Каспий жағалауынана тағы да 35 итбалықтың өлексесі табылды
Каспий жағалауында итбалықтардың жаппай қырылуы жалғасып жатыр. Тағы 35 өлі итбалық табылды.
Lada.kz басылымының хабарлауынша, Баутино ауылы маңындағы «Асан» мен «Каса» аймақтарының арасындағы жағалаудан 35 итбалықтың өлексесі анықталған.
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, қырылған жануарларды 19 мамыр күні балық шаруашылығы басқармасына қарасты жануарлар дүниесін қорғау қызметінің инспекторлары тапқан.
Сонымен қатар осы аумақта бекіре тұқымдас екі балықтың өлексесі де табылған.
Өлі теңіз жануарлары анықталғаннан кейін экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары теңіз суынан сынама алған.
Ведомство су сынамаларының зерттеу нәтижелері кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Каспий жағалауынан 200-ге жуық өлі итбалық табылғаны хабарланған еді.