Еңбек адамының мәртебесі жоғары болуы тиіс
Бүгінгі таңда қоғамда адал еңбегімен, маңдай терімен табыс тауып, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген қарапайым жұмысшылардың орны ерекше.
Осыған байланысты қазірде бізде «Еңбек адамы» жалпыұлттық идеологиялық жобасы насихатталуда. Соған орай біз «Сапа» орталығының маманы, кәсіпкер Балнұр Сыдықбаевамен сұхбаттастық.
– Балнұр ханым, сіз қарапайым еңбек адамынан бастап қызмет етіп, бүгінде жеке кәсіпті меңгеріп отырсыз. «Еңбек адамы» жобасына қатысты не айтар едіңіз?
– Мұндай жобаларды қолдау керек деп есептеймін. Қарапайым еңбек адамын насихаттау өте қажет. Мен, мысалы, қарапайым еңбектен өсіп, жеке кәсіп ашып, қазір сол шаруаны дөңгелетіп келемін. Өзім де қарамағымдағы еңбек адамдарын үнемі марапаттап, насихаттап отырамын. Мәселен, Жапонияда еңбек адамын бағалайтын арнайы теория бар екен. Оларда өндіріс орындарында қандайда бір өзгеріс енгізгісі келсе, алдымен қарапайым жұмысшыларымен кеңесетін тәжірибе бар. Себебі қарапайым жұмысшы барлық істің бүге-шігесін біледі деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан біздің де өндіріс орындарында еңбек адамының мәртебесі жоғары болуы тиіс.
– Жалпы, кәсіптің сізге сыйлайтын ең үлкен қуанышы не?
– Ең үлкен бақыт – атқарған ісіңнің нәтижесін көру. Мысалы, біз наубайхана, ұн және ұн өнімдерін шығарумен айналысамыз. Бұл салада істеген істің нәтижесі бірден көрінеді. Сондықтан үнемі қарапайым жұмысшылардың біліктілігін арттырып отырамыз. Сапаға қызмет ету біз үшін бірінші орында. Сол істеген ісіміз сапалы болса, біз үшін қуаныш – осы.
– Қазіргі жастардың жұмысшы мамандықтарына, техникалық салаларға бетбұрысы қалай? Осы күні жас буын «оңай олжа» мен кеңсе жұмысын көбірек қалайтын сияқты...
– Жасыратыны жоқ, бір кездері жастардың бәрі заңгер немесе экономист болғысы келді. Бірақ қазір заман өзгерді. Нағыз адал еңбекпен нанын тауып жүрген жұмысшының қадірін қоғам түсіне бастады. Президентіміз де жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге үлкен мән беріп отыр. Менің қасымда бірнеше жас қыздар шәкірт болып жүр. Басында қиналғанымен, қазір істің көзін тауып, өз нандарын тауып жүр. Жастарға айтарым, кәсіптің жаманы жоқ, тек ерінбеу керек.
– Өз ісінің нағыз шебері, «Еңбек адамы» болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы шарт?
– Ең бірінші – жауапкершілік пен өз кәсібіне деген махаббат. Егер жұмысыңды тек ақша үшін ғана істесең, одан сапа шықпайды. Екіншісі – сабырлылық пен төзімділік. Кез келген мамандық оңайлықпен бағынбайды, оған жылдар бойы еңбек сіңіру керек. Ең бастысы – адалдық. Адал еңбек адамды ешқашан жерге қаратпайды, ерте ме, кеш пе, өз жемісін береді.
Бүгінгі таңда қоғамның тұрақты дамуы мен әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің басты кепілі – еңбек адамы. Осыны мықтап есте сақтаған абзал. Еңбек адамын қолдау – бұл елдің адами капиталын нығайтуға, сапалы мамандар корпусын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Әсіресе техникалық және жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы артып отыр. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді.
Еңбек адамы – тек физикалық жұмыс істейтін адам емес. Ол – өз саласында кәсібилігімен, ұқыптылығымен және тұрақтылығымен ерекшеленетін маман. Кеңсе қызметкері, инженер, есепші, мұғалім, медицина қызметкері, агроном –әрқайсысы өз ісінің маманы ретінде ел дамуына үлес қосып келеді.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК