Аймақ

Домбыраның қоңыр үні Жетісудан әлемге жетті

Домбыра – қазақ халқының ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан ең қастерлі мұраларының бірі.

Домбыра

 Оның қос ішегінен төгілген әрбір күй халқымыздың бастан кешкен тарихын, азаттыққа деген аңсарын, елдік рухын, қуанышы мен мұңын жеткізді. Сондықтан домбыра қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттың рухани болмысын айқындайтын қасиетті құндылық саналады.

Соңғы жылдары елімізде Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтіп келеді. Бұл мереке ұлттық өнерді дәріптеумен қатар, жастардың бойына дәстүрлі мәдениетке деген құрметті қалыптастыруға, күйшілік өнерді насихаттауға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған. Биыл бұл күн Жетісу облысында ерекше мазмұнда ұйымдастырылып, өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.

Облыстың аудан-қалаларында өткен мерекелік шаралар мыңдаған тұрғынды біріктіріп, ұлттық өнердің қоғамдағы орнын тағы бір мәрте айқындады. Әсіресе жүздеген домбырашының бір мезетте күй орындауы мен халықаралық онлайн-жобаның ұйымдастырылуы мерекенің мазмұнын бұрынғыдан да байыта түсті.

Биылғы мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – Жетісу облысының бірнеше ауданында бір уақытта ұйымдастырылған домбырашылар шеруі болды. Жалпы саны 1 055 домбырашы ұлттық аспапты қолына алып, қазақтың халыққа кеңінен танымал күйлерін бір мезетте орындады. Бұл тек концерттік бағдарлама емес, ұлттық өнерге деген құрметтің, елдік рухтың және мәдени тұтастықтың жарқын көрінісі болды.

Панфилов ауданында ұйымдастырылған шеруге 500 домбырашы қатысты. Аудан көшелерімен шеру жасап өткен өнерпаздар орындаған күйлер мерекеге ерекше сән берді. Кейін мәдениет үйінің алаңында өткен концертте дәстүрлі әндер мен халық күйлері орындалып, аудан тұрғындары ұлттық өнердің жауһарларына куә болды.

Ескелді ауданында өткен «Домбыра – Ұлы даланың үні» атты мәдени акция да көпшіліктің зор ықыласына ие болды. Мұнда 300 домбырашы бір уақытта күй орындап, қазақтың күй өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұлттық киім киген жас домбырашылардың өнері мерекенің сәнін келтіріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Ал Сарқан қаласында өткен мерекелік шеруге 255 домбырашы қатысты. Қала көшелерінде қалықтаған күй әуені мерекелік көңіл күй қалыптастырып, орталық алаңдағы концертке ұласты. Халық аспаптары оркестрінің орындауындағы шығармалар мен дәстүрлі әндер көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Бұл шаралардың басты ерекшелігі – оған кәсіби музыканттармен қатар мектеп оқушылары, колледж студенттері, өнер мектептерінің тәрбиеленушілері, ардагерлер мен қарапайым тұрғындардың қатысуы болды. Мұның өзі домбыраның халық өмірінен ешқашан ажырамағанын, ұлттық өнердің бүгінгі қоғамда да маңызды орын алатынын көрсетті.

Ұлттық домбыра күні аясында ұйымдастырылған шерулер мен концерттер жас ұрпақтың ұлттық музыкаға қызығушылығын арттыруға да ықпал етті. Домбыраны қолына алған әрбір жас орындаушы ата-баба мұрасын жалғастырушы ретінде көрінді. Бұл – мәдени сабақтастықтың үзілмегенінің айқын дәлелі.

Мәдениеттанушылар ұлттық өнерді сақтаудың ең тиімді жолы оны халықтың күнделікті өмірімен байланыстыра білу екенін айтады. Осы тұрғыдан алғанда Жетісуда ұйымдастырылған мерекелік шаралар ұлттық мұраны музей кеңістігінде ғана емес, қоғамдық өмірдің өзегінде насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.

Мыңнан астам адамның бір уақытта күй орындауы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Домбыраның қоңыр үні бір сәтте өңірдің әр түкпірінде шырқалып, жұртшылыққа ұлттық бірлік пен рухани тұтастықтың символындай әсер қалдырды.

Домбыра – ұлттың рухани коды

Биылғы Ұлттық домбыра күнінің тағы бір жарқын белесі – Талдықорған қаласында өткен халықаралық онлайн-музыкалық жоба болды. Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің музыканттары әлемнің әр түкпіріндегі домбырашылармен тікелей эфир арқылы байланысып, қазақ күй өнерінің жауһары – Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиса» күйін бір мезетте орындады.

Жобаға Қытай, АҚШ, Түркия, Бельгия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Башқұртстан және Ресейдің Алтай өлкесінен өнерпаздардың қатысуы мерекенің халықаралық деңгейдегі маңызын арттыра түсті. Әлемнің әр қиырында жүрген қандастар мен қазақ өнерінің жанашырлары бір уақытта бір күйді орындап, ұлттық мәдениеттің шекара талғамайтынын көрсетті.

Бұл бастама бүгінгі ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін пайдалана отырып, ұлттық өнерді кеңінен насихаттаудың жаңа үлгісіне айналды. Бұрын күй тек концерт залдарында орындалса, бүгінде ол цифрлық кеңістік арқылы миллиондаған көрерменге жол тауып отыр. Мұндай жобалар қазақ мәдениетінің халықаралық беделін көтеріп қана қоймай, шетелде тұратын қандастардың тарихи Отанымен байланысын нығайтуға да ықпал етеді.

Мерекелік кештің театрландырылған прологы да көрерменге ерекше әсер қалдырды. Сахнадағы ақсақалдың домбыраны жас өнерпазға, одан кейін бүлдіршінге табыстауы ұлттық мұраның ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасатынын көркем түрде бейнеледі. Бұл көрініс домбыраның қазақ қоғамындағы орны уақыт өткен сайын әлсіремей, керісінше, жаңа буынның қолында жаңа тыныс алып келе жатқанын аңғартты.

Концерт барысында М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, белгілі күйшілер мен дәстүрлі ән орындаушылар қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармаларды орындады. Құрманғазының «Адай», «Махамбет» күйлері, халық әндері мен термелер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық би ансамбльдерінің сахналық қойылымдары мерекенің мазмұнын байытып, қазақ мәдениетінің көркемдігін айшықтай түсті.

Жетісу өңірі ежелден ән мен күйдің, жыр мен терменің алтын бесігі саналады. Бұл топырақта қалыптасқан дәстүрлі өнер мектебі қазақ музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Биыл туғанына 100 жыл толып отырған әйгілі әнші Дәнеш Рақышевтің мерейтойының Ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келуі де мерекенің рухани мәнін арттыра түсті. Оның шығармашылық мұрасы бүгінгі жас орындаушылар үшін үлкен мектеп болып қала береді.

Ұлттық домбыра күніне арналған құттықтауында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев домбыраның халқымыздың тарихы мен дүниетанымын, мәдениеті мен рухани болмысын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан киелі мұра екенін атап өтті. Расында да, домбыра – қазақтың өткенін бүгінмен, бүгінін болашақпен жалғайтын алтын көпір.

Қазіргі қоғамда ұлттық құндылықтарды сақтау – уақыт талабы. Жаһандану үдерісі күшейген сайын төл мәдениетке деген қызығушылықты арттырудың маңызы да еселене түседі. Сондықтан домбыра күні сияқты мерекелер ұлттық өнерді насихаттап қана қоймай, жастардың бойына елдік рух пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге қызмет етеді.

Жетісуда өткен биылғы мерекенің басты ерекшелігі де осында. Мыңнан астам домбырашының қатысуымен ұйымдастырылған шерулер, әлемнің он еліндегі өнерпаздардың ортақ күй орындауы, халықтық өнердің кеңінен дәріптелуі – мұның бәрі ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін көрсетті.

Домбыраның қоңыр үні – халықтың жүрек үні. Ол бабалардың аманатын бүгінгі буынға жеткізіп қана қоймай, келешек ұрпақтың да рухани темірқазығына айналып келеді. Жетісуда ұйымдастырылған Ұлттық домбыра күніне арналған тағылымды шаралар осы құндылықтың уақыт өткен сайын жаңаша мазмұн алып, ұлттық сананы нығайтудың қуатты құралына айналғанын айқын дәлелдеді.

Ұлттық өнерді ұлықтау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашаққа деген жауапкершілік. Домбыраның қос ішегінен төгілген әр күй елді бірлікке, татулыққа, туған жерді сүюге үндейді. Сондықтан Жетісуда өткен мереке мәдени өмірдегі кезекті шара емес, ұлттық рухты асқақтатқан, өнер мен өнегені ұштастырған маңызды рухани оқиға ретінде есте қалары сөзсіз.

Аружан Нұрақын

Жетісу облысы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз