Оқиғалар

Хамза Рифаат Хусайн: Құрылтай сайлауы азаматтар мүддесінің өкілдігін кеңейтеді

Алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстандағы өкілді институттарды дамытудың маңызды кезеңіне айналады.

1

 Пәкістандық сарапшы Хамза Рифаат Хусайнның пікірінше, жаңа заң шығарушы органның құрылуы мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға ықпал етіп, азаматтардың өз өміріне тікелей қатысты мәселелерді талқылауға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Хамза Рифаат Хусайн Пәкістанның Исламабад қаласындағы Өңірлік зерттеулер институтының Орталық Азияның өңірлік өзара байланысы жөніндегі бағдарламасын басқарады. Ол өз бағалауында сайлаудың ел ішіндегі маңызын, азаматтық қатысудың рөлін және Қазақстандағы саяси өзгерістердің Орталық Азия мен кең ауқымды Еуразия өңіріне ықпалын қарастырды.

Мемлекеттік институттардың есептілігі мен ашықтығы

Сарапшы алдағы сайлауды Қазақстанның мемлекеттік институттарын одан әрі дамытудың маңызды бөлігі ретінде қарастырады.

«2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда елдің жаңа заң шығарушы органы – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – Қазақстанның демократиялық дамуындағы маңызды кезең. Өйткені ол демократиялық реформаларды жүргізуге, халықтың мүддесіне бағытталған саясатты қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік институттардың азаматтар алдындағы нақты есептілігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге деген ұмтылысты көрсетеді», – деп атап өтті Хамза Рифаат Хусайн.

Құрылтайдың алғашқы құрамының жасақталуы жаңа Конституцияның ережелерін іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Депутаттарға қоғамның сұранысын ескере отырып заңдар қабылдау және азаматтар мен өкілді орган арасындағы байланысты нығайту міндеті жүктеледі.

Сарапшы азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелерді ашық көтеру мүмкіндігіне ерекше назар аударды.

«Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрған, уранның, басқа да табиғи ресурстар мен аса маңызды минералдардың қомақты қорына ие Қазақстан Орталық Азия тұрғысынан дәстүрлі түрде назар орталығында болып келеді. Ал осындай сипатта алғаш рет өткелі отырған бұл тарихи сайлау азаматтардың өз өміріне тікелей қатысты мәселелерді ашық әрі жауапкершілікпен көтеру мүмкіндіктерін одан әрі нығайтып, кеңейтуге ықпал етуге тиіс. Дәл осы қағидаттар алдағы сайлаудан көрініс табады деп күтіледі», – деп атап өтті сарапшы.

Азаматтардың қатысуы тек дауыс берумен шектелмейді. Саяси партиялар мен олардың бағдарламаларын таңдау Құрылтайда қандай қоғамдық сұраныстар мен ұстанымдардың ұсынылатынын және заң шығару күн тәртібінен көрініс табатынын айқындайды.

Азаматтық өкілдік және өңірлік маңыз

Хамза Рифаат Хусайнның бағалауынша, сайлаудың маңызы Қазақстанның ішкі саяси күн тәртібінің аясынан шығады.

«Бұл сайлау Орталық Азияның саяси өмірі үшін ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды Еуразия және Каспий өңірлері үшін де тарихи оқиғаға айналады. 2026 жылғы сайлауға қатысу – Қазақстан халқының азаматтық құқығы әрі конституциялық өкілдігінің бір түрі», – деді пәкістандық сарапшы.

Қазақстан Еуразиядағы экономикалық және саяси үдерістерде маңызды орын алады. Сондықтан оның мемлекеттік институттарының дамуы көршілес елдер мен халықаралық серіктестердің қызығушылығын тудырады. Дауыс беру азаматтарға өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырып, жаңа заң шығарушы органның құрамына тікелей ықпал етуге мүмкіндік береді.

Пәкістандық сарапшының бағалауынша, 23 тамыздағы сайлау институционалдық, қоғамдық және өңірлік өлшемдерді біріктіреді. Ол Құрылтайдың алғашқы құрамын айқындап, азаматтардың заң шығару күн тәртібін қалыптастыруға қатысуын кеңейтеді және Қазақстанның жаңа конституциялық моделінің іс жүзіндегі жұмысына жол ашады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз