«Еңбек» бағдарламасы мен «Жастар тәжірибесі» қандай жоба?
Түркістан облысында өзге өңірлермен салыстырғанда халықтың табысы төмен, жұмыссыздықтың көп екендігі рас.
Мұны бірінші кезекте тұрғындардың көптігімен және тығыз қоныстанғандығымен түсіндіруге болады. Әйтпесе Оңтүстік халқы шаруаға пысықтығы, істің көзін таба білетін ілкімділігі, жаңалықты жатырқамай қабылдайтын жаңашылдығы жағынан ешкімнен кем түспейді. Мәселе осы мүмкіндіктерді қаншалықты пайдаланып жатқандығымызда.
Жуырда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыспен қамту мәселесіне арнайы тоқталып, әкімдерге ерекше тапсырма жүктеді.
– Аймақтарда жұмыстың алға басуы әкімге байланысты екені рас. Кәсіпкерлік бастаманың жолын кесіп, тежейтін де көбінесе әкімдер. Бұл – ащы ақиқат. Тіпті қаржылай көмек бермек түгілі, заң аясында әкімшілік қолдау да көрсетпейді. Мұндай жөнсіздікті шұғыл түрде доғару керек. Аудан әкімдеріне нақты меже қойылсын. Оларға жыл сайын әрбір 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 жұмыс орнын ашуды міндеттеген жөн. Біз енді жұмыс тәсілін өзгертеміз. Кәсіпкерлер әкімнің соңынан жүгірмеуі керек. Керісінше, әкім инвестор тартуға ұмтылуы қажет, – деді.
Осы уақытқа дейін елімізде халықты жұмыспен қамтуға қатысты бағдарламалар жүзеге асты. Бағдарламаға қаржы миллиардтап бөлінді. Оның жемісі де жоқ емес, әрине. Бірақ «жергілікті атқарушы органдардың жыл соңында берген есептері жалаң цифр емес пе?» деген күдіктің де барын жасыруға болмайды. Президенттің тапсырмасы бірінші кезекте осы келеңсіздікті жоюды, шынайылықты қалыптастыруды мақсат тұтып отыр. Үкімет жұмыспен қамтуды анықтаудың жаңа әдіс-тәсілдерін жасауға кірісіп кетті.
Осыған байланысты Түркістан облысында жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыс күшейтіліп жатыр. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев енді аудан, қала әкімдерінің қызметі жаңадан ашылған жұмыс орындарымен бағаланатынын мәлім етті. Облыс әкімі аппаратының жиынында жұмыспен қамтуға қатысты деректер сараланып, жоспарлар талқыланды.
Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, өңірде 777 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның басым бөлігі – ауылдық елді мекен тұрғындары. Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыспен қамтылғандардың 22,6 пайызы ауыл шаруашылығы, 18,4 пайызы білім беру, 17,4 пайызы сауда саласына тиесілі болса, өнеркәсіп саласының үлесі 6 пайыз. Бүгінгі таңда орталық органдармен халық табысын арттыруға бағытталған жоспар жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәліметі бойынша 2021 жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы 102,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады. «Жастар тәжірибесіне» биыл 5658 мың адамды қатыстыру көзделіп, оның мерзімі 12 айға ұзартылады. Еңбекақысы 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 91 890 теңгеге көбеймек.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына қарағанда, Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен 2 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы 2,7 мың отбасы 825 миллион теңгеге демеушілік көмек алса, 85 үйсіз жүрген отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. 2679 отбасының 1036-сы «дағдарыс деңгейінен» шығарылды, 630 отбасы «қанағаттанарлық» деңгейге өтті.
– Әр әкім қандай жұмыс орнын ашады, нәтиже соған байланысты болады. Негізгі көрсеткіштеріңіз сонымен өлшенеді. Жанашырлық танытып, халықпен бірге жұмыс істеген жөн. Күнде алдарыңызда әр ауылдағы жұмыссыздардың тізімі тұруы керек. «Оларды қалай жұмыспен қамтимын?», «Не істеу керек?» деген сұрақтар мазалауы тиіс. Жаңа жобалар, жұмыс орындарын ашу қажет. Аудан, қаладағы қабілеті бар адамдармен бірлесе жұмыс істеңіздер, – деді жиында Өмірзақ Естайұлы.
Жұмыспен қамту мен кәсіпкерлік бір-бірімен тығыз байланысып жатыр. Себебі әр ашылған кәсіпкерлік нысан кіріс көзі, жаңа жұмыс орны. Былтыр Жетісай ауданында 587 адам мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа ие болған. Өткен аптада Жетісайға жасаған сапары барысында Өмірзақ Шөкеев мемлекеттің қолдауымен кәсібін ашып, отбасын асырап жүрген жетісайлық кәсіпкер әйелдердің жұмысын жоғары бағалады.
– Жалпы жұмыс істеймін деген ниеті бар тұрғындарға мемлекет тарапынан ұсынылатын бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы кеңінен мағлұмат берілуі тиіс. Ауыл әкімдері осы мәселені де назарда ұстауы қажет, – деді Өмірзақ Шөкеев.