Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:55, 17 Мамыр 2024

Енді қазақ тілін білмейтіндер азаматтық ала алмайды

в
Фото: из открытых источников

Енді қазақ тілін қарапайым деңгейде білмейтіндерге азаматтық берілмейді, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Аталған Заңға сәйкес, мемлекеттік тілді білмеу және төл тарихымыздан хабардар болмау секілді қосымша негіздер азаматтық ала алмауға себеп болады.

Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасау, қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау секілді қосымша негіздер қарастырылған, делінген Ақорда хабарламасында.

Сонымен қатар, Заңда  Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін инвесторларға арналған көпреттік виза және сұранысқа ие кәсіп иелері үшін виза енгізілетіні айтылған.

Одан бөлек, экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы бар адамдардың Қазақстанға кіруіне тыйым салынады.

Экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы бар, қайтадан қылмыс жасаған, ұйымдасқан топтың (қылмыстық ұйымның) «серкесі» саналатын, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған, сондай-ақ Қазақстанда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған және халықаралық шарттар негізінде өз азаматтығы бар елге берілген адамдардың елімізге кіруіне тыйым салынған, дейді Ақорда.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Фото: egov.kz

Тегтер: