«Қабырғам, ішім ауырады»: Алматыда 6-сынып оқушысы мұғалімнен жәбір көргенін айтты
Алматыда мектеп оқушысы дене шынықтыру сабағында соққыға жығылғанын айтты. Оның айтуынша пән мұғалімі сыныптастарына да қол көтерген. Әлеуметтік желілерде видео тарады, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Баланың соққыдан қабырғасы мен асқазаны ауырған. Бүгінде полиция департаменті тергеу жұмыстары басталғанын айтты.
«Қабырғадан ұрды, енді төрт күннен бері барлық қабырғам ауырады, ішім, ішімнің тұсы. Ұрғанда арыздансам «шапалақпен» ұрамын деді. Ол менің форма кимейтін сыныптастарымның қолын қайырып, бәрін осылай қорқытады. Мен мектепке барғым келмейді, өйткені ол маған бірнәрсе істей ме деп қорқамын», - дейді бала.
Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұған қатысты пікір білдірді.
«Алматы полиция департаменті бұл дерек бойынша Алатау ауданы әкімшілігінің тексеру жүргізіп жатқанын хабарлайды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданатын болады», - деді ол.