Эпштейн ісі бойынша жаңа жәбірленушілер куәлік беріп жатыр
Париж прокуратурасына америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнтің ісі бойынша тағы «онға жуық» ықтимал жәбірленуші жүгінген. Бұл туралы Париж прокуроры Лор Беко RTL телеарнасының эфирінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытқа дейін түскен арыздардың саны шамамен 20-ға жеткен.
Тергеудің негізгі мақсаты – Франциядағы адам саудасына қатысы болуы мүмкін делдалдарды анықтау. Тергеушілер Эпштейннің қылмыстық әрекеттеріне көмектескен болуы ықтимал адамдарды тексеріп жатыр.
«Әзірге жауапкершілікке тартылуы мүмкін бірде-бір адамнан жауап алынған жоқ», — деді прокурор.
Ол қазіргі кезеңде алдымен ықтимал жәбірленушілердің куәліктері жиналып жатқанын, кейін заттай дәлелдер зерттелетінін айтты.
Келесі кезеңдерде Эпштейннің компьютеріндегі мәліметтер, телефон сөйлесулері мен мекенжай кітапшалары да сараптамадан өтеді.
Джеффри Эпштейн 2008–2009 жылдары жезөкшелік ұйымдастырғаны үшін жаза өтеген. Ол 2019 жылғы 6 шілдеде кәмелетке толмаған қыздарды жезөкшелікке тартты деген айыппен қайта қамауға алынып, 10 тамыз күні Нью-Йорктегі түрме камерасында асылып тұрған күйде табылған.
2025 жылдың желтоқсанында Эпштейн ісіне қатысты құжаттардың алғашқы бөлігі жарияланған болатын. Ал 2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі «Эпштейн файлдарына» қатысты тағы 3 миллионнан астам бет құжатты, 2000 видеоны және 180 мың суретті қоғамға ұсынды.
Бұған дейін жарияланған материалдарда Принц Эндрю секілді танымал тұлғалармен байланыстар да аталған.
Сондай-ақ JPMorgan Chase банкі Эпштейнмен ұзақ жылдар бойы жұмыс істегені үшін жәбірленушілермен 290 миллион долларлық келісімге келген.
АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, іс материалдарында 1200-ден астам жәбірленуші анықталған.
Айта кетейік, "Эпштейн ісі" бойынша бірнеше қазақстандық шенеунікің де аты аталды. Осыған байланысы 25 ақпанда өткен Мәжіліс отырысында депутат Асхат Рахымжанов құқық қорғау органдарына ресми сауал жолдады.
Ол халықаралық ақпарат кеңістігінде тараған «Эпштейн файлдарына» байланысты қазақстандық шенеуніктердің аты-жөні аталды деген мәліметтерді мұқият тексеруді сұрады.
Сауал Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына бағытталған. Депутаттың айтуынша, қоғамда резонанс тудырған құжаттарда бірқатар елдердің ықпалды тұлғалары туралы деректер кездеседі, сондықтан Қазақстанға қатысты ақпарат та назардан тыс қалмауы тиіс.
Мәжіліс мінберінде бұрынғы Премьер-министр және экс-ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің аты аталғаны айтылды. Қазіргі таңда ол мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға әрекеттену ісі бойынша сотталған.
Депутаттың сөзінше, америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты жарияланған материалдарда Мәсімов бірнеше рет көрсетілген және олардың жеке таныстығы болуы мүмкін деген жорамал бар. Осы ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін ресми тексеріс қажет екені айтылды.