Әлеумет

Депутаттар пластикалық ота жасайтын клиникаларды жаппай тексеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстандағы барлық пластикалық хирургия клиникаларын тексеріп, оларға бақылауды күшейтуді ұсынды. Бұл бастама Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың Ақтауда және блогер Сәуле Базарханның Алматыда қайтыс болуынан кейін көтерілді.

Ота

Депутаттың айтуынша, елде эстетикалық медицина нарығы қарқынды өсіп жатқанымен, бұл саладағы қауіпсіздік мәселесі алаңдаушылық туғызады.

Оның мәліметінше, тек 2023 жылдың өзінде заңсыз медициналық қызмет көрсету фактілері бойынша 674 әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар пластикалық операция жасайтын мекемелерге қатысты шағымдар саны екі есеге жуық артқан.

Тексерулер барысында анықталған арыздардың 60 пайыздан астамы расталған. Қазір Қазақстанда ресми түрде 260-тан астам пластикалық хирургия клиникасы жұмыс істейді. Ал эстетикалық медицина нарығының айналымы ондаған миллиард теңгемен бағаланады.

Ерлан Саиров кейбір қайғылы оқиғалардан кейін де мұндай клиникалардың жұмысын жалғастырып жатқанын айтты. Осыған байланысты ол пластикалық хирургия саласындағы лицензия беру тәртібін қатаңдатуды, барлық клиниканы тексеруді және эстетикалық операциялардан кейінгі асқынулар мен өлім-жітім бойынша ашық статистика жариялауды ұсынды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз