ЕО Украинаға 90 млрд еуроны «бәрібір» бөледі – фон дер Ляйен
Венгрия Еуроодақ несиесін бөлуді бұғаттап отырғанына қарамастан, Украина бәрібір 90 млрд еуро көлеміндегі пайызсыз несиені ЕуроОдақтан алады.
Бұл туралы Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен 24 ақпан, сейсенбі күні Киевтегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Мен мұнда толық айқындық енгізгім келеді. Бұл несие Еуропалық кеңесте 27 мемлекет пен үкімет басшылары тарапынан келісілген. Олар уәде берді. Бұл уәде бұзылмайды», - деді фон дер Ляйен.
Оның айтуынша, ЕО-да бұл шешімді жүзеге асырудың «түрлі нұсқалары» бар және олар іске қосылады.
Урсула фон дер Ляйеннің сөзінше, аталған несиенің Украина үшін басым бағыты – «қорғаныс саласындағы ең өзекті қажеттіліктерді» өтеу.
«Бұл Украина күштері үшін заманауи қорғаныс техникасын сатып алуға, өндіруге және әзірлеуге көмектеседі», - деді Еурокомиссия басшысы.
Венгрияның ұстанымы
20 ақпанда Венгрия Украинаға несие бөлуді бұғаттады. Елдің сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның айтуынша, Будапешт «Дружба» мұнай құбыры арқылы Венгрияға мұнай транзиті қалпына келтірілмейінше, өз позициясын өзгертпейді.
Украина деректеріне сәйкес, Ресей мұнайын Словакия мен Венгрияға жеткізетін, Украина аумағы арқылы өтетін бұл құбыр 27 қаңтар күні РФ соққылары салдарынан зақымдалып, мұнай жеткізу тоқтаған.
Зеленскийдің мәлімдемесі
24 ақпандағы баспасөз мәслихатында Украина президенті Владимир Зеленский құбырдың бүлінуіне жауапкершілік Мәскеуге тиесілі екенін айтты.
Ол Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанды нысанға жасалған шабуылдарды тоқтату үшін РФ президенті Владимир Путинмен тікелей келіссөз жүргізуге шақырды және Украинаға қарсы шектеу шараларын қолданбауды сұрады.
«Құбырды Ресей бүлдірді. Сондықтан егер Орбан қандай да бір қаржылық қолдауды бұғаттағысы келсе, оны Ресейге қатысты жасай алады. Бірақ Украинаға емес. Құбырдың бұзылуына біз кінәлі емеспіз», - деп атап өтті Украина басшысы.
Венгрияның Vilaggazdasag (VG) басылымы жазғандай, Украина тарапы бұған дейін «Дружба» құбыры арқылы Ресей мұнайын жеткізу әзірге тек Словакияға қалпына келтірілетінін мәлімдеген, алайда нақты мерзімдер көрсетілмеген.