Иран АҚШ-пен байланысты танкерлерге соққы жасап, жаңа шабуылдармен қорқытты
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Али Азими Иран Ормуз бұғазында АҚШ-пен байланысты үш мұнай танкеріне соққы жасағанын мәлімдеді.
Азимидің айтуынша, ИРСК Әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазы арқылы рұқсатсыз өтуге әрекет жасаған АҚШ-пен байланысты үш мұнай танкеріне шабуылдаған.
Бұдан бөлек, басқа аудандарда тағы үш кемеге соққы жасалғаны айтылды.
ИРСК қолбасшысы Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы маңындағы барлық кемеге Вашингтонның «арандатуына ермеуге» және рұқсат етілмеген теңіз бағыттарымен жүрмеуге кеңес бергенін жеткізді.
«Әйтпесе бұл кемелер нысанаға айналады», – деді Азими.
Бұған дейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) америкалық әскерилер Харк аралы, Джаск ауданы және Оман шығанағында ИРСК-ке тиесілі үш мұнай танкерін жойғанын хабарлаған. АҚШ тарапы мұны Иранның АҚШ Әскери-теңіз күштерінің екі әскери кемесіне жасаған соққысына жауап деп түсіндірді.
CENTCOM мәліметінше, істен шығарылған ирандық үш танкер шикі мұнай тасымалдаған және ИРСК пен оның аймақтағы одақтастарын қаржыландыратын миллиардтаған долларлық «көлеңкелі желінің» бір бөлігі болған.
Тегеран өкілдері АҚШ әскері Иран кемелерін қудалап, оларға шабуыл жасауды жалғастырса, бұдан да қуатты соққылар жасалатынын ескертті.
Осы аптаның басында Иран мен АҚШ бір айдан астам уақыттан кейін алғаш рет өзара соққы алмасты. Бұл жағдай тараптар арасындағы әскери шиеленістің қайта күшею қаупін арттырып отыр.