Каспийде итбалықтар қырылуына байланысты экологтар су сынамаларын алды
Каспий теңізінің Маңғыстау облысындағы жағалауынан ондаған итбалық пен бекіре тұқымдас балықтардың өлексесі табылғаннан кейін экологтар тексеру жұмыстарын бастады.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің хабарлауынша, 2026 жылғы 2 маусымда зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко қаласының теңіз жағалауынан су сынамаларын алған.
Ведомство мәліметінше, 1 маусым күні теңіз жағалауында Су тұщыту зауытынан бастап Баутино кентіндегі KCA жағалауына дейінгі аралықта 20 итбалықтың және 8 бекіре тұқымдас балықтың өлексесі табылған.
Осыған байланысты экологтар оқиға орнына барып, теңіз суының сапасын анықтау мақсатында зертханалық сынамалар алған.
«Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласы маңындағы теңіз жағалауынан су сынамалары алынды. Сынама қорытындылары қосымша хабарланады», – деп мәлімдеді экология департаменті.
Қазіргі уақытта жануарлар мен балықтардың жаппай қырылу себептері ресми түрде жарияланған жоқ. Сараптама нәтижелері шыққаннан кейін ғана олардың өліміне не себеп болғаны туралы нақты қорытынды жасалмақ.
Айта кетейік, соңғы жылдары Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылу фактілері бірнеше рет тіркелген. Мамандар мұндай жағдайларды теңіздің ластануы, су деңгейінің төмендеуі, жұқпалы аурулар мен табиғи факторлармен байланыстырып келеді.