Live

Түркияда курьер болып жұмыс істеген қазақстандықтың өліміне қатысты тың мәліметтер жарияланды

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Түркия және Грузияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың бірнеше мүшесін ұстады.

Полиция

Тергеу жұмыстары Ыстамбұлда Қазақстан азаматы Исмаиловтың тапаншамен атылып өлтірілуінен кейін басталған.

ІІМ мәліметінше, жолға қойылған өзара іс-қимылдың нәтижесінде кісі өлтіру дерегі жедел ашылып, қылмысты тікелей жасаған екі адам қолға түскен. Тергеу барысында қылмыстың себебі анықталып, оны ұйымдастырған және тапсырыс берген адамдардың халықаралық іздеуде жүрген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық ортаның өкілдері екені белгілі болған.

Жиналған ақпарат Қазақстан аумағында осы қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін өзге де ауыр қылмыстарды ашуға мүмкіндік берген. Атап айтқанда, Алматыда 2025 жылдың тамыз айында қала тұрғынын өлтіруге оқталу ісі бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталды. Одан қылмыс қаруы ретінде пайдаланылған тапанша тәркіленген. Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданған.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары үш мемлекеттің аумағында кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізіп, Алматыда аталған қылмыстық құрылымның бірнеше мүшесін ұстаған. Олар қару қолданылған бірнеше шабуылға қатысы бар деген күдікке ілінген.

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық топ диаспоралық топтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне ықпал ету үшін қылмыстық идеология элементтерін пайдаланған. Сонымен қатар Грузия аумағында да осы трансұлттық құрылыммен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар күдіктілер ұсталған.

Қазіргі уақытта барлық анықталған қылмыстық фактілер бойынша дәлелдемелерді жинау жалғасып жатыр. Тергеушілер қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды анықтап, ұйымдастырушыны қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

ІІМ мәліметінше, трансұлттық қылмыстық құрылымдардың қызметін тоқтату шетелден жүзеге асырылатын қылмыстық ықпал ету арналарын бұғаттауға, елімізде өзге де ауыр қылмыстардың алдын алуға және заң үстемдігі қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз