Қала ортасындағы «Титаник»: Тұрғындар «үйіміз құлап қала ма» деп қауіптенеді
Осы дауда аты аталған адамның бірі, белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің немересі – Мәди Есенберлин. Ол осы көп қабатты тұрғын үйдің МИБ төрағасы болған.
Алматының төрінде, Көктөбенің етегіне таяу, Медеу ауданындағы жайлы, қымбат тұрғын үй кешендерінің бірі саналатын «Арманда» қазір мазасыздық басым. Сырт көзге мұндағы өмір сәулетті де сәнді көрінуі мүмкін: еңселі үйлер, жаңарған аула, тап-таза асфальт. Бірақ осы сыртқы тыныштықтың ар жағында тұрғындардың жүйкесін жұқартқан, тіпті кейбірін жаңбыр мен қардан қорқатын күйге түсірген үлкен мәселе жатыр. Бұл даудың түп-төркіні – үйдің гидрооқшаулағышы мен ауласын жөндеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі. Осы шаруаға тұрғындардан шамамен 60 миллион теңге жиналған. Алайда жұрттың айтуынша, мәселе шешілудің орнына күрделене түскен. Жерасты автотұрағына су өтіп, төбеден әк аралас тамшы сорғалап, қабырғалар қарайып, кей жерлері үгітіле бастаған. Ең қиыны, тұрғындар өздері тұрып жатқан үй күндердің-күнінде құлап қалуы мүмкін деп алаңдайды.

«Жаңбыр жаумаса екен деп тілейміз»
«Арман» тұрғын үй кешеніндегі даудың басы былтырғы жөндеуден басталған. Алдымен тұрғындар арасынан арнайы комиссия құрылыпты. Комиссия мердігерді таңдаған, сметаға қараған, қандай жұмыс істелетінін пысықтаған. Сөйтіп, қайта жөндеу жұмысын бастап кеткен. Алайда құрылыс біткенде төбеден сорғалаған су үдеп кеткен. Енді тұрғындар ауа райы бұзылған сайын алаңдайды, жаңбыр жаумаса екен деп тілейді. Себебі жаңбыр жауған сайын көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесі де суға толады.

Қазіргі мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы Қайсар Боранбаев та мәселенің барын ашық айтып отыр. Оның сөзінше, былтыр қараша айында төраға болып сайланғаннан бері осы мәселемен күресіп келеді. Егер су осылай қабырғаны қуалап аға берсе, алдағы уақытта үйдің іргетасы мүжіліп, құлап қалмай ма деген қауіп бар екенін жасырмайды.
«2023 жылы үйге қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әр тұрғыннан 250-300 мың теңгеден ақша жинадық. Комиссия құрылды, құрылысқа қатысты мамандар болды. Содан кейін біз қаржымызды сеніп тапсырдық. Компания іріктелді, соңында Өскеменнің «УкаСпецСтрой» компаниясы таңдалды. Олар аулаға төселген бетонды бұзып тастады. Біз орнына арнайы судан қорғайтын қабат төсейтін шығар деп ойладық. Бірақ олар бірден асфальт төсей салды. Тұрғындар күмәнданып «бұл қалай болады, ертеңгі күні су өтіп кетіп жүрмей ме?» дегенде, олар «бәрі ойдағыдай» деп жауап берді. Қазақта «ауруды жасырсаң, өлім әшкере қылады» демей ме, бізде де дәл солай болды. Жаңбыр жауғанда жасалған жұмыстың қаншалықты сапасыз екенін көрдік», – дейді қазіргі МИБ төрағасы Қайсар Боранбаев.
Бұдан кейін ол бізге асфальтталған ауланы көрсетті. Оның сөзінше, асфальт төселгенде жиналған жаңбыр суын суағарға қарай апаратындай жағдай ескерілмеген, соның кесірінен еріген қар, жауған жаңбыр суы әр жерде көлшік болып жиналып, оның бәрі түбінде төмендегі паркингке қарай ағады.
«Міне, бүгін жаңбыр жарты сағат сіркіреп жауды. Бірақ су ауламыздың әр жеріне жиналып қалған. Мұның бәрі жертөлеге сорғалайда. Қыста еріген қар суы ағады, сосын қатқан су кез келген жерді бұзып-жара алады. Сондықтан қабырғаларымызды болашақта жарып жібере ме деп қорқамыз», – дейді мүлік иелері бірлестігінің төрағасы.

