Елімізде зейнетақы жинағының жеткілікті шегі 79 пайызға дейін өсуі мүмкін
Қазақстанда зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі 23 пен 63 жас аралығындағы азаматтар үшін 79 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа көрсеткіш азаматтардың жас ерекшелігіне қарай жеке есептеледі. Атап айтқанда, 23-35 жас және 35-63 жас аралығындағы салымшылар үшін шек әртүрлі болады.
«Бұл көрсеткіш әр жас тобы үшін бөлек қарастырылады. Жалпы өсім шамамен 79 пайызға дейін жетуі мүмкін. Қазір формула мен есептеулерді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірге әзірлеп жатырмыз. Осы айдың соңына дейін барлық мәліметті егжей-тегжейлі түсіндіреміз», - деді министр журналистерге.
Асқарбек Ертаевтың сөзінше, жеткіліктілік шегін көтеру зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануды қысқартуға бағытталған. Соңғы бес жылда қазақстандықтар қордан 5,7 триллион теңге алған. Министрдің айтуынша, бұл қаражаттың басым бөлігі тұрғындардың несиелерін жабуға жұмсалған.
«Бұл азаматтарға зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға тыйым салынады деген сөз емес. Алайда мұндай алымдардың көлемін азайту қажет», - деді ол.
Қазіргі уақытта жаңа шекті есептеу әдістемесі әзірленіп жатыр. Ресми ақпарат осы айдың соңына дейін жариялануы мүмкін.