Оқиғалар

Эксперт: қазіргі сайлау науқаны неғұрлым ашық саяси бәсеке жағдайында өтуде

Қазіргі электоралдық науқанның басталуы саяси партиялардың неғұрлым ашық әрі жария бәсекеге көше бастағанын көрсетеді, мұнда дәстүрлі үгіт-насихатпен қатар мазмұнды саяси пікірталастардың рөлі күннен-күнге артып келеді.

1

Бұл туралы «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылар алаңында саясаттанушы Талғат Қалиев мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, алдыңғы науқандардан өзгеше, бүгінде назар тек өңірлердегі сайлаушылармен және цифрлық БАҚ-пен жұмысқа ғана емес, сайлау процесіне қатысушылар арасындағы ашық пікірталасқа да ауысып отыр. Үгіт-насихаттың алғашқы күндерінің өзінде саяси күштер арасында жария талқылау өрбіп, оның орталығында парламенттік қызметтің тиімділігі, кәсіпкерлік қоғамдастық мүддесін білдіру және бизнестің саясаттағы рөлі мәселелері тұрды.

Талғат Қалиев атап өткендей, мұндай пікірталастар электоралдық процестің бәсекелестігінің артып келе жатқанын және партиялардың өз бағдарламаларын ұсынумен қатар, қоғам дамуының өзекті мәселелері бойынша өз ұстанымдарын жария түрде қорғауға дайын екенін көрсетеді.

Сондай-ақ сарапшы партиялық ландшафттың жаңаруына назар аударды. Оның айтуынша, бірқатар саяси партияларда басшылық ауысты: көп жылдан бері жетекшілік еткен тұлғалар өз өкілеттіктерін жаңа буын өкілдеріне берді.

«Жаңа басшылар партиялық жүйеге заманауи сын-қатерлерге сай жаңа идеялар мен тәсілдер алып келуі, сондай-ақ жаңа жақтастарды тартуға және саяси бәсекенің одан әрі дамуына ықпал етуі тиіс», – деп атап өтті саясаттанушы.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған сарапшылар алаңы саяси коммуникацияның цифрлық дәуірдегі трансформациясына, сайлау алды үгіт-насихатта жасанды интеллектті қолдануға, дезақпаратқа қарсы іс-қимылға, сондай-ақ электоралдық мінез-құлықтың заманауи үрдістері мен қоғамның саяси партиялардан күтетін үміттеріне арналды.

Тегтер: сайлау
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз