Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмі Франция кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды

Елзат Ескендір
Фото: Елзат Ескендір

Францияның Нант қаласында өткен UNIVERCINE FESTIVAL-де “Әбіл” фильмі қос бірдей жүлдеге ие болды. Оның біріншісі – бас жүлде, Prix du Jury, екіншісі – Prix du Public Univerciné à l’Est 2026 сыйлықтары.

Бұл туралы фильм режиссері хабарлады.

"Біз өте қуаныштымыз. Фестиваль барысында қаланы еркін аралап, кең тыныстадық. Нант - мөлдір қала екен. Ал дәл қәзір Париждеміз. Фильмнің кешкі көрсетіліміне қатысу жоспарланған", - деп жазды Елзат Ескендір. 

"Әбіл" фильмінің афишасы

Фильм не жайлы?

"Әбіл" фильмі Совет Одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде приватизация орын алған кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдар мен қараусыз қалған қазақ ауылындағы бейберекетсіздікті суреттейді. Сол арқылы кинотуынды тәуелсіздік басындағы күрделі уақыт ағымындағы қазақ халқының рухани кейпіне, психологиялық күйіне әлеуметтік талдау жасауды ұсынады. Фильмде советтік жүйе кезіндегі адам өмірінің құнсыздығы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігі мен өз жерінде, өз елінде кемсітушілікке ұшырағандығы, социализнен капитализмге ауысу кезеңіндегі екіұдай сезім, сонымен қатар, жемқорлықтың пайда болуы жайлы да ой қозғайды. Фильм үлкен тарихи оқиғалар кезіндегі кішкентай адамдардың тағдырын суреттеуді негіз еткен.

Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмінен стоп кадр

“Әбіл” биыл 14-қаңтардан бастап Франция бойынша прокатқа шықты. Парижден Леонға дейін көрсетіліп жатыр. Кинотеатрлар күніне бірнеше сеанстан қойған. Француз БАҚ өкілдері фильмді жоғары бағалаған бірнеше рецензия жазды.

Елзат Ескендір 2016 ж. Пусан ХКФ
Елзат Ескендір 2016 ж. Пусан ХКФ

Айта кетейік, Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмі былтыр 11-18 ақпан аралығында Везульде (Франция) өткен 31-ші Халықаралық Азия кинофестивалінде жеңімпаз атанды. Фильм бірден үш жүлдені жеңіп алды.

Марапаттарды атап айтқанда:

* Jury Grand Prize (Қазылар алқасының бас жүлдесі)

* Critical Jury Prize (Киносыншылар алқасының жүлдесі)

* NETPAC Jury Prize (NETPAC қазылар алқасының жүлдесі)

Көрермендер мен қазылар алқасы Елзат Ескендірдің дебюттік фильмін жоғары бағалаған. Кинотуынды Алматы облысы, Ұйғыр ауданында түсірілген. Фильм подюсерлері Серік Әбішев, Сергей Әзімов, Ерлан Бекқожин. Ко-продюсер Юлия Ким.

Бұдан бөлек, фильмінің қоюшы-операторы Йоланта Дылевска мен актер Ерлан Төлеутай қаңтар айының 10-18-і аралығында Бангладеш астанасы Дакка қаласында өткен 24- Dhaka International Film Festival-де "Үздік қоюшы-оператор" және "Үздік актер" жүлделеріне ие болды.

Елзат Ескендір
"әбіл" фильмінің түсірілу сәті. Фото: Елзат Ескендір

Басты рөльдерде белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы, публицист Ерлан Төлеутай, М.Әуезов театрының белгілі актерлері Нұржан Бексұлтанова, Әлихан Лепесбай, Ғ.Мүсірепов театрының актері Ұлан Нүсіпәлі ойнаған.

Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Қазақфильм киностудиясында түсірілді. Кинокартинаның дистрибьюторы "Tanaris" студиясы.