Қоғам

Елімізде пластикалық ота жасайтын клиникалар жаппай тексеріледі

Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, еліміздегі пластикалық операция жасайтын клиникаларға тексеріс жүргізе бастады. Ведомство заң талаптарын бұзу деректері анықталған жағдайда медициналық ұйымдарға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

Ота

Министрліктің мәліметінше, тексерістер мамыр айында қоғамда резонанс тудырған екі қайғылы оқиғадан кейін қолға алынған.

Еске салсақ, 21 мамырда блогер Сәуле Ермаханова пластикалық отадан кейін көз жұмды. Осы факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, Денсаулық сақтау министрлігі тергеуді ерекше бақылауға алғанын хабарлаған болатын.

Ал 22 мамырда Ақтауда жергілікті мәслихат депутаты пластикалық операция кезінде наркоз салдарынан жағдайы күрт нашарлап, комаға түсіп, кейін қайтыс болды. Министрлік бұған дейін де бұл саладағы қызмет сапасын тексергенін еске салды.

2024 жылы пластикалық хирургия бойынша көрсетілетін медициналық қызметтерге шағымдардың көбеюіне байланысты клиникаларға жаппай тексеру жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде 24 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар пластикалық операциядан кейін адам өлімі тіркелген клиникалар жоспардан тыс тексеруден өткен.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай қайғылы оқиғалар негізінен Алматы, Астана қалалары мен Маңғыстау облысындағы медициналық орталықтарда тіркелген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз