Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 28 Наурыз 2024

Еріктілер мәдениетін қалыптастыра алдық па?

Ерікті

Бұрындары көп айтыла да, көріне де бермейтін еріктілер, жалпы еріктілер қозғалысы бүгінде өте танымал. Елімізде осыдан 20-25 жыл бұрын қалыптаса бастаған еріктілік мәдениеті бүгінде белсенді.

Олар қоғамға белгілі бір деңгейде пайдасын тигізуді мақсат етіп, әртүрлі акциялар мен іс-шаралар, әлеуметтік жобалар ұйымдастырып өткізеді. Ал беріп жатқан нәтижелері мен атқарылып жатқан осы сынды істері жылдан жылға ауқымдырақ, салмақтырақ болып келеді. Бұл орайда Қазақстан жастарының белсенділігі де қуантарлық деңгейде. Тіпті қазір кез келген қаланың немесе жоғары оқу орындарының өз еріктілер ұйымы бар. Солардың бірі – Қазақстанның «Еріктілер лигасы» немесе «Лига волонтеров». 

Аталған қоғамдық ұйым 2013 жылы құрылған. Содан бері еліміздің түкпір-түкпірінде филиалдары ашылып, қарқынды жұмыс істеп келеді. «Бәріміз бірге әлемді мейірімдірек ете түсеміз» деген ұраны бар еріктілер лигасының жаңа көзқарастарға сай жаңа ұстанымы бар: «Тұлғалардың ішкі потенциалы ашылуы керек». Осы ұстанымдарына сай азаматтарға, қоғамға көмектескіміз келеді дейді еріктілер. Бір қарағанда, жиі айтылып жүрген «жарнама» сөздер секілді. Алайда тұтас ұйымның негізгі мүддесі мен жұмыс концепциясы осы ұстанымға келіп саяды. Қоғамға тең мүмкіндік жасалып, әрбір адамның қоғамдық қажеттіліктері қанағаттандырылуы керек. Ол үшін ішкі потенциалды шығаруға, өзін-өзі реализациялап, қалыптастыруға тең мүмкіндік жасалуы қажет екені сөзсіз. Міне, еріктілер лигасы осы бағытта еңбек етіп келеді.

Өз тарихында бірнеше ірі жобалар мен акциялар өткізген ұйымның мүшесі, ерікті Мерей Игісін былай дейді:

«Еріктілер лигасы – Лига волонтеров 2013-2015 жылдары құрылып, өзін-өзі қалыптастырды. Содан бері ұйым тарихында неше түрлі игі істер мен мықты жобалар жасалды. Мәселен, Алматыны алып қарасақ, Алматы қалалық еріктілер лигасы 2016 жылы қаланың мың жылдығына орай «1000 игі іс» әлеуметтік акциясын ұйымдастырып, жоғары деңгейде атқарды. Ал 2017 жылы Алматы қалалық еріктілер ұйымынан Астанада өтіп жатқан «Экспо-2017» жаһандық көрмесіне 900 ерікті, универсиадаға 3 мың ерікті барды. 2018 жылы «Қарттарым – асыл қазынам» игі істер акциясы өткізілді. 2019 жылы болса, жастар жылының қарсаңында «Ашық жүрек» атты жоба іске қосылып, 8 бағыт бойынша мұқтаж жандарға көмектесті. Қазір де атқарылып жатқан істер мен тың бастамалар аз емес.

Бүгінде ұйымымызда 14-60 жас аралығындағы жандар ерікті болып жүр. Осыдан-ақ жақсы істер мен қоғамға атсалысып, өз үлесіңді қосу жас талғамайтынын аңғаруға болады. Әлеуметтік жобалардан бөлек, коммерциялық жобаларымыз да баршылық. Тематикалық кештер, концерттер мен түсірілімдер, жастардың форумдарын да өткізіп тұрамыз. Әртүрлі марафондарда да белсендіміз».

Бұдан бөлек, еріктілер лигасы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерге азық-түлік жеткізіп, жәрдемдеседі. Нарко-өнімдер мен олардың аналогтарына қарсы іс-шаралар жасайды. Әрі тұрақты түрде сенбіліктер мен экологиялық акциялар өткізеді. Қазіргі өткізіліп жатқан жобалар туралы ерікті студент, еріктілер лигасының мүшесі Айнұр Анламасова айтып берді:

«Мен екі жылдан бері «Еріктілер лигасының» мүшесімін. Осы уақыт аралығында біраз іс тындырып үлгердік. Бүгінде біз өзіміз нақтылап алған жеті бағытқа сүйенеміз. Соның ішінде «Қазына», «Қарттарға көмек», «Айналайын», «Экоплайн», «Лига лайф» жобалары қарқынды түрде жұмыс істеп жатыр. Мысалы, өзіме жақында ғана университеттерде өткізілген қайырымдылық жәрмеңкесі жақсы әсер қалдырды. Жәрмеңкеден түскен қаражат балалар үйіне жұмсалды. Оған қоса мектеп оқушыларымен байланысты нығайтуға да назар салып отырмыз».

Балауса Ділдәбек

Тегтер: