Қарабаевтың ойы: Әуежайдан құтылып, жауапкершіліктен қашу
Соңғы кездері көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы әуежайларды шетелдіктерге беру жайын жиі талқыға салып жүр.
Министрдің ойынша, мұндай бастама әуежайлардың тиімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету сапасын жақсартады.
Елдегі әуежайларды шетелдік инвесторлардың қолына беру нақты мынадай мүмкіндіктерге жол ашады дейді министр: 1) Шетелдіктер әуежайларға қажетті қаржыны құя алады. Бұл арқылы әуежайға жаңа терминалдар салып, әуе қатынастарын кеңейтуге ықпал етеді. 2) Әуежайларда халықаралық немесе шетелдік тәжірибені қолдану – бәсекелестік қабілеттілікті арттырады. Логистика және қызмет көрсету сапасы артады. 3) Ұшу қауіпсіздігі жоғарылайды. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасы артады.
Биыл жыл басталғалы бері осындай жоспар айтып жүрген Қарабаев болашақта Қазақстандағы барлық әуежайды еуропалық инвесторлардың басқаруымен жекеменшікке беруге дайын екендерін мәлімдеді. Министр бұл әрекет арқылы Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік хабқа айналатынымызға сенімді.
Сарапшылар министрмен келіспейді
Қазақстан авиация саласында транзиттік хабқа айналу үшін алдымен қордаланып жатқан біраз мәселелерді шешіп алуы керек. «Жас Алашқа» пікір білдірген азаматтық авиация саласының маманы, авиа-сарапшы Алтынбек Жаппаровтың сөзіне сүйенсек, қазір мемлекет әуежайларды не істейтінін өзі де білмей отыр. Оған себеп, бізде күні бүгінге дейін азаматтық авиация саласына қатысты мемлекеттік саясатты айқындайтын сауатты құжат жоқ.
«Мысалы, Петропавл әуежайы бірнеше мәрте сатуға шығарылды. Төртінші мәрте сатуға шығарылғанда инвестор келіп, сенімгерлік басқаруға алды. Шымкенттегі әуежайда инвесторлар жаңа терминалдар салып, сонымен ескі әуежай терминалдарын сатып жатыр. Павлодар неше жыл қатарынан әуежайын сата алмай отыр. Қазақстандағы әуежайлардың кейбіреуі сенімгерлік басқаруға берілсе, енді бірі мемлекеттік коммуналдық меншікте болғандықтан басқару үрдісі ала-құла. 2019 жылы Қазақстандағы 11 әуежайда «ашық аспан» саясаты жарияланды. Бұл «кез келген әуе компаниясы елге ұшып келе алады» дегенді білдіреді. Алайда бұл саясат іске қосылған жоқ. Себебі, мемлекеттік реттеу жоқ. Бізде керісінше, әуе рейстері үнемі кешігіп жатады. Бұл саладағы миллиондап табыс табатын монополистер әуе билетінің бағасын қымбаттатуды әдетке айналдырып алған. Авиация нарығына жекелеген монополистер, инвесторлар араласқаннан кейін мәселе осылай өрбиді. Кез келген әуежайлар ақшаны әуе компанияларынан алады. Ал ол әуе компаниялары қаласа ұшақ ұшады, қаламаса ұшпайды. Міне, әуежайларды жекеменшіктің қолына беру ең алдымен осындай мәселемен бетпе-бет әкеледі. Тағы бір мысал, қазір бізде Атырау әуежайының екі иесі бар. Бұл әуежайдың терминалы түрік инвесторына тиесілі болса, ал ұшу-қону жолағы мемлекетке тиесілі. Негізінде әуежай саласында терминал басты нысан. Сондықтан терминалдарды шетелдіктерге басқаруға беруде мемлекеттік мүддені ескеру керек. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ертең бір жағдай бола қалса, жекеменшіктегі әуежай терминалдары әуе кемелерін қабылдамай қоюы да мүмкін. Сондықтан бұл өзекті мәселе. Өз басым, осы жалғыз ғана себеп үшін елдегі әуежайларды шетелдік инвесторлардың басқаруына беруді қолдамаймын. Сондықтан елдегі әуежайлардың нақты саны, олардың жұмыс істеу тәсілі, оларды реконструкциялау үнемі мемлекет бақылауында болуы керек», – дейді Алтынбек Жаппаров.
Үкімет жүгін жеңілдеткісі келеді
Ал көлік министрлігінің бізге берген деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 23 әуежай бар. Олардың 18-і – халықаралық. Осылардың ішінде жолаушыларға ең көп қызмет ететіндері – Алматы әуежайы (9,5 млн адам), Астана (7,4 млн адам), Шымкент (1,8 млн адам), Ақтау (1,5 млн адам), Атырау (1,1 млн адам). Ал енді осы 23 әуежайдың төртеуі жекеменшік екен. Олар Алматы халықаралық әуежайы, Тараздағы Әулиеата халықаралық әуежайы, Орал халықаралық әуежайы және Жезқазғандағы «Жезқазған Эйр». Бұдан бөлек, мемлекеттік бола тұра сенімгерлік басқаруға берілген әуежайлардың қатарында Астана, Ақтау, Петропавл, Шымкент, Түркістандағы әуежайлар бар. Өзге әуежайлардың бәрі мемлекет меншігінде. Олар: Балқаш, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Семей, Үржар, Үшарал, Зайсан, Өскемен, Талдықорған әуежайлары.
Көлік министрлігі елдегі әуежайлардың көбі жөндеуді қажет ететінін жасырмайды. Мәселен, Астана, Ақтау, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент әуежайларындағы ұшу-қону жолағы жөндеуді қажет етеді. Балқаш және Орал әуежайларында перрон мен рөлдеу жолдарын қайта құру керек. Уақыт өте келе басқа да әуежайлар күрделі жөндеуден өтуі керек.
Міне, министрлік осы мақсатта салаға шетелдік инвесторлар тартуды дұрыс санайды. Қазірде Астана әуежайы бойынша Біріккен Араб Әмірлігінің Terminals Holding Group компаниясымен бірлескен жоба іске қосылған. Онда инвестор жеке инвестиция салу арқылы ұшу-қону жолағын қайта жаңартып, жолаушылар терминалын кеңейтпек. Бұл үрдіс жолаушылар тасымалының қабілетін 8,5 миллионнан 14 миллионға арттырмақшы. Бүгінде елорда әуежайы БАӘ-нің терминалдар холдингінің бақылауына өткен. Бұдан бөлек, Орал әуежайының 49 пайыз акциясына ресейлік инвестор иелік етеді. Алматы әуежайында түрік-француздық TAV компаниясы жұмыс істейді. Қазір бұл компания әуежайдың өткізу қабілетін 14 млн жолаушыға дейін арттырып, жаңа жолаушылар терминалын салу бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Инвестиция көлемі 245 млн доллардан асады. Сол тәрізді Шымкент әуежайында да инвесторлармен бірлесіп жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жалпы, көлік министрлігінің есебіне жүгінсек, әуежайларды дамыту ісіне шетелдіктер араласса, жүгіміз жеңілдейтіндей көрінеді. Ал Алтынбек Жаппаровтың пікіріне сүйенсек, қазір бізде тозығы жеткен әуежайлар саны артып барады. Тіпті ірі мегаполис Астана мен Алматыдағы әуежайлардың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Мұндайда үкімет шетелдік инвесторлардың көмегіне жүгінері даусыз. Бірақ ол жүгінудің сипаты да ақылдырақ болғаны жөн.
«Жуырда ғана ашылған Түркістан әуежайы вьетнамдық инвесторларға берілетінін естідім. Осы арада көлік министрлігінің ақылды шешім шығарып отырғанына күмәнім бар. Себебі Түркістан әуежайы – жаңа нысан. Бұл әуежайға ең кемі бес жылға дейін жаңа терминалдар салудың қажеті жоқ, техникасы жаңа. Мұндай жаңа, дап-дайын әуежайларды шетелдіктерге беру дұрыс емес. Мұның орнына елдегі тозып тұрған, жөндеуді қажет ететін әуежайларды шетелдік инвесторларға жаңғыртуға, жаңартуға беру керек. Инвестор тартудағы мақсаттың өзі жұмысты алға жылжыту – саладағы олқылықтарды сол инвестордың қаржысы есебінен жөндеу ғой. Осыны ескерсек, дайын тұрған жаңа әуежайды инвестордың қолына ұстатуға болмайды. Мұндай көзбояушылықты қою керек», – дейді маман.
Авиа-сарапшы жаңа әуежайларды шетелдік инвестор түгілі, отандық ірі олигархтардың, ірі кәсіпкерлердің иелігіне де бермеу керектігін айтады.
«Өйткені ол арада терминалдардың барлығын мемлекет өз қаражатына салып берді. Ал енді оны шетелдіктердің басқаруына немесе белгілі бір кәсіпкерлердің иелігіне беретін болсақ, мемлекет сол олигархтың кәсібіне миллиардтап ақша салған болып есептеледі. Жалпы, бізде 20 жылдан астам уақыт бойы әуе компаниялары ғана табыс тауып, әуежайлар табыссыз қалды. Ірі олигархтар басқаратын әуе компанияларына үкімет әуежайды реконструкциялау, қалыпқа келтіру, инфрақұрылымын дамыту тәрізді талаптарды қоя алмады. Олар өз білгендерін істеді. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе әуежайында мультимодельді хаб жасалу керек болатын. Бірақ ол хаб әлі жасалған жоқ. Осыған дейін бұл салада табыс тауып отырған әуе компаниялары мұндай жобаларға араласпады. Өз басым, енді әуежайларды шетелдіктердің басқаруына берсек, саладағы мәселелер шешіле қояды деп сенімді айта алмаймын. Себебі шетелдік инвесторлар да бірінші кезекте өзіне түсетін пайданы ойлайды», – дейді маман.
Рас, осы уақытқа дейін әуе компаниялары әуежайларды дамытуға қатысты үкіметке қызықты механизмдер ұсына алған жоқ. Оларды тіпті елдегі әуежайлардың тозып кеткені де қызықтырмады. Осы уақытқа дейін әуе компаниялары тек рейстердің бағасын белгілеумен айналысты. Қарапайым ғана мысал, қазір ішкі рейстердің бағасы шарықтағаны былай тұрсын, ел ішінде бір қаладан бір қалаға тікелей рейстер таппай қаламыз. Елдің қолдан жасаған қымбатшылыққа көндігуден басқа амалы жоқ. Ұшақ билеттері сағат сайын қымбаттайды. Негізінде, әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны билет құнының 80 пайызын құраса, қалған 20 пайызы – әуежай компаниясының табысы болуы керек. Ал енді дәл ұшу уақыты тақағанда біздегі әуе компаниялары 20 мың теңгенің билетін 120 мың теңгеге шарықтата қояды. Кезінде үкімет әуе компанияларын шетелдіктердің басқаруына бергенде қызмет сапасы артады, салада жаңашылдық орнайды деп үміттендірген. Бірақ қазір, керісінше, қысылтаяң уақытта билет бағасының бұлай динамикалық өсуі елді үнемі шырылдатып келеді.
Енді әуе компаниялары өз алдына, болашақта әуежайлардың нысанын басқаруды шетелдіктердің иелігіне берсек, олардың да күні ертең «тозған әуежайларды қалпына келтірдік, қызметті сапалы еттік, саланы жаңғырттық» деп, тағы да халықты теспей соруға даяр тұрмасына кім кепіл? Тәуелсіздік алған Әзербайжанның, Бакудың әуежайы мен ішкі рейстеріндегі сапа көрсеткіші бізден анағұрлым жоғары. Бұл елдің үкіметі әуежай қызметін үнемі қатаң, мемлекеттік бақылауда ұстап отыр. Негізінде, әуежай кез келген аймақты, елді дамытатын жүйелі сала болуы керек. Ал біздің көлік министрі Қарабаев содан құтыла алмай отырғандай көрінеді.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