеге тоғытылған. Түрмеде жатқанда, сот істерінде құзырлы органдар мен мемлекеттік арналар түрлі бәлені үйіп-төгіп, қаралап жатқанда оған мінбер берген, қоғам алдында өзінің позициясын бүкпесіз жеткізуге жәрдемдескен тәуелсіз журналистер еді. Президент Жапаров оны әрине ұмытқан жоқ. Былтыр мамыр айында «Шекарасыз тілшілер» ұйымының есебі жарияланғанда Жапаров «Сөз бостандығы мен адам құқығы негізгі басым саясат. Жалған ақпарат таратпау, адамды дәлелсіз айыптамау, өсек айтпау және ешкімнің де абырой-беделіне нұқсан келтірмеу маңызды» деп пікір білдірген.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының 2023 жылғы есебінде Қазақстан көрші елдерде баспасөз еркіндігі кері кеткен Қырғыз Республикасы ғана емес. Украинадағы соғысқа байланысты елде сын айтқанның бәрін жаппай қамап, соттап жатқан Ресей 164-орынға төмендеп, «құрдымға» сәл-ақ жетпей тұр. «Құрдымға» одан да жақын көрші – Түркіменстан. Оған 176-орын берілген. Тізімде Тәжікстан – 153, Өзбекстан – 137-орында. Қазақстанның жағдайы да қуанарлықтай емес. 2022 жылы 122-орында тұрған ел 2023 жылы 134-ке, яғни 12 саты құлдилап, Өзбекстанға жақындай түскен.

Айгүл Баба