Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:45, 28 Қараша 2024

Қарашөкеев әдемі көшелермен ғана жүреді

Ербол Қарашөкеев
Фото: из открытых источников

Таразда Махамбет батыр көшесіне ауыз су жүргіземіз деп тендер ұтқан компания жұмысты мерзімінде аяқтамағаны былай тұрсын, көшенің де астан-кестеңін шығарып кеткен.

 Тұрғындар таза құбырдан нәр татпағанына ғана емес, тәп-тәуір асфальт көшелерінің тас-талқанын шығарып тастағанына да наразы. Бүгінде жұмысты жарты жолдан тоқтатып қойған мердігерлердің кесірінен ескі құбыр тесіліп, бүтін асфальт бүлініп, айнала ми батпақ, қарыс қадам жүру мұңға айналды дейді тұрғындар.

«Жұмысшылар кыркүйек айының ортасында келді. Қазып-қазып тастады. Аш ішектей әр жерге шұбатып, құбырларды тастады. Қақпасы жоқ шұңқырлар қауіп төндіріп, ауыр техникалары газ құбырларын да үзіп кеткен. Ісі тиянақты болмаса, осы суықта неге бастайды жұмысты? Ерте көктем, ала жаздай не бітірді? Тендерді әбден қыс түсерде берген әкімдіктегілер де жылда осындай жағдай болатынын біледі. Бұл не сонда? Дұрыс жолды бүлдіріп, келесі жылы тағы ақша жасау үшін осылай істей ме?», – дейді көше тұрғыны Рахима Байбөкенова.

Батпағы белден асып жатқан көшенің балалары мектепке барудан да қалған. Лай-балшық, таяқ тастам жер жүрудің өзі мұң. Такси шақырамын деп те босқа әуре болмаңыз. Бәрібір бұл көшеге көлік кіре алмайды, кіргені тығылып, шыға алмайды. Таксилердің өздері де бұл адресті айтса, ат-тонын ала қашатын болған. Бұл көшенің ғана емес, қаланың өзге тұрғындары да Тараз қаласындағы жолдың жырынан әбден шаршаған.

Ашынған халықтың бірі «Облыс әкімі Қарашөкеев келіп, көшемізді көзімен көрсін» десе, екіншісі «Осы шаруаға тікелей жауапты Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қайда қарап отыр?» деп, көшелеріне қонаққа шақырды.

Қарашөкеев пен Орынбековтің лайы табанға жабысып, балшығы езіліп жатқан көшеге барып, аяқкиім былғап, балағына батпақ жабыстырғысы келмепті. Әлде өз жұмыстарының жүрмей жатқанын көргісі келмеді ме екен, Махамбет көшесіне Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабековті жіберіпті.

Исабеков те халықтың көңілінен шығатын сөз таппады. Облыс пен қала әкімінің неге келмегенін де айтқан жоқ. Әйтеуір бар кінәні мердігер компанияға жауып, жұмыстың келесі жылға қалатынын алыстан болса да жеткізді.

«Махамбет батыр көшесінде ауыз су құбырын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 23 186 338 теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы мердігер анықталған. Мердігер – «J7 Capital» ЖШС. Шарт соммасы – 9 000 000. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың 16 қыркүйегінде басталып, 16 қазанында аяқталу керек болған. Алайда мердігер келісімшартқа сәйкес берілген уақыт ішінде жұмыстарды аяқтамағандықтан, портал арқылы хабарлама жіберіліп, шарт соммасынан 0,1% айыппұл төлейді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары тиянақты жүрмегендіктен және тоқтап қалғандықтан, 7 қарашада мемлекеттік сатып алу заңдарына сәйкес шартты біржақты бұзу хабарламасы жолданды. Егер де, 7 желтоқсанға дейін жұмыстар толық аяқталмайтын болса, заңға сәйкес шарт біржақты бұзылатын болады. Келесі жылы бұл көшені қалпына келтіру жоспарымызда бар», – деп жауап берді әкім орынбасары.

Жұмысы салақ, тірлігі шолақ «J7 Capital» ЖШС-ның 7 желтоқсанға дейін жұмысты аяқтайтыны күмән тудырады. Махамбет көшесінің тұрғындары: «Қарашөкеев пен Орынбеков қаланы аралап жүргенін телеарна-газеттерден, әлеуметтік желіден көреміз. Жақын күндері біздің көшеге келсе, мәселемізді көрсе...» деп облыс, қала әкімдеріне дұғай-дұғай сәлем жолдап қалды.

Бірақ асфальті төселген, қақпалары сырланған әдемі көшелермен ғана жүретін әкімдер, халықтың бұл тілегін жақын арада орындай қоймас.

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы

Тегтер: