Әлеумет

FlyArystan таразысы 7,1 келінің орнына 12 келі көрсеткен: жолаушы қол жүгін тексеруге шағымданды

Threads әлеуметтік желісінде Астана әуежайында FlyArystan рейсіне отырғызар алдында қол жүгін қайта өлшеуге қатысты жолаушының шағымы қызу талқыланып жатыр.

FlyArystan

Jakentus есімді қолданушының айтуынша, Астана әуежайындағы тіркеу кезінде оның қол жүгі «қызық үшін» өлшеніп, таразы 7,1 келі көрсеткен.

Алайда транзиттік аймақтан өткеннен кейін, FlyArystan рейсіне отырғызар алдында әуе компаниясы қызметкерлері жолаушылардың қол жүгін қайта өлшей бастаған.

Автордың сөзінше, бұл жолы FlyArystan таразысы оның қол жүгінің салмағын 12 келі деп көрсеткен. Осыдан кейін оған 11 мың теңге төлеу қажеттігі айтылған.

Жолаушы басқа таразыда қайта өлшеуді сұраған. Оның айтуынша, екінші таразы қол жүгінің салмағы қайтадан 7,1 келі екенін көрсеткен.

Пікірлерде өзге қолданушылар да осыған ұқсас жағдайларға тап болғандарын жазып, мұндай оқиғаларды бейнежазбаға түсіріп алуға және таразының мемлекеттік тексеруден (поверкадан) өткенін растайтын сертификатын талап етуге кеңес берген.

Кейінірек FlyArystan аталған жарияланымға пікір қалдырды. Әуе компаниясы ішкі тексеру нәтижесінде гейттегі таразының мемлекеттік тексеруден өткенін растайтын жарамды сертификаты бар екенін хабарлады.

Сонымен қатар компания бұл жабдық техникалық тексеруге жіберіліп, әзірге пайдаланудан уақытша шығарылғанын мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз