Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 29 Қазан 2024

Елу орындық спорт кешенінің құны 907,2 млн теңге

1
Фото: ашық дереккөз

Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Сондықтан бұл саланы дамыту, спорт материалдық-техникалық базасын нығайту, спортшыларды дайындау, жалпы жұмыстың сапасын арттыру көзделіп отыр. Бұл мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналып та кетті.

 Осы мақсатта облыстық, аудандық әкімдіктер, басқармалар мен бөлімдер жұмыс істеп жатыр. Нәтижелер де көп күттірмеді. Мәселен, Алматы облысында жаңа спорт нысандары бірінен соң бірі ашылуда. 25 қазанда Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында көптен күткен елу орындық заманауи спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Бұл нысан ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына, белсенді демалысқа жаңа мүмкіндіктер ашады.

Спорт кешені Алматы облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен салынған. Мердігер – «СМУ Шығыс» ЖШС. Кешеннің құрылысы 2023 жылы басталып, бір жарым жыл ішінде спорттық шараларды ұйымдастыруға қойылатын барлық талаптарға сай заманауи нысанға айналды. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, спорт кешенінің жалпы ауданы 1538,6 шаршы метр. Оның ішінде бокс, күрес, волейбол, баскетбол, футбол және гандбол залдары бар. Спорт кешені жастар мен ересектер арасында спортты насихаттауға арналған жарыстар, оқу-жаттығулар және басқа да іс-шараларды өткізу үшін идеалды алаң болып табылады.

«Құрылыстың жалпы құны 907,2 млн теңге болды. Жаңа спорт кешенінің ашылуы тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын да айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді. Кешен, ауыл тұрғындары мен жастардың денсаулығын нығайтуға, дене шынықтырумен айналысуға арналған спорт түрлерімен шұғылданатын орталыққа айналмақ», – делінген хабарламада.

Иә, жаттығу жұмыстары үшін арнайы ғимараттар мен құрал жабдықтар керек. Алайда оның жетіспеушілігі белгілі бір деңгейде байқалып отыр. Бұл орайда жергілікті әкімдіктер спорт инфрақұрылымын дамытуға күш салуда. Алматы облысы да белсенділік танытып жүр. Бүгінде өңірде 1821 спорт нысаны бар. Алдыңғы жылы жаңадан үш спорт кешені ашылып, толық жабдықталды. Оның көпшілігі шет ауылдарда. Бұлардың бәрі де мемлекеттік мекеме ретінде толықтай тегін қызмет көрсетеді. Онда тек жасөспірімдер емес, зейнет жасындағы кісілер де жаттығу жасайды. ​Кейбір аудан орталықтары үшін бір спорт кешені аздық етеді. Халқы көп, мектептер тапшы. Оның үстіне, аудан орталықтарына сырттағы ауылдан келіп жаттығатын балалар да көп. Сондықтан екінші ауқымды спорт кешендерін ашуға да назар аударылып жатыр. Жақында Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында осындай жұмыстар жүргізілді. Шелек ауылында шынықтыру-сауықтыру кешені, Қаракастек ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында 70 орындық, Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында 50 орындық спорт кешендерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, тоғыз спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Тағы бес жоба бойынша ЖСҚ қорытындысын аламыз. Бұдан бөлек, бесеуінің ЖСҚ-сы жасалып жатыр. Ал Ащысай ауылында ашылған кешен аяқталған жұмыстардың бір мысалы.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: