Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:25, 17 Желтоқсан 2024

Израиль Латакия мен Тартустағы әскери нысандарға шабуыл жасады

Бомба жарылысы
Фото: ашық дереккөз

Израиль әскері Сириядағы Латакия мен Тартус жағалауындағы қалалар маңындағы нысандарға шабуыл жасады. Жергілікті тұрғындар қатты жарылыс болғанын хабарлады.

Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) Сириядағы билік ауысқаннан кейін де сол елдегі нысандарға шабуыл жасауды жалғастырып жатыр. Бұл туралы dpa агенттігі Лондонда орналасқан Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығына (SOHR) сілтеме жасап хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, 16 желтоқсан, дүйсенбіге қараған түні Израиль Жерорта теңізі жағалауындағы Латакия және Тартус қалаларына жақын орналасқан нысандарға шабуыл жасаған. Тартустағы Сирия армиясының бұрынғы офицері dpa агенттігіне әскери нысандарды бомбалау «түнді күндізге айналдырды» және жарылыс дыбысы он шақырымдай жерде естілгенін айтты.

Катардың «Әл-Жазира» арнасының хабарлауынша, Израильдің соққылары Башар Асад режимі құлағаннан кейін «елдің әскери мүмкіндіктерін істен шығару» үшін Сирияның әуе қорғаныс жүйелері мен оқ-дәрі қоймаларын нысанаға алуы мүмкін. Журналистер аты-жөнін атамаған мамандарға сүйеніп, «химиялық қару шығаратын зауыт» да зақымданған болуы мүмкін деп жазады. Бұған қоса, Әл-Жазира 16 желтоқсанға қараған түні Дамаск пен оның маңындағы нысандарға шабуыл жасалғанын хабарлады.

Бұл ақпараттар жарияланған кезде Израиль қорғаныс күштері Сирия аумағынакейінгі шабуылдары туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Тегтер: