Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады
Құрметті Қазақстанның православ азаматтары! Сіздерді Ұлы мереке – Пасха, яғни Христостың қайта тірілу күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Бұл айтулы күн христиан күнтізбесінде ерекше орын алады. Ол махаббатты, үмітті және рухани жаңғыруды білдіреді. Пасха мерекесі мен оның алдындағы ораза сенушілердің санасында жанашырлық, мейірімділік, көршілік татулық және өзара көмек сияқты құндылықтарды қалыптастырады.
Православие қоғамымызда әділдік, бейбітшілік, төзімділік және сенім қағидаттарын нығайтуға зор үлес қосып келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан пасхалық дәстүрлер отбасылық құндылықтарды сақтауға, адамгершілікті нығайтуға, үлкенді құрметтеп, жақынға қамқор болуға тәрбиелейді.
Еліміздің дамуының негізінде – ұлттық бірлік пен конфессияаралық келісім, дәстүрлі құндылықтар мен жан-жақты жаңғырудың үйлесімі жатыр.
Референдумда қабылданған Халықтық Конституция – халқымыздың заң үстемдігі, тұрақтылық, білім мен инновация, табиғатқа құрмет қағидаттарына негізделген прогрессивті мемлекетте өмір сүруге деген ұмтылысының айқын көрінісі.
Ортақ Отанымыздың болашағы үшін жауапкершілік бізге кез келген сын-қатерді еңсеріп, алға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді деп сенемін.
Бұл жарқын мереке әр шаңыраққа қуаныш пен береке әкелсін!
Барша отандастарыма зор денсаулық, бақыт және игі істеріне табыс тілеймін!"
Айта кетейік, Пасха (Христостың қайта тірілуі) – Иса пайғамбардың қайта тірілуіне арналған христиан дініндегі басты мереке. Бұл – жыл сайын күні өзгеріп отыратын, арнайы есептеу жүйесі (пасхалия) бойынша белгіленетін мейрам.