Ерекше балаға – тең мүмкіндік, сапалы білім
Ерекше балаға – тең мүмкіндік, сапалы білім
Инклюзивті білім беру – қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін көрсететін маңызды бағыттардың бірі. Әр баланың қабілеті мен даму ерекшелігіне қарамастан сапалы білім алуға құқығы бар. Алайда бұл құқықты жүзеге асыру үшін мектепке қабылдаумен шектелмей, баланың жеке қажеттілігіне сай білім беру ортасын қалыптастыру қажет.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту мәселесі бүгінде Қазақстан үшін маңызды міндеттердің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында инклюзивті білім беруді дамытуға назар аударып, осы бағыттағы инфрақұрылымды жетілдіру, білікті мамандар тапшылығын азайту және балалардың даму ерекшеліктерін ерте анықтау қажеттігін атап өтті.
Президент келтірген мәліметке сәйкес, елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Бұл – білім беру жүйесі алдында тұрған үлкен жауапкершілік. Өйткені әр баланың білім алу мүмкіндігі оның денсаулық жағдайына немесе даму ерекшелігіне байланысты шектелмеуі керек.
Алайда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту тек мектепке қабылдаумен шектелмейді. Оларға жеке оқу бағдарламасы, түзету-дамыту сабақтары, логопед, дефектолог, психолог сияқты мамандардың көмегі қажет. Ең бастысы – баланың мүмкіндігін ескеріп, оның әлеуетін ашуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс.
Осы бағытта Алматы қаласында жұмыс істеп келе жатқан "Педагог академиясы" қоғамдық бірлестігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында тегін білім береді. Мектептің мақсаты – балаларға қолжетімді білім ұсынып қана қоймай, олардың жеке даму ерекшеліктеріне сай білім алуына және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
Қазіргі таңда мектепте 221 бала білім алады. Оның 40-ы түзету сыныптарында оқыса, 181 бала үйде оқуға ұсынылған. Бұл көрсеткіш мектеп жұмысының екі бағытта жүргізілетінін аңғартады. Біріншісі – арнайы түзету сыныптарында білім беру, екіншісі – үйде оқуға ұсынылған балалардың білім алуына қолдау көрсету.
Баланы жалпы білім беретін мектепке бейімдеудің кезеңдік жүйесі
"Педагог академиясының" тәжірибесінде үйде оқуға ұсынылған балаларды біртіндеп сыныпта білім алуға бейімдеу әдісі қалыптасқан. Бұл үдеріс әр баланың жеке мүмкіндігі мен даму қарқынына қарай жүргізіледі.
Мектепке алғаш келген балалар бастапқыда жеке форматта білім алады. Мамандар олардың оқу дағдыларын дамытып, ең алдымен сабақ барысында бір орында отыру, педагогтің нұсқауын тыңдау, тапсырмаға назар аудару сияқты бастапқы дағдыларды қалыптастыруға жұмыс істейді.
Балада алғашқы оң өзгерістер байқалып, сынып жағдайында отыруға дайындық пайда болған кезде, ол эксперименттік сыныпқа ауыстырылады. Бұл кезеңде шамамен екі ай бойы баланың ортақ сабаққа қатысуы, сынып тәртібіне бейімделуі және басқа балалармен бірге оқу мүмкіндігі бақыланады.
Келесі кезең – коррекциялық сынып. Мұнда бала арнайы мамандардың қолдауымен білім алып, әлеуметтік және оқу дағдыларын одан әрі дамытады. Мектеп тәжірибесінде коррекциялық сыныпта екі жылдай білім алғаннан кейін жалпы білім беретін мектепке инклюзия жағдайында, қажет болған жағдайда педагог-ассистенттің сүйемелдеуімен ауысқан балалар бар.
Мектеп мамандарының айтуынша, мұндай нәтижеге жету үшін баланың жеке ерекшелігін ескеріп, әр кезеңдегі дайындығын мұқият бағалау маңызды. Бір бала үшін сыныпта отырудың өзі үлкен жетістік болса, енді бірі үшін қатарластарымен бірге оқу – жаңа даму кезеңі.
