Live

Forbes Қазақстандағы ең бай бизнесмендер рейтингін жаңартты

Forbes Kazakhstan елдегі ең бай 75 бизнесменнің жаңа рейтингін жариялады. Рейтингке енген кәсіпкерлердің жиынтық байлығы 60,84 миллиард долларға жеткен. Үшінші жыл қатарынан тізімнің көшін Вячеслав Ким бастап тұр.

Владимир Ким мен Вячеслав Ким

Forbes мәліметінше, қазақстандық миллиардерлер мен мультимиллионерлердің байлығы бір жыл ішінде айтарлықтай өскен. Өткен жылы рейтингке қатысушылардың жалпы капиталы 57,5 миллиард доллар болса, биыл 60,84 миллиард долларға жеткен. Бір қатысушының орташа капиталы 767 миллион доллардан 811 миллион долларға өскен.

Рейтингтің бірінші орнын қайтадан Вячеслав Ким иеленді. Forbes оның байлығын 7,8 миллиард доллар деп бағалаған. Кәсіпкердің негізгі активі — Kaspi тобындағы үлесі. Бір жыл ішінде оның байлығы 700 миллион долларға артқан.

Екінші орынға Владимир Ким көтерілді. Оның капиталы 5,9 миллиард доллар деп бағаланған. Негізгі активтері — KAZ Minerals тобы, Kazakhmys Holding Limited-тегі үлесі және «КСС Финанс» арқылы Bank RBK-ның 84,81 пайызын бақылауы.

Үшінші орынды бірден бірнеше адам бөлісті. Forbes олардың әрқайсысының байлығын 5,4 миллиард доллар деп көрсеткен. Олар:
– Тимур Құлыбаев,
– Динара Құлыбаева,
– Болат Өтемұратов.

Жаңартылған рейтингке енген өзге кәсіпкерлердің толық тізімі Forbes Kazakhstan сайтында жарияланған.

Тимур Турлов былтыр екінші орында болса, биыл Forbes рейтингінде алтыншы орынға түсті. Forbes оның байлығын 5,2 миллиард доллар деп бағалаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 миллион долларға аз. Турловтың негізгі активі — Freedom Holding Corp.

Биылғы рейтингтің басты интригаларының бірі — миллиардерлер клубының кеңеюі болды. Нұрлан Смағұлов пен Айдын Рахымбаев алғаш рет Forbes-тің жаһандық миллиардерлер тізіміне енді.

Нұрлан Смағұлов қазақстандық рейтингте 1,3 миллиард доллар байлықпен сегізінші орын алды. Ол автопром, автосату және девелопмент салаларын ұсынады. Оның тобына Astana Motors, MEGA сауда желісі және Mycar автомобиль экожүйесі кіреді.

Ал Айдын Рахымбаев 1,1 миллиард доллармен тоғызыншы орынға жайғасты. Ол — BI Group компаниясының акционері. Компания Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, АҚШ, БАӘ және Әзербайжан нарықтарында жұмыс істейді.

Forbes мәліметінше, рейтингте металлургия, банк және шикізат активтері әлі де басым бағыт болып отыр. Алайда финтех, құрылыс, автопром, логистика және инфрақұрылымдық жобалардың ықпалы күшейіп келеді.

Жаңадан енгендердің арасында құрылыс, авиация, білім беру, битум өндірісі, девелопмент және агробизнес өкілдері бар.

Рейтингтегі ең жас қатысушы – 35 жастағы Шахмұрат Мұталіп болды. Ол 22-орынға жайғасып, Integra Construction KZ арқылы құрылыс саласындағы ықпалын күшейтіп жатыр. Оның байлығы 482 млн долларға бағаланған.

Сондай-ақ Forbes оның «Алтыналмас» компаниясын сатып алу мәмілесі арқылы алтын өндіру секторына кіріп жатқанын жазған. Алайда рейтинг дайындалған кезде бұл мәміле әлі толық аяқталмаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз