Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:52

Қазақстанның бір өңірінде су тасқыны қаупіне байланысты күшейтілген дайындық режимі жарияланады

Су тасқыны

Қарағанды облысында тасқын қаупіне байланысты күшейтілген дайындық режимі енгізіледі.

25 ақпанда Үкімет хабарлағандай, 1 наурыздан бастап Қарағанды облысында азаматтық қорғау күштері мен құралдары төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жоғары дайындық режиміне көшіріледі.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының тасқын маусымына дайындығын тексерді. Аймақтың су қоймалары мен елді мекендерінің жағдайы бағаланды.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету үшін өңірде:

3 579 адам,

1 047 техника бірлігі жұмылдырылған.

Нұра өзені бойындағы елді мекендер тексерілді.

Қанат Бозымбаев Нұра өзені аңғарында орналасқан Көкпекті, Байқадам, Петровка, Сарытөбе, Ботақара, Шешенқара ауылдарын аралады. Сонымен қатар «Байқадам», «Миньковская» бөгеттері мен Ащысу су қоймасының жағдайы тексерілді.

Шерубай-Нұра өзені бойындағы Қарашоқы, Бесоба, Ақсу-Аюлы, Қайрақты, Нұраталды, Ақсу, Шопа және Красная поляна кенттерінде де мониторинг жүргізілді.

Бұдан бөлек, Самарқанд су қоймасындағы гидротораптың жұмысы және қорғаныс үйінділері (жер және топырақтан тұрғызылған бөгеттер) қаралды.

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, негізгі тасқынға қарсы шаралар аяқталған. Қазіргі уақытта жұмыстар тек Теміртау қаласында жалғасуда. Өңірде:

бөгеттер тұрғызылып, нығайтылған;

жолдардың су өткізу мүмкіндігі арттырылған;

төрт гидротехникалық нысан жөнделген;

материалдық-техникалық және қаржылық резервтер құрылған.

Жалпы алғанда, су басу қаупі жоғары 130 елді мекен (7 аудан мен 4 қала) ерекше бақылауға алынған.

Қазір өңірдегі тасқын жағдайы тұрақты деп бағалануда. Негізгі су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Самарқанд және Интұмақ су қоймаларынан санитарлық су жіберу жүргізілуде.