Оқиғалар

Еңбек құқығы ескерусіз қалмауы керек

Еңбек заңнамасының орындалуын бақылау – қызмет қатынастарында әділдік пен жауапкершілікті орнықтырудың маңызды жолы.

еңбек

Шымкентте жыл басынан бері еңбек заңнамасының сақталуына жүргізілген бақылау жұмыстары барысында жұмысшыларға 754,3 млн теңге көлемінде жалақы берешегі өтелген. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қалалық департаментінің басшысы Жеңіс Мақұлбаевтың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында департаментке азаматтардан еңбек құқықтарының сақталуына қатысты 1 829 өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш жұмысшылардың өз құқықтарын қорғау мәселесіне бейжай қарамайтынын аңғартады. Қызметкер өзінің заңмен бекітілген құқығы бұзылған жағдайда тиісті органдарға жүгініп, мәселенің шешілуін талап ете алады. Жарты жыл ішінде еңбек заңнамасының орындалуына байланысты 238 тексеру жүргізіліп, оның барысында 226 заң бұзушылық анықталған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2 824 адамның еңбек құқығы қалпына келтірілген.

«Бұл дер кезінде жалақысын ала алмаған азаматтардың өз еңбегінің ақысын қайтарғанын көрсететін қомақты көрсеткіш. Алайда мәселенің мәні тек қаржылық сомада емес. Оның артында айлап жалақысын күткен, отбасылық шығынын жоспарлай алмаған, күнделікті қажеттілігін өтеуде қиындыққа тап болған жүздеген адамның жағдайы тұр», – деді Ж.Мақұлбаев.

Мұндай жағдайда еңбек инспекциясының жұмысы маңызды. Тексеру кезінде анықталған әрбір заң бұзушылық нақты адамның құқығына қатысты болуы мүмкін. Сондықтан еңбек заңнамасын бақылау қағаз жүзіндегі талаптардың орындалуын тексерумен шектелмей, қызметкердің нақты жағдайын қорғауға бағытталуы қажет. Еңбек құқығын қорғау мәселесі кәмелетке толмағандар үшін тіпті маңызды. Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің уақытша жұмысқа орналасуы жиілейтіні белгілі. Шымкентте жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған профилактикалық рейдтер де жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған іс-шаралар барысында 72 кәсіпкерлік нысан қамтылып, жасөспірімдердің еңбек құқықтарын бұзудың 8 фактісі анықталған.

Жасөспірімнің еңбекке араласуы ең алдымен оның қауіпсіздігі мен заңды құқықтарын қамтамасыз етуден басталуы керек. Жас адамның арзан жұмыс күші ретінде қабылдануы немесе еңбек заңнамасының талаптарын толық білмеуін пайдалану – еңбек мәдениетіне қайшы әрекет. Кәсіпкер үшін жасөспірімнің қауіпсіздігі мен заңды мүддесі кез келген экономикалық мүддеден жоғары тұруы тиіс. Ал ата-ана мен баланың өзі де еңбек шартының талаптарын, жұмыс уақыты мен міндеттерін білуге мән бергені жөн. Еңбек заңнамасының түпкі мақсаты – кәсіпкерге кедергі жасау немесе жұмыс берушіні жазалау емес, екі тараптың арасындағы жауапкершілік пен тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Жұмыс беруші бизнестің тұрақтылығын ойласа, қызметкер өз еңбегінің лайықты бағалануын күтеді. Осы екі мүдде заң аясында тоғысқанда ғана еңбек нарығында сенімді орта қалыптасады. Ал мұндай орта экономикалық көрсеткіштерден бөлек қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа да әсер етпек.

С.Бақберген

Шымкент қаласы

Тегтер: еңбек
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз