Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 28 Наурыз 2024

Экспорт пен импорттың арасалмағы қандай?

АШМ
Фото:

2024 жылғы 19-21 наурызда Тараз қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) ауыл шаруашылығы министрлерінің үшінші отырысы өтті. Ұйымға мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлері мен вице-министрлері қатысқан кездесуде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері талқыланды.

Өңірдегі геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған қазіргі сәтте Қазақстан үшін Түркі мемлекеттері ұйымымен қарым-қатынасты нығайтудың маңызы зор. Өйткені ұйымға мүше елдердің ортақ тарихы мен мәдени құндылықтары өзара сауда қатынастарын кеңейтіп, тереңдетуге мүмкіндік береді. Ежелден түркілердің стратегиялық қаласы болған, маңызды сауда жолында орналасқан Таразда бас қосқан бауырлас елдер ауыл шаруашылығын бірлесіп дамытуға уағдаласты.

Бұл ұйымға мүше елдердің бәрінде ауыл шаруашылығы маңызды рөлге ие. Мысалы, Қазақстан жайылым жердің көлемі бойынша әлемде 5-орында тұрады. Ал Түркия ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған әлемдегі 10 елдің қатарына кіреді. Демек, ұйымға мүше елдер бауырластықтан бөлек, серіктес ретінде де өзара пайдалы екені анық.

Қазақстан жерінің 80 пайыздан астамы (немесе 220 миллион гектар) ауыл шаруашылығы өндірісі үшін пайдалануға жарамды. Біздің ел ауыл шаруашылығына жарамды жерінің көлемі бойынша әлемде 6-орында тұр. Былтыр егістік жердің көлемі 23,9 миллион гектарға жетті. Ал жайылымдық жеріміздің көлемі 180 миллион гектардан асады.

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың оң динамикасы байқалып отыр. Кейінгі екі жылда азық-түлік өндірісінің көлемі 27 пайыз өсіп, 3,1 триллион теңгеге (6,9 миллиард АҚШ доллары) жетті. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы саласына құйылған инвестиция көлемі 27 пайызға артып, 1,1 триллион теңге (2,5 миллиард АҚШ доллары) болды. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 40 пайыз өсіп, 3,8 миллиардтан 5,4 млрд долларға жетті.

Осы сан-цифрлардың өзі елімізде ауыл шаруашылығы саласы дамып келе жатқанын көрсетеді. Әрине, кемшіліктен ада дей алмаймыз. Жайылым және егістік жеріміздің кең болғанына қарамастан, кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерін көрші елдерден импорттап отырмыз. Қоғамда игерілмей бос жатқан жайылымдар туралы да көп айтылады.

Осындай кемшіліктерге қарамастан, Қазақстан астық және майлы дақылдарды өндіру және экспорттау бойынша жетекші орынға ие. Орталық Азияда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әлеуеті жоғары мемлекет ретінде аталып жүр. Жұмыс дұрыс жолға қойылса, жоғары сапалы және экологиялық таза өнімдер өндіріп, экспорттауға мүмкіндігіміз мол.

Географиялық орнымызды, бай жер ресурсын және қолайлы климаттық жағдайды ескерсек, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені болашақта аймақтағы маңызды орынға ие болуы мүмкін. Сол үшін ауыл шаруашылығы шикізаттары, ет пен сүт, картоп, қант қызылшасы, майлы дақылдар, жеміс-жидектер, көкөністер және тері өңдеуге шетелден инвестор тартуға мән беру керек. Сондықтан бауырлас елдерді ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға ынталандыру қажет. Ол үшін инвесторларға мемлекеттен қолдау көрсетудің маңызы зор. Сонда Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық ахуалы жақсарады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы Қазақстан 5,3 миллиард доллардың ауыл шаруашылығы өнімін экспорттапты. Өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне сатылып жатыр, экспортқа 515 түрлі тауар шығады. Экспорт құрылымында астық және майлы дақылдар, ұн және макарон өнімдер, өсімдік майлары, мақта талшығы, кондитерлік және басқа да өнімдер бар.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы тауар айналымындағы ТМҰ-ға мүше елдер үлесі 28 пайызға жетті. Мысалы, Өзбекстанға 795 миллион долларға бидай, 165 миллион долларға ұн, 95 миллион долларға күнбағыс майын жеткізіп отырмыз. Түркіменстанға 191 миллион долларға ұн мен бидай сатамыз. Түркияға 77 миллион долларға жасымық, 35 миллион долларға мақта талшығы және 55 миллион долларға бидай жеткіземіз. Ал Қырғызстанға 93 миллион долларға су мен сусын саудалаймыз. Әзербайжанға 35 миллион долларға бидай экспорттап отырмыз.

Ал өзіміз осы елдерден жарты миллиард доллардың ауыл шаруашылығы тауарын сатып алдық. Атап айтқанда, Қазақстан ТМҰ елдерінен жеміс-жидек, цитрустық жемістер, көкөніс, кондитерлік өнімдер және басқа өнімдер импорттайды. Мұның барлығы ТМҰ елдері арасындағы сауда интеграцияның жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Қазір өңірде геосаяси жағдай шиеленісіп, кейбір елге санкциялар салынғандықтан, азық-түлік өнімдерін тасымалдау жұмысы қиындыққа ұшырап отыр. Салдарынан тасымал құны артып, азық-түлік бағасы өсіп кетті. Сондықтан ТМҰ елдері бірлесіп, жолы мен уақыты бойынша оңтайлы тасымал бағытын табуға тырысады. Сауданы дамыту үшін көлік-логистикалық кешеннің маңызы екені анық. Демек, «Транскаспий» жобасын дамытатын кез жетті. Ел арасында «Орта дәліз» атанып жүрген жол Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арқылы Түркияға, одан әрі Болгарияға, Румынияға, Венгрияға және ЕО-ның өзге елдеріне жетуге мүмкіндік береді. Каспий мен Қара теңізді кесіп өтіп, «Солтүстік дәлізге» балама ретінде қызмет етеді.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен ынтымақтастық Қазақстан үшін үлкен маңызға ие. Оның экономикалық және стратегиялық тұрғыда пайдасы мол. Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүдделі болып отыр. Демек, осы саладағы басты серіктесіміз саналатын ТМҰ елдерімен қарым-қатынасымыз нығая түскені абзал.

«Қазақстан жайылым көлемі бойынша әлемде 5-орында тұр. Мал шаруашылығы біз үшін дәстүрлі және өте перспективалы сала. Сәйкесінше, біз мал шаруашылығы өнімдерін сатуға мүдделіміз. Өзбекстанға мал шаруашылығы өнімдерін жеткізетін 130-ға жуық қазақстандық кәсіпорынды ветеринариялық қызметтің бақылауындағы тауарларды өндірумен, өңдеумен және сақтаумен айналысатын ұйымдардың тізіміне енгізуді ұсынамын. Сонымен қатар Қазақстан Түркия, Түркіменстан және Мажарстан нарығына жоғары сапалы ет өнімдерін жеткізуге дайын», – деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Қуан Өмірхан