FlyArystan ұшағы Шымкент әуежайында итті қағып кетті
2026 жылғы 15 сәуірде Шымкент әуежайында FlyArystan әуе компаниясының ұшағы итті қағып кетті.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Алматы – Шымкент бағыты бойынша ұшқан FS7105 рейсі қонғаннан кейін болған. Ұшақ ұшу-қону жолағында жүрген итті қағып кеткен.
Ресми мәліметке сәйкес, соқтығыс салдарынан әуе кемесінің кейбір бөлшектері зақымданған. Қажетті қосалқы бөлшектер Алматыдан жеткізілетіні айтылды.
Көліктегі полиция департаменті бұл дерек Шымкент станциясындағы желілік полиция басқармасында тіркелгенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық мән-жайы анықталуда.