Саясат

Ердоған мамырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді

Астанада Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-отырысы өтіп жатыр.  Жиында сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов 2024 жылы Анкарада өткен алдыңғы отырыс екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Тоқаев пен Ердоған

"Біздің барлық экономикалық салалардағы әлеуетіміз жоғары. Бүгінгі кездесу осы мүмкіндіктерді іске асыруда жаңа кезең ашады деп сенемін. Екі ел арасындағы бауырластық қатынастар жылдар бойы табысты дамып келеді. Біз Түркиямен кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. Мемлекет басшылары арасындағы шынайы достық екіжақты қатынастарды тереңдетудің берік негізін қалыптастырып отыр", - деді Бектенов.

Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанның өзара сапарлар мен халықаралық іс-шаралар аясында тұрақты түрде кездесіп тұратынын да атап өтті.

"Осыған байланысты біз Түркия Президентінің мамыр айында Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарын ерекше күтудеміз. Бүгінгі үкіметаралық комиссия отырысы алдағы сапардың мазмұнын нақтылауға және жаңа бастамаларды әзірлеуге ықпал етеді деп сенемін", — деді ол.

Бұған дейін Тоқаев пен Ердоған алдағы сапар мәселесін талқылаған болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз