Эверестті бағындырған қазақстандық альпинист әйел әлемнің жеті шыңына шығады
Эверестті бағындырған қазақстандық альпинист әйел «Әлемнің жеті шыңына» шығу бағдарламасы туралы хабарлады.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың ұлттық-патриоттық «Kazakh Everest Team» экспедициясының қатысушыларымен кездесу барысында белгілі болды.
Экспедиция құрамында аңызға айналған қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев, Эверестті бағындырған тұңғыш қазақстандық альпинист әйел Анар Борашева және 2024 жылғы маусымда алғашқы жеті альпинист қатарында ғаламшардың ең биік шыңына көтерілген Альмир Қымбатбайұлы бар.
Кездесу Қазақстанның ұлттық құрамасын 2024 жылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына шығарып салу рәсімі аясында өтті.
Кездесу барысында министр ұлттық-патриоттық «Kazakh Everest Team» экспедициясының қатысушыларын ілтипат білдіре отырып қарсы алып, Эверестке көтерілуімен құттықтап, альпинизмді дамытудағы үлестері үшін Құрмет грамоталарымен марапаттап, Қазақстан туымен жаңа шыңдарды бағындыруға тілектестік білдірді.
Өз кезегінде «Kazakh Everest Team» қатысушылары министрге Эверестке көтерілу туралы баяндап, өздерінің алдағы жоспарларын айтты. Анар Борашева «Әлемнің жеті шыңы» бағдарламасы туралы айтып, оның екеуі – Азиядағы Эверест пен Африкадағы Килиманджаро сәтті бағындырылғанын хабарлады. Альпинистің айтуынша, ол биылғы тамыз айында Кавказдағы Эльбрус шыңына (5642 м) шығуды жоспарлап отыр. Қалған төрт шыңға – Аргентинадағы Аконкагуаға (6962 м), Антарктикадағы Винсонға (4892 м), Аляскадағы (АҚШ) Деналиге (6194 м) және Аустралиядағы Пунчак-Джаяға (4884 м) қазақстандық альпинист 2025 жылдың соңына дейін көтерілуді жоспарлап отыр.
Қазақстанның ұлттық құрамасын шығарып салу салтанатты рәсімі барысында Эверестке шыққан алғашқы қазақ альпинисі спортшыларға жеңіс тілеп, әр адамның өз Эвересті бар екенін атап өтті. «Егер альпинистер үшін жетістіктердің ең биік нүктесі әлемдегі ең биік тау болса, спортшылар үшін ол – Олимпиада чемпиондығы. Біздің мақсатымыз ең биік шыңға сәтті көтерілу ғана емес, сонымен қатар жаңа чемпиондар буынын шабыттандыру болды. Бүгін мен сіздерге жеңіс тілеймін және жақында Франциядағы Олимпиада ойындарында Қазақстанның туын көретінімізге үміттенемін», - деді Анар Борашева.
Everest Development өкілі атап өткендей, компания өз қызметкерлерінің бастамаларын қолдауды одан әрі жалғастырады, атап айтқанда, Анар Борашеваның әлемнің жеті шыңына шығу жобасын қолдауды көздеп отыр. «Біз өз қызметкерлеріміздің армандарын кез келген бағытта қолдау қажет деп санаймыз және «Әлемнің жеті шыңы» жобасымен біз армандарды жүзеге асыруды жалғастырамыз», - деді Everest Development компаниясы директорының даму жөніндегі орынбасары Сұңқар Қарабалин министрмен кездесу барысында.
Кездесу соңында «Kazakh Everest Team» қатысушылары Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевқа естелік мұз шапқыш құралын табыс етті.