«Мәселені шешу үшін тағы 60-70 млн қаржы қажет»
Қайсар Боранбаевтың айтуынша, құрылыс компаниясы гидрооқшаулағыш қабаттың екі метрден тор түрінде төселгенін мәлімдеген. Алайда осыны тексеру үшін тұрғындар мердігер компания басшысы Александр Усюковты шақырып, тәуелсіз сарапшы жалдап, шамамен үш метр аумақтағы асфальтты ашып қараған. Бірақ нәтижесі тұрғындар қалағандай болмай шыққан.
«Ештеңе шықпады. Не су қорғау қабатын, не қара қағазды, не шайырды (смола) көрмедік. Мүмкін олар басқа жерге төсеген шығар. Алайда біз ашқан жерде ештеңе болмады. Сондықтан ауладағы бұрынғы бетонды қырып тастағанына өкініп қалдық. Себебі оның су қорғау қабаты асфальттан сапалы еді. Ал сот тағайындаған сарапшы еш жерді ашып қарамады. Жай ғана аулаға келіп қарап, қорытынды жасай салды», – дейді МИБ төрағасы.

Тұрғындармен сөйлескенде білгеніміз, бетон бар кезде де паркингке су аққан, алайда қазіргідей емес, аздап су тамшылайтын болған. Сондықтан тұрғындар болашақта жертөленің қабырғалары жарылмауы үшін осы мәселенің алдын алуды қамдаған. Сол үшін де арнайы компания жалдап, су қорғау қабатын күшейтуді жоспарлаған. МИБ басшысы «жалдаған компаниямыз керісінше жасап, қазір су тамшыламайды, керісінше өзендей ағып жатыр» дегенді алға тартады.
«Иә, көрген «жемісіміз» осы болды. Бұрынғы МИБ төрағасы, жалдаған компания, комиссия мүшелері үмітімізді ақтамады. Мен былтыр қараша айында тағайындалдым. Енді мәселе ушығып кеткен соң көмек сұрадық. Олар көмектесеміз деген, бірақ арада бірнеше ай өтті, бір рет те қол ұшын созған жоқ. Қазір бәрін сотқа тіреп отыр. Бірақ ақша аударылғанда бұрынғы МИБ басшысы Мәди Есенберлин қол қойған. Оған осы үйден 12 тұрғын кеңесші болып сайланған. Қазір біз жаңадан келдік, осы мәселе бойынша бірнеше сұрақ қойдық. Алайда біреуіне де жауап ала алмадық. Алайда ақша 3 этаппен аударылған кезде солар қол қойған. Енді бізде күдік пен күмән бар. Құрылыс бастар кезде АПЗ деген болады. Қазақшаласақ, «Сәулеттік жоспарлау тапсырмасы», онсыз құрылысты бастау мүмкін емес. Ал біздің жағдайда АПЗ жоқ. Болмаған да! Егер осындай олқылықтар болмаса, бұл даулы мәселеге айналмайтын еді. Қазір құрылыс компанияларына сараптама жасасам, олар 60-70 млн теңгеге жасап бере аламыз деген қорытынды шығарды. Ал біз 2023 жылы сонша ақша бөлдік. Мәди Есенберлин «200 млн теңге қажет» деген. Бірақ сол кезде жетпейтінін біле тұра неге жұмысты бастап кеткені түсініксіз. Бәлкім, 60 млн теңге жетпейтін болса, біз тағы да ақша жинар ма едік деп ойлаймын. Енді тұрғындар бұлай жасағаннан жасамағаны артық еді деп, өкініп отыр», – дейді Қайсар Боранбаев.
Тұрғындар не дейді?
Тұрғындардың наразы бөлігі жөндеудегі қателікті аулаға асфальт төселгенінде деп есептейді. Олардың айтуынша, мәселенің өзегі аула көркін кіргізуде емес, паркинг төбесін судан қорғауда болған. Ал асфальттау – гидрооқшаулауды алмастыра алмайтын шешім. Бұл пікірді тұрғындардың бірі Владимир де ашық айтады. Ол бастапқыда жөндеу барысын қадағалайтын үй кеңесіне кірген. Бірақ кейін айтқаны үшін комиссиядан шығарып тастағанын алға тартады. Владимирдің сөзінше, ескі гидрооқшаулау қабаты алынып тасталғанда, жаңа жүйе қайтадан толық жасалмаған. Оның орнына бір түнде жай ғана асфальт төсей салған.

«Негізгі келісімшартта көрсетілген жұмыс пандуста гидроизооқшаулағыш қабат жасау болған. Ал бұл пандус паркингтің төбесі саналады. Яғни ол үйдің іргетасын судан қорғауы тиіс. Алайда мердігер бұл жұмысты салғырт орындағандықтан, жағдай ушығып кеткен. Пандус бұрынғыдан да қатты су өткізе бастаған, ал іргетас тұрақты түрде ылғалданып, біртіндеп бүлініп жатыр. Жұмыстың негізгі мақсаты сейсмикалық жіктерді гидроизоляциялау болған. Бұл жерде бірнеше сейсмо жік бар, олар жер сілкінісі кезінде плитаның бұзылуына жол бермеуі керек. Бұрын бұл жерде суды ұстап тұратын тығыз бетон бар еді, қазір ол жоқ. Жаңа айтып өткенімдей, сейсмо жік ашылмаған, гидроизоляция жасалмаған. Соның салдарынан шамамен 10 сантиметрге дейін жететін жарықтар арқылы су еркін өтіп жатыр. Асфальт – кеуекті материал, ол суды құм немесе қиыршық тас сияқты өткізе береді. Бұдан бөлек, «жұмыс істелді» деген әсер қалдыру үшін тек периметр бойына рубероид төселген. Ал нақты су өтетін жерлерде гидроизоляциялық материал мүлде салынбаған. Яғни іс жүзінде барлық кемшілік асфальттың астында жатыр. Кейін біз тәуелсіз сарапшы шақырдық. Ол белгілі бір жерлерді ашып қарап, сейсмо жіктерге ешқандай гидрооқшаулау жасалмағанын анықтады. Осылайша, жиналған қаражат желге ұшты деуге болады. Қазір мердігер сот арқылы орындалған жұмыстар актісіне қол қойдыруға тырысып жатыр. Бірақ шын мәнінде, негізгі жұмыстар атқарылмаған», – дейді Владимир.
«Бәрімізді сотпен қорқытып жүр»
Осы үйдің тұрғыны Сара Мәди Есенберлинмен «варварский подход» деген сөзі үшін соттасып жүр. Оның сөзінше, М.Есенберлин тағы да басқа көршілерін «ар намысыма нұқсан келтірді» деп сотқа бермекші. Соны бірі – 80 жастан асқан Ольга Алексеевна. Тұрғындар атақты жазушының немересі көршілерімен соттасып жатқанына қынжылатынын да айтып қалды.

«Біздің тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғылар жоқ. Жоғалып кеткен. Мен көршілер ортақ чатында «варварский подход», «құрылғылар ұрланып кеткен» деп жазып жібердім. Мен бұл сөзді тура бұрынғы МИБ төрағасына қарата айтқан жоқпын. Жалпылама жазған едім. Енді ол «ар-намысымды, қадір-қасиетімді және іскерлік беделімді қорғаймын» деп, мені сотқа беріпті. Бірақ оның іскерлік беделі жасалған жұмыстан көрініп тұр. Біз қалаған мақсат орындалған жоқ — «гидрооқшаулау жасалып, паркинг құрғақ болып, машиналар тұрсын» деген едік. Ал қазір ол жерде көлкіген су жатыр.
Мен жасы 70-тен асқан зейнеткермін. Тиісті білімім, біліктілігім, тәжірибем бар. Осындай адамдармен, осындай жастармен бетпе-бет келуге мәжбүрміз. Қазір сараптама тағайындалды, соны күтеміз.
Менің ұғымым бойынша: егер ол «мұны мен жасаған жоқпын, комиссия кінәлі» десе, қандай комиссия екенін айтсын. Сен төраға болдың ба, демек сен жауапты тұлғасың. Басқа біреуге қандай да бір қызмет немесе жұмыс үшін ақша аударатын құжаттарға сен қол қоясың. Демек, барлық жауапкершілік сенің мойныңда. «Мен жай ғана қасында тұрдым, кінәлі басқа біреу» деген сылтау жүрмейді», – дейді зейнеткер.
Біз аты аталған, құрылысқа жауапты болған адамдармен де хабарластық. Осы дауда аты аталған адамның бірі, белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің немересі – Мәди Есенберлин. Ол осы көп қабатты тұрғын үйдің МИБ төрағасы болған. Ол қойған сауалдарымызға жауап беруден бас тартты, өзі «өкілім» деп таныстырған Арман Құрманғалиевпен сөйлесуімізді өтінді. Ал Арман Құрманғалиев бірден бізді сотқа беретінін айтты.
«Бұл мәселе бойынша қазір сот процесі жүріп жатқанын білесіздер ме? Сот жүріп жатқан кезде мақала жариялауды сотқа қысым көрсету элементі деп ойламайсыздар ма? Мен мұндай мақала сот процесіне әсер етпейді деген пікірмен келісе алмаймын. Бұл тақырыпта бір мақала жарияланды, соған байланысты қазірдің өзінде сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейдіА.Құрманғалиев.
Біз егер сотқа қатысты дау туып жатса, ол редакцияның мәселесі екенін алға тартып, тек қазіргі тұрғын үйге қатысты Мәди Есенберлиннің пікірін білгіміз келетінін ескерттік. Алайда сауалымыз жауапсыз қалды.

Бұдан кейін техникалық қадағалаушы болған Уәлихан Ахметовпен де сөйлестік. Ол алдымен бізге бірнеше видео жолдады. Оны көріп ұққанымыз, техникалық қадағалаушы паркингке су өтуінің басты себебі балалардың ойын алаңы екенін айтады. Оның сөзінше, асфальттау жұмыстары ойдағыдай жасалған. Бұл уәжге қазіргі МИБ төрағасы келіспейтінін жеткізді. Қ.Боранбаев бізге паркингтегі төбесі балалар ойын алаңы болатын жерді көрсетті. Біз көрген паркинг құрғақ болып шықты. Кейін осы уәжді алға тартып, «технадзорға» қайта хабарластық.
«Асфальт гидроизооқшаулағыш қызметін атқармайды, ол тек қорғаныш қабат болып саналады. Оның астында тігістер ашылып, барлық түйісу жерлерінде гидрооқшаулау жасалған. Сонымен қатар аулада жүрудің өзі мүмкін болмаған, өйткені бетон қатты бүлінген еді.Жалпы, орындалған барлық жұмыстар актіде көрсетілген. Солармен танысыңыздар. Сот та сарапшылар тағайындап, тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жақын арада сот шешімін шығарады. Ал қазіргі және бұрынғы МИБ басшылығы арасындағы тартысқа араласпаймын», – дейді техникалық қадағалаушы.

«Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық»
Комиссия мүшелерінің бірі – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Т.К.Басенов атындағы сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев. Алғаш құрылыс басталмай тұрып комиссия құрамында оның болатынын білген кейбір тұрғын құрылыстың ойдағыдай жасалатынына сенген. Себебі Болат Құспанғалиев – осы саланың маманы, архитектор.
«Жеке өзім қатты сендім. Құрылыс басталғанда да ол кісіден бәрі дұрыс жасалып жатқанын білу үшін жиі сұрап тұрдым. Ол «бәрі дұрыс» деп жауап қататын. Бірақ құрылыс бітіп, су аға бастағанда, «бұл қалай?» десек, қолын бір сілтеп кетті. Өзінің баспанасы бола тұра, оның не үшін құрылыс барысын бақыламағанын түсіне алмадық. Неге арнайы тәжірибесі бар компания шақырмағанын білмей дал болдық. Бәлкім, олардың басқа жақта пәтері бар шығар. Қауіпті болып жатса, көшіп кетер, бірақ біздің көшкіміз келмейді. Армандаған пәтерімізге әзер қол жеткіздік. Бір күні маған «проректормын» деп визиткасын береді. Проректор болғанын қайтейін, өзің тұрып жатқан үй үгітіліп жатса! Адам атына сай болу керек. Қазақта «алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген сөз бар», – дейді Қайсар Боранбаев.
Біздің Болат Құспанғалиевпен байланысуға тырысып көрген әрекетімізден ештеңе шықпады.
Сараптама не дейді?
Даудың ең салмақты тұсы – тәуелсіз сараптама қорытындысы. Сарапшылардың қорытындысында «УкаСпецСтрой» жүргізген жұмыстың Қазақстанның құрылыс нормаларына толық сәйкес келмейтіні көрсетілген. Әсіресе гидроизооқшаулау мен асфальтқа қатысты елеулі ескертпелер бар. Құжатта бірқатар жерден сыртқы қабырғаға су өтетіні, гидроизооқшаулаудың зақымданғаны, кей тұста бетон негізінің ылғалданып, бүлінгені айтылады. Кей учаскелердегі материалдарда дұрыс байланыс жоқ. Асфальт төсенішіне қатысты қорытынды да көңіл көншітпейді. Онда асфальт қабатының бір жерінде қалыңдық талаптан төмен екені, енді бір жерінде тығыздық пен суға төзімділік көрсеткіштері нормаға сай келмейтіні жазылған. Қарапайым тілмен айтқанда, асфальт тек эстетикалық тұрғыдан емес, техникалық жағынан да сапасыз екені жазылған. Ең қиыны, сарапшылар қазіргі ақауларды толық жою үшін тағы 66 миллион теңгеден астам қаражат қажет болады деген қорытынды жасаған. Сонда тұрғындардан жиналған 60 миллион теңге проблеманы шешпегені былай тұрсын, енді соған шамалас ақша тағы керек болып отыр.
Жауапты компания басшысы не дейді?
Осы мәселені алға тартып, біз «УкаСпецСтрой» ЖШС директоры Александр Усюковке хабарластық. Ол бізге жұмыстарды адал атқарғанын, келісімшартта көрсетілген көлем мен келісілген смета аясында, тапсырыс беруші нақты қабылдаған материалдар көлемінде жұмыс істегендерін айтты. Компания директорының сөзінше, «УкаСпецСтрой» бүкіл тұрғын үй бойынша толық гидроизоляция жүргізбеген және ғимараттың өткен жылдардан бері жиналып қалған барлық конструктивті мәселесін шешуді мойнына алмаған. Жұмыс көлемі келісімшартпен, спецификациямен және тапсырыс берушінің өзі бекіткен бюджетпен шектелген.
Тағы бір маңызды жайт мынау: кейбір материалдар, соның ішінде асфальт-бетон қоспасы Усюковтың компаниясы арқылы емес, МИБ тарапынан жеке сатып алу-сату келісімшарты негізінде алынған екен. Бұл іс материалдарындағы құжаттармен расталыпты.
«Сондықтан жағдайды «барлық шешімді, көлемді және материалдарды тек «УкаСпецСтрой» жасады» деп көрсету – шындыққа жанаспайды. Біз жұмыстар тапсырыс берушінің қатысуынсыз немесе өз бетінше жүргізілді деген пікірмен түбегейлі келіспейміз. Барлық шешімдер МИБ бекіткен шарттар аясында қабылданды. «Сапасыз жөндеу» туралы айыптауларға келсек, бұл жерде заңды және кәсіби тұрғыдан нақты сөйлеу қажет. МИБ тарапы жеке кәсіпкер Батуринаның қорытындысына сүйенеді. Біз бұл қорытындымен келіспейміз, өйткені ол бір тараптың бастамасымен жасалған және даудың түпкілікті шешімі бола алмайды. Сондықтан сот процесі аясында тәуелсіз маман тартылды. Сот тағайындаған маман «УкаСпецСтрой» ЖШС атқарған жұмыстарда, келісімшарт талаптарынан, жобалық және техникалық құжаттамадан, сондай-ақ құрылыс нормалары мен ережелерінде кемшілік жоқ екенін анықтады.
«УкаСпецСтрой» ЖШС келісімшарт аясында жұмыстарды адал орындады. Біржақты айыптаулармен келіспейді, сотта ұсынылған сараптама қорытындысы біздің жұмысымызда ақау жоқ екенін көрсетеді. Ал даудың соңғы нүктесін сот қоюы тиіс. Сот процесі аяқталғанға дейін біз бұл жағдайды медиа дауға айналдырғымыз келмейді. Дегенмен фактілерді нақты түсіндіруге әрқашан дайынбыз», – дейді компания директоры.

Қазір бұл мәселе сотта қаралып жатыр. Мердігер өзіне тиесілі қаржы толық төленбегенін алға тартады. Тұрғындар жұмыстың сапасына наразы. Мәди Есенберлин бұл дауда үшінші тарап ретінде көрсетілген. Ал қазіргі МИБ төрағасы мен тұрғындар тұрғын үйдің қауіпсіздігіне алаңдайды.
Жиналған ақшаның есебін кім толық, ашық түсіндіреді? Жөндеу жобасы уақытша шешім екені алдын ала айтылды ма? Техникалық қауіптілік неге дер кезінде ескертілмеді? Егер сараптама рас болса, осы қателік үшін кім жауап береді? Бұл сұрақтар басы ашық күйінде қалып отыр. Себебі бұрынғы МИБ төрағасы комиссияға сілтейді. Комиссия мердігерге қарайды. Техникалық шешімге қатысқандар актіні көрсетеді. Мердігер сотты алға тартады. Бір сөзбен айтқанда, шешімі жоқ түйін сынды мәселенің зардабын қарапайым тұрғындар тартып отыр.
Тұрсынбек БАШАР.