Гаитидегі қырғын: кем дегенде 110 адам қаза тапты
Жексенбі, 8 желтоқсанда Адам құқықтарын қорғаудың ұлттық желісі (RNDH) Гаитидің Сайт-Солей ауданында «Wharf Jeremie» бандасының қолынан кем дегенде 110 адам қаза тапқанын хабарлады.
Қанды қырғынға қылмыстық топтың жетекшісі Монель «Микано» Феликстің өз баласы бақсының кесірінен қаза тапты деген күдігі себеп болған.
Феликс баласының сырқатына байланысты вудудан кеңес сұраған. Ол банда жетекшісінің баласына сиқырлық жасады деп қарттарды айыптаған. Осыдан соң Феликс қарт тұрғындарды қырып салуға бұйрық берген. Сойылмен және пышақпен қаруланған топ мүшелері жұмада кемінде 60 адамды, сенбіде 50 адамды өлтірген. RNDDH мәліметінше, зардап шеккендердің барлығы 60 жастан асқан қарттар. Феликстің баласы сенбі күні түстен кейін қайтыс болған.
2022 жылы Монел «Микано» Феликске көрші Доминикан Республикасына кіруге тыйым салынды. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бағалауы бойынша, 2024 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша оның Wharf Jeremie бандысының саны 300-ге жеткен.
Ел астанасы Порт-о-Пренс портының жанында орналасқан Сайт-Солей – халқы тығыз орналасқан, Гаитидегі ең кедей және ең қауіпті аймақтардың бірі. Саяси келіспеушіліктерге ұшыраған арал үкіметі астанада және оның айналасында өсіп келе жатқан қарулы топтардың ықпалын тежеу үшін күресіп жатыр. 2022 жылы ел үкіметі жергілікті полицияға халықаралық көмек көрсетуді сұраған, бірақ 2023 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бекіткен миссия ішінара орналастырылды және айтарлықтай ресурстармен қамтамасыз етілмеген.