Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:39, 28 Қараша 2023

Газадағы төрт күндік тыныштық

Газа
Фото: Mohammed Fayq Abu Mostafa / Reuters

24 қарашада Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс уақытша тоқтады. Қос тарап 4 күн «тынығып», өзара тұтқын алмасады. ХАМАС 26 қарашаға дейін Израильге үш кезеңге бөліп, 7 қазанда кепілге алынған 58 адамды қайтарып берді.

 Ал Израиль түрмедегі 117 тұтқынды босатты. Сондай-ақ осы аралықта БҰҰ Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізді. Аймаққа су, азық-түлік пен дәрі-дәрмек тиелген 200-ге тарта жүк көлігі аяқбасты.

Жергілікті уақыт 26 қараша күні Джабали лагерінде 1062 тонна азық-түлік, 185 тонна шатыр мен кілем, 890 тонна су таратылды. БҰҰ өкілі көмекке келген көлік қосынын Израиль әскерлері жіті тексеріп, кіргізгенін айтты. Сондай-ақ соғыс басталғаннан бері Газа өңірінде азық-түлік бағасы шарықтап кеткені анықталды. Мысалы, бидай бағасы 65 пайыз өссе, ауыз су бағасы бір есе көтерілген.

27 қараша соғысты уақытша тоқтату туралы келісім аяқталады. ХАМАС келісім мерзімін ұзартуға ниетті, ол үшін тағы 20-40 адамды босатуға дайын. Есесіне, тағы 2-4 күн мұрсат алғысы келеді. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС кепілге алған адамдарды көбірек босатса, «тыныштық мерзімін» созуға қарсы емес екенін айтты. ХАМАС күніне 10 адамнан босатса, атысты тоқтату мерзімін 10 күнге дейін созуға болады. ХАМАС кепілге алған 1 тұрғынды жіберсе, Израиль 3 палестиналыққа бостандық береді. Нетаньяху бітімгершілік келісімі тоқтаған соң соғыс қайта жалғасатынын айтты. Газа секторында Израиль сарбаздарымен кездесуде ол атысты ХАМАС-ты жойғанша жалғастыратынын мәлімдеді.

Атысты тоқтату режимі кезінде кейбір Палестин тұрғындары Газа секторының солтүстігіне қайта орала бастаған. Бірақ оларды жолда Израиль әскерилері күтіп алып, кейін шегіндірді. Босқындар «соғыс тоқтаған кезде солтүстікке оралуға болады» деген ақпарат естігендерін айтады. Ал Тель-Авив сектордың солтүстік бөлігі әлі де соғыс аймағы екенін айтып, тұрғындарды қайтып келмеуге шақыруда. Тауфик Язижи есімді босқын тілшілерге «бізді Газаға кіргізбей жатыр, баламды көре алмай жүрмін. Балаларым әлі кішкене, олар оңтүстікке келе алмайды. Оларды қалай алып кетерімді білмеймін. Соғысты тоқтатқандары жақсы, бірақ біз атақонысымыздан айырылдық. Дүние-мүлкіміз, зарттарымыз бәрі жоқ болды. Қалай өмір сүретініміз белгісіз, бір үзім нан табудың өзі қиын болып тұр. Барар жер, басар тауымыз жоқ, осында сенделіп жүрміз», деп мұң шақты.

Соғыс 7 қазанда басталды. ХАМАС содырларының Израиль аумағына басып кіріп, 1200-ден аса адамды атып өлтіріп, 240 адамды кепілге алған. Оның арасында өзге ел азаматтары да бар. Бұған жауап ретінде Израиль Газа секторын шабуылдауға өтіп, ХАМАС-ты толық жоюға сөз берді. Газа секторы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 7 қазаннан бері Израильдің қарымта шабуылынан 14 мыңнан астам адам қаза болған. Израиль Газа өңіріне толассыз шабуыл жасап, сектордың солтүстік бөлігін бақылауға алды.

27 қарашада БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйым соғыс тоқтаған төрт күнде Газа секторына біршама көмек жеткізгенін айтты. Бірақ 1,7 миллион босқын үшін бұл көмек түкке тұрғысыз, олардың қажеттілігін толық өтей алмайды. Гутерриштің айтуынша, Газа тұрғындары, Израиль және аумақтағы өзге елдердердің қамы үшін келіссөзді жалғастыру керек. Бас хатшы қос тарапты еш шартсыз тұтқындарды босатуға шақырды. Әрі қақтығыс тоқтап, екі ел бейбіт өмір сүргенін қалайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ бүгін америкалық миллиардер Илон Маск Израильге сапарлап барып, премьер-министр Нетаньяхумен кездесті. Израиль басшысы оны 7 қазанда ХАМАС соққысына ұшыраған Кфар-Азаға ертіп барып, ондағы шабуыл іздерін көрсетті. Маск 26 қарашада ХАМАС тұтқынынан босаған төрт жастағы бүлдіршінмен жүздесті.

Аумақта уақытша бейбітшілік орнағанымен, жақын арада соғыс тоқтамайтын сияқты. Өйткені Израиль ХАМАС-ты жер бетінен жоямыз деп белсеніп отыр. Бірақ бұл оңай жұмыс емес. Қақтығыстың астарында саяси мәселелер бар екенін ескерсек, мәселенің шешімі жоқтай көрінеді. Халықаралық ұйымдар мен ірі елдер қос тарапты сөз жүзінде бейбітшілікке шақырғанымен, оған түрткі болатын нақты қадамға бармай отыр. Мысалы, бұған дейін Израильге қарсы мұнай эмбаргосын жариялап, Израиль ұшақтарына мемлекеттің әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салу жөнінде ұсыныс айтылған. Бірақ бұған БАӘ, Сауд Арабиясы, Марокко және Бахрейн қарсы болып отыр. Олар бұл шара Тель-Авивті тежей алатынына сенбейді. Халықаралық ұйымдардың осындай солқылдақ саясаты соғыстың ұзаққа созылуына себеп болары сөзсіз.

Қуан ӨМІРХАН

Тегтер: