Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 17 Қыркүйек 2024

Экономикамыз голланд ауруына шалдыққан. Бектенов емдеуге асықпайды

Бектенов
Фото: ашық дереккөз

Биыл маусым айында үкімет Қазақстанның жаңа инвестициялық саясатының тұжырымдамасын бекітті. 

Сол тұжырымдамаға сәйкес 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 25,1 пайызына жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялардың жыл сайынғы көлемін (ТШИ) 25,5 млрд долларға арттыру көзделген.

Құжатты бекітерден бұрын үкіметте сөз алған ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов енді еңбек өнімділігінің өсуіне, экспорт көлемін ұлғайтуға және өнімінің жаңа өндірісін игеруге, өндірісті кезең-кезеңімен жаңғыртуға баса назар аударылатынын тізбеледі. Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде де сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров соңғы бес жыл ішінде елімізге жыл сайын 20 млрд доллардан аса шетелдік инвестиция тартылып жатқанын, болашақта бұл межені 25,5 млрд долларға жеткізе алатынымызды айтқан. Тіпті Алмас Айдаров соңғы кездері «43 ірі шетелдік компания Қазақстанға қоныс аударуға дайын» дегенді де жиі айтады.

Бекітілген тұжырымдамаға сенсек, алдағы екі жылда елге инвестиция көлемі ағылып келіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, еңсеміз тіктеліп, өндірісіміз жанданып, отандық өнім өндіру әлеуетіміз артуы тиіс болатын.

Алайда депутаттар мен сала мамандары «келер екі жылда елге инвестицияның ағылып келуі екіталай» деседі. Мәселен, жуырда сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов шетелден елімізге тартылатын инвестиция көлемі, керісінше, азайып жатқанын мәлімдеді. Тіпті бұған қатысты үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал да жолдады. Сенатордың пайымдауынша, Қазақстан экономикасына ұзақмерзімді инвестиция керек. Сондықтан экономикаға инвесторларды тартуға бағытталған барлық шараны жедел түрде енгізу өте өзекті. Бұған қатысты прокурорлық сүзгі, жасыл дәліз сияқты инвестициялық жобаларды қолдау маңызды.

2023 жылы елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 23,4 млрд доллар болған. Ал бұл көрсеткіш 2022 жылы 28,2 млрд доллар болыпты. Салыстырсақ, 2022 жылға қарағанда былтыр елге келген инвестицияның көлемі 16,9 пайызға төмен. Ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында тікелей шетелдік инвестиция көлемі 5,7 млрд доллар ғана болған. 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырсақ, бұл аралықтағы инвестицияның 28 пайызға аз екенін көреміз. Сондай-ақ тау-кен саласы бойынша 2023 жылы бірінші тоқсанда 8,4 млрд долларға инвестиция тартылса, 2024 жылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 2,4 млрд доллар болып, 33,3 пайызға төмендеген.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежановтың ойынша, алдағы уақытта үкімет басшысы инвестиция тарту тиімділігіне назар аударып, инвестициялық штабтың қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын тексеруі керек. Штаб қызметінің нақты нәтижесі, ашықтығы қандай деңгейде екені анықталуы қажет.

Осы арада айта кетсек, президенттің 2023 жыл 5 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту үшін инвестициялық штаб мүшелеріне дербес жауапкершілік белгіленген. Осыған байланысты «Шетелдік инвестиция ағынының азайғаны үшін арнайы штаб мүшелеріне қандай да бір жауапкершілік қарастырыла ма» деген де заңды сұрақ туындайды.

Алайда осы уақытқа дейін елдің экономикалық саясатын дұрыс үйлестіріп, инвестициялық климатын қолайлы ете алмағаны үшін бірде-бер шенеунік жауапкершілікке тартылған емес. «Елге келетін инвестицияның көлемі неге азайды» деген сауалға жауап іздеп, бірін-бірі «бұрышқа тақап» жатқан үкімет мүшелері де жоқ.

«Аналитик» талдау және сараптау орталығы, инвестиция және экспортқа шолу бөлімінің маманы Марал Төртенованың ойынша, біздегі негізгі мәселе де осы. Биыл арнайы инвестициялық орталық құрдық. Оның төрағасы етіп премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тағайындалды. Маманның пайымдауынша, енді осы штаб мүшелеріне арнайы жауапкершілік артылып, бұл штаб сыртқы істер министрлігі, ұлттық экономика, қаржы, сауда және интеграция министрлігімен бітеқайнасып жұмыс істеуі керек. Штаб мүшелері өздеріне артылған жауапкершілікті сезінуі қажет. Жауапкершілікке қатысты арнайы жарлық барын ұмытпағаны жөн.

«Бізде елге инвестицияның келуін азайтатын нақты бір себеп бар. Ол өңдеуші өнеркәсіп саласына инвестиция құйылмай жатыр. Сырттан келетін инвестицияның басым бөлігі шикізаттық салаға құйылады. Ал шикізаттық емес салаға ішкі инвестиция жұмсалуда. Сондықтан болашақта елден инвестиция қашпауы үшін ең алдымен үкіметтің өзі ұстанып отырған экономикалық саясатын дұрыстау керек. Елде шикізаттық емес сектор тасада қалып жатыр. Бұған қатысты үкіметтік деңгейде экономикалық саясат тиімді үйлестірілмеген. Шикізаттық сала мен шикізаттық емес салада тепе-теңдік сақталмай отыр. Осыдан барып елге келетін инвестицияның легі азая бастайды. Мұның ең бірінші себебі – осы», – дейді сарапшы М.Төртенова.

Маманның сөзінше, еліміз Тәуелсіздік алғалы бері шикізаттық салаға шамамен 350 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған. Ал ши­­кі­­­­заттық емес секторға көп жағдай­да кәсіпкерлер өзінің қаражатын жұмсайды немесе мемлекет қолдау көрсе­теді. Міне, алдағы уақытта осы «стереотипті» бұзу керек. Шикізаттық емес салаға шетелдіктердің қызығушылығын оятып, бұл салаларға шетелден тікелей инвестиция тартуға күш салған абзал.

«Бізде қазір шикізат­тық секторды дамытудың моделі қалып­тасты. Тоқсаныншы жылдардан бері ірі-ірі компаниялардың акция пакетін иемденіп алған шетелдіктер қазір оны басқа бір инвесторға ұсынғысы да жоқ. Бірақ елде қаншама шетелдік алпауыттар басқарып отырған компаниялар техникалық базаларын жаңартпақ түгілі, жұмысшылардың жалақысын жеп, табан ақы, маңдай терін бермеген фактілер де кездесті. Техникалық базалары ескіргендіктен, тау-кен саласында, шахталарда қаншама апатты жағдайлар болды. Негізінде, біз елге инвестиция тарту штабын бекерден бекер құрған жоқпыз. Ол штаб енді елге жаңа инвесторлардың келуіне ықпал ету керек. Ауыл шаруашылығы саласына, өңдеу өнеркәсібіне жаңадан инвесторлардың келуіне жағдай жасалуы керек. Тау-кен, мұнай-газ саласына да жаңа инвесторлар келуі керек. Бір ғана монополистерге қолдағы барды беріп, бір ғана салаға инвестиция тарта беруден өсіп-өнбейміз. Пайдалы қаз­ба­ларды игеру қарқынды жүргенмен, елде жеңіл өнеркәсіп, мал шаруашылығы, өң­деу­ші өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен басқа да индустриялық бағыт­тар кенжелеп қалды. Экономикада «Голланд ауруы» деген бар. Бұл шикізатты әсіресе мұнай мен газды жаппай сыртқа шығарғанда экономикаға валюта ағыл-тегіл құйылып, нарықтағы баға өсіп, ұлттық валюта құнсызданып, ішкі нарықта бәрі қымбаттай бастайды. Осылайша, шикі­зат­тық сектор шикізаттық емес сек­тор­ды валюта бағамы арқылы тұншықтырып отырады. Біз қазір осы дертке шалдықтық. Үкімет экономиканы осы дерттен айықтырып алмай, бізге инвестиция құтаймайды. Соны түсіну керек», – дейді М. Төртенова.

Ал бизнес аналитика және экономика саласын зерттеп жүрген сарапшы Жақсыбек Мұқышев шетелден келетін іскер азаматтар­дың барлығы бірдей міндеттерін мінсіз орындайды деуге болмайды дейді. Өкінішке қарай, олардың арасында да жауапсыз инвестор да табылып жатады.

«Сондықтан бізге шетелден инвестиция тартатын кезде алдымен экономикалық қауіп­сіздікті қамтама­сыз ету қажет. Мысалы, мемлекеттік маңызы бар, өте жауапкершілікті талап ететін салалар болады. Оған жаппай шетел­дік инвесторларды тарту қателік», – дейді маман.

Әйтсе де, сарапшы шикізаттық емес секторға инвестиция құюдың тиімділігін, алдағы уақытта бізге экономикалық сая­саттың мо­делін өзгертудің дұрыс екенін жоққа шығармайды.

«Жалпы бізде шетелдік инвестиция көлемі азайып кеткен. Қазір Қазақстанның металлургия өнеркәсібіне қызығушылық танытатын шетелдіктердің де саны азайып келеді. Өйткені шетелдік инвестор біздің металлургияны дамыту үшін қаражатын ғана емес, бар қуатын қосып жұмыс істеу керек. Елде бұл салада база ескірген, мамандар жетіспейді, техникалық база қаусап тұр. Заңдық тұрғыда да олқылықтар көп. Негізінде, Қазақстанға ортақ инвестициялық саясат ұстанудан гөрі, әрбір өңірдің аймақтық ерекшелігін ескеретін аймақтық инвестициялық саясат ұстанған дұрыс. Бұл ретте жергілікті әкімдіктердің мүмкіндігін пайдалану керек. Әкімдердің рейтингін, жұмыс істеу тәсілін өз өңіріне инвестиция тарта алуымен бағалаған жөн. Бұдан кейін біздің елде бизнесті күшпен тартып алып, соттың шала шешім шығаруы мүмкін екенін, парақор шенеуніктердің қысымына тап болуы мүмкін екенін елге келетін инвесторлар да, отандық кәсіпкерлер де жақсы біледі. Сондықтан мұндай заңсыздықтарды тыю керек. Мұның барлығы елге келетін инвестиция ағынын толастататын жайттар», – дейді Ж. Мұқышев.

Жалпы, сарапшылардың ойынша, экономиканы шапшаң дамыту үшін екі модель қарастырылады. Біріншісі – инвестиция салу. Яғни сырттан қаражат тарту арқылы экономиканы арт­тыру. Екіншісі – тұтыну. Осы екінші тәсілді ұстанып, елдің тұ­тыну қабілетін арттыру арқы­лы да эко­но­миканы көтеруге болады. Алайда Қазақстан отыз жылдан асты – көбіне бірінші инвестициялық модельді ұстанудан жалыққан емес. Өкініштісі, екінші модельді тереңдетіп енгізу, оны дамыту күн тәртібінде тұрған жоқ. Қазір қарапайым халықтың тұтынушылық қабілетін елдің банктерге деген батпандай берешегі мен нарықтағы қымбатшылық тұншықтырып жатыр...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