Мектеп тәжірибесінде кері бағыттағы жағдайлар да кездеседі. Кейбір ата-аналар баласының нақты мүмкіндігі мен мамандардың ұсынымдарын ескермей, оны бірден жалпы білім беретін мектепке орналастыруға тырысады. Соның салдарынан бала оқу ортасына бейімделуде қиындықтарға тап болып, кей жағдайда қатарластарының буллингіне ұшырайды. Бұрын педагог-ассистенттің көмегімен жалпы білім беретін мектепте оқып жүрген балалардың өзі кейін сынып жағдайына бейімделе алмай, үйде оқуға ұсынылған жағдайлар да болған.
Осындай балалардың бір бөлігі кейін "Педагог академиясына" келіп, алдымен жеке форматта білім алады. Одан әрі дайындық деңгейіне қарай эксперименттік және коррекциялық сыныптарға кезең-кезеңімен ауысады.
Бұл тәжірибе әр баланың білім алу жолы әртүрлі болатынын көрсетеді. Ең маңыздысы – баланы дайын емес ортаға мәжбүрлеп енгізу емес, оның мүмкіндігін ескеріп, келесі кезеңге біртіндеп дайындау.
"Үйде оқыту – үйде оқшаулану емес"
Мектеп ұстанатын маңызды қағидалардың бірі – "Үйде оқыту – үйде оқшаулану емес". Денсаулық жағдайына байланысты үйден білім алатын бала да оқу үдерісінен, қарым-қатынастан және әлеуметтік ортадан тыс қалмауы керек. Сондықтан мұндай балалардың білім алуымен қатар, әлеуметтенуіне де көңіл бөлу маңызды.
Ерекше баланың жетістігі әрдайым бірдей өлшеммен бағаланбайды. Бір бала үшін жаңа сөз айту – үлкен нәтиже болса, екінші бала үшін өздігінен тапсырма орындау немесе қатарластарымен қарым-қатынас орнату маңызды жетістік болуы мүмкін. Сондықтан білім сапасын тек баға мен оқу үлгерімі арқылы емес, баланың жеке даму динамикасы арқылы да бағалау қажет.
Педагогке жағдай жасау – білім сапасының негізі
Бұл жұмыстың нәтижелі болуы педагогтердің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Ерекше балалармен жұмыс істеу ұстаздан біліммен қатар шыдамдылықты, арнайы әдістемені және әр баланың қажеттілігін түсінуді талап етеді.
Сол себепті педагогтерге жағдай жасау, олардың еңбегін бағалау және кәсіби дамуына мүмкіндік беру – білім сапасын арттырудың маңызды бөлігі.
"Педагог академиясында" ұстаздарды қолдауға да көңіл бөлінеді. Қызметкерлерге жеке қолдау көрсетіліп, тоқсан сайын жұмысының нәтижесіне қарай сыйақы беріледі. Сонымен қатар соңғы үш жылда мектеп ұжымы үшін шетелге жеті сапар ұйымдастырылған. Педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен кәсіби ынтасын арттыруға бағытталған мұндай шаралар ұжымның тұрақтылығы үшін де маңызды.
Педагогтің еңбегін бағалау мәселесі ел көлемінде де көтеріліп келеді. Мәселен, 2025 жылғы 23 қаңтарда Сенатта Бибігүл Аққожина әлеуметтік қорғау мекемелерінде еңбек ететін психологтер, дефектологтер, логопедтер мен педагогтердің еңбекақысы және біліктілігін растау мүмкіндіктері туралы мәселе көтерген болатын. Бұл – арнайы мамандардың еңбегін бағалау мен кәсіби дамуына жағдай жасаудың өзектілігін көрсетеді.
Қолжетімді білім – ортақ жауапкершілік
Инклюзивті білім беруді дамыту – тек жекелеген мектептердің міндеті емес. Бұл бағытта мемлекет, білім беру ұйымдары, ата-аналар және қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, арнайы мамандар санын арттыру, үйде білім алатын балаларды қолдау және педагогтердің біліктілігін жетілдіру жүйелі түрде жалғасуы тиіс.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да қоғамның толыққанды мүшесі. Олардың әрқайсысының білім алуға, дамуға, өз қабілетін көрсетуге және болашақта дербес өмір сүруге ұмтылуға құқығы бар.
Инклюзия – баланы белгілі бір ортаға жай ғана орналастыру емес, оның сол ортада білім алып, дамуына нақты мүмкіндік жасау. Ал әр баланың әлеуетін ашуға жағдай жасау – қоғамның ортақ жауапкершілігі.